9 жастағы баланың өкпесінен ұзындығы 1,5 метрге жуық катетер сымы табылды
Ресейге ем алуға барған баланың өкпесінен ұзындығы 1,5 метр болатын сым шықты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Қазақстандық отбасы енді ота жасату үшін Италияға бармақ. Негізі 9 жасар балада өте сирек кездесетін жүрек ақауы бар. Оның жүрегінің бір ғана қарыншасы жұмыс істейді.
Ем іздеген ата-ана Новосібірдегі медициналық мекемеге жүгініп, ота үшін төлем төлеген. Отаға дайындау барысында дәрігерлер балаға төрт рет зонд орнатқан. Алайда оның жағдайы күрт нашарлап, уақытша кардиостимулятор қойған. Содан кейін баланың өкпе тұсынан сұйықтық пайда болып, қосымша тексеріс жүргізілген. Рентген кезінде баланың өкпесінде катетерден қалған ұзын металл сым бары анықталды.
Дәрігерлердің айтуынша, бұл сым қан айналымында тромбтың түзілуіне себеп болуы мүмкін. Қазір бала қымбат антикоагулянттар қабылдауға мәжбүр.
Баланың ата-анасы бұл жағдай бойынша Ресейдің Тергеу комитетіне ресми шағым түсірді. Бірақ медициналық мекеме бұл оқиғаға қатысты түсініктеме беруден бас тартқан. Қазір ресми тергеу жұмыстары жүргізілуде, ал бала дәрігерлер бақылауында емін жалғастырып жатыр.







