Қажылыққа аттанған қазақстандықтар алаяққа алданып, қамауда отыр

694

Құрбан айт қарсаңында қажылыққа аттанған сексеннен аса қазақстандық алаяқтарға алданып қалды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Сауд Арабиясына қажылық парызын өтеуге барып, елге кері қайта алмай қалған отандастарымызға қатысты мәлімдеме жасады.


Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлының айтуынша, муфтият бұған дейін Zam-Zam Qazaqstan (заңды атауы – Zam Zam store, - А.Қ.) компаниясының қажыларға қызмет көрсетуге қатысты тиісті лицензиясы, осы жылы ресми қажылық орындарын алған туроператорлар тізімінде жоқ екенін, сондықтан оның қызметіне мүлде жүгінбеу туралы бірнеше рет дабыл қағып, мәлімдеме жариялаған. Сонымен қатар мүфтият қажыларды осыған дейін алдап, далада қалдырған аталған компанияның заңсыз әрекеттері туралы құқық қорғау органдарына шағым түсірген.


Қолдан жасалған қажылық визаларын пайдаланған компания өкілдері шариғат пен заңға қайшы әрекеттерінен әлі күнге дейін тыйылмай келеді. Қазақстан азаматтарын заңсыз жолмен қажылыққа әкелген Zam-Zam Qazaqstan компаниясының жетекшісі Данияр Илиев заң алдында жауап беруге тиіс деп санаймыз. Олар шариғат пен заңды белден басумен қатар, «мүфтият қажылық квотасын сатады, пара алады» деп жала жабуын доғармай, енді «ҚМДБ жалған қажылық квоталарын жасады» деп шындыққа жанаспайтын ақпарат таратуда, – деді ол.


Оның айтуынша, осы жағдайға байланысты діни басқармаға жәбір көрген қажылар мен оның туыстарынан жалған құжат жасап, азаматтарымызды заңсыз жолмен қажылыққа  апарған Zam-Zam Qazaqstan компаниясының директоры мен басқа да жауапты өкілдерін неге құқықтық жауапкершілікке тарту бойынша тиісті шара қолданбайды деген шығымдар толассыз түсіп жатыр екен.


Сондықтан құқық қорғау органдары осы мәселеге тез арада назар аударып, заң бұзушыларды құқықтық жауапкершілікке тарту бойынша тиісті шаралар қолданады деп сенеміз, – деді Ағабек Қонарбайұлы.


Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының хабарлауынша, муфтият қажылық конкурсынан өткен, яғни қажылық сапарын ұйымдастыруға қабілетті деп танылған, мүфтият жариялаған тізімге сай туроператорлар қызметіне жүгіну қажеттігін тағы да қаперге салады. Сонымен қатар «ҚМДБ жалған қажылық визаларын дайындады» деп жала жапқан Zam-Zam Qazaqstan (Zam Zam store)  компаниясының директоры Данияр Илиевтің үстінен сотқа шағым түсіреді.


Олар Алла алдындағы парызын өтеймін деп келген қажыларға қиянат жасады, – делінген хабарламада.


Еске сала кетсек, бұған дейін Zam-Zam Qazaqstan (Zam Zam store) компаниясы қажылыққа аттанған 380 адамды алдап, жалған виза берді деген хабар шыққан болатын.