Бюджет қаржысын жымқырған шенеунік мемлекетке 70 млн теңге шығын келтірді

253

Елордада спортты дамыту дирекциясының басшысы бюджет қаржысын жымқырды деген күдікке ілінді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.


Астана қаласы әкімдігі Спорттың олимпиадалық түрлері бойынша спортты дамыту дирекциясының лауазымды тұлғалары бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді. Істі агенттіктің елордалық департаменті тергеуге алған.


Тергеу мәліметіне сәйкес, 2020-2023 жылдар аралығында шетелде де, республика ішінде де оқу-жаттығулар мен жарыстарға бөлінген іссапар шығындарын асыра көрсету арқылы ақша жымқырылған. Іс жүзінде жұмсалған ақшадан айырма түрінде алынған қаражатты дирекция басшылығы алып отырған. Заңсыз әрекеттерден мемлекетке келтірілген шығын көлемі – 70 млн теңге. Сондай-ақ дирекция басшысының оқу-жаттығу жиындарын қаржыландыру мәселесі бойынша оң шешім қабылдағаны үшін жаттықтырушыдан 4 млн теңге көлемінде пара алғаны анықталды.


Басшыға қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.


Қылмыстық процестік кодекстің 201-бабына сәйкес басқа ақпарат жарияланбайды.