Мектеп директоры бітірушілерге аттестат толтыру үшін ата-аналардан ақша жинаған
БҚО-да мектеп директоры аттестаттарды толтыру үшін ата-аналардан ақша жинаған, - деп хабарлайды “Opennews.kz”ақпарат агенттігі.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі тексеру қорытындысы бойынша мектеп пен жеткізуші арасында биылғы жылдың 19 мамырында мектепті бітіргені туралы аттестаттарды толтыру бойынша қызметтерді мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасалғаны анықталды.
Мемлекеттік сатып алуды өткізу барысында Тапсырыс беруші техникалық ерекшелікте «Білім туралы мемлекеттік үлгідегі құжаттарды толтыруға қойылатын талаптарды бекіту туралы» ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2007 жылғы 21 қарашадағы № 565 бұйрығының талаптарын сақтамаған, яғни баспа құрылғыларының көмегімен аттестаттарды толтыру көрсетілмеген.
Осыған байланысты, мектеп директоры егер ата-аналар электронды түрде толтырылған аттестат алғысы келген жағдайда, ата-аналардан 1000 теңге сомасында ақша жинау туралы нұсқау берген.
“БҚО бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің араласуынан кейін, түлектердің ата-аналарынан жиналған ақшалай қаражат қайтарылды, жоғарыда аталған бұзушылыққа жол бергені үшін кінәлі тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды”, – делінген хабарламада.