"Ұлым өлген соң жол жасалды": Білім бөлімінің төлемеген қарызынан балалар зардап шеккен

707

Алматы облысы Іле ауданы Арман ауылында білім бөлімінің қарызынан бес оқушы жол апатына түскен, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.


Өткен жылдың қараша айында Алматыдағы ақылы жол терминалы оқушылар автобусын өткізбей қойған. Өйткені білім бөлімі "Қазавтожолға" 60 мың теңге қарыз болған. Дәл сол күні бес оқушыны көлік қағып, үшеуі комаға түсті. Біреуі ауруханада есін жимастан көз жұмды.


"Баламды жерлеп болып автобус жүргізушісінен сұрасам, автобуста балалар болғанына қарамастан, "ҚазАвтожол" терминалда жарты сағаттан астам уақыт жібермей ұстаған. Екі балам зардап шекті. Бірінен айрылып қалдым, екіншісі қызым әлі күнге төсек тартып жатыр. Қаншама ота жасалды, енді тағы бір ота жасау керек", - дейді Сарбиназ Ерназарова.


Көлік соққысының қатты болғаны соншалық бес бала бес жаққа бірнеше метрге ұшып кеткен.


"Сол оқиға болар күні қызым Жібек: "Мама, түс көрдім. Тереземіздің алдына қап-қара бұлт келіп, Сабыржанды алып кетті" деді. Жамандыққа жорымадым. Бұл кесапаттың барлығы Арман ауылындағы жолдың жасалмауынан болды. Әлі күнге өзегім өртенеді. Ұлым өлген соң жол жасалды. Балам ең болмаса осы ауыл халқының бір мәселесін шешуге септігін тигізді деп өзімді жұбатамын", - дейді балалардың анасы Сарбиназ.


[media=https://vk.com/video-212942207_456239624]


Жантүршігерлік апаттан Әлібек есімді жеткіншек те зардап шегіп, комаға түсті. Баланың бас сүйегі сынған.


"Баламның бір көзі көрмей қалды. Міне 7 айдан астам емдеп келеміз, небәрі 20% қана көреді. Ауруханада жатқанымызда Іле ауданының әкімі "ешкімді кінәлі демеңіздер, бар жағдайды жасаймын" деп айтқан. Содан бері әкімнің қарасын да көрмедік. Баламның көзін емдету үшін қаншама ақылы жерге бардық. Мен бес балалы анамын, отағасы ғана жалғыз асыраушы. Бізге көмек керек", - дейді Ақмарал Бұлақбаева.


Ата-аналардың айтуынша, Іле аудандық білім бөлімінің екі жыл бойы төлемеген қарызынан балалар зардап шекті.


"Балам жансақтау бөлімінде жатқан кезде марқұм атам келіп, "Жамандық ойлама, тек жақсыны ойла" деп айтып кетіпті. Біз барлық әділетсіздікті кешіріп келеміз. Ең болмаса жағдайларыңыз қалай деп сұрап қойса да риза болар едік қой. Осы күнге дейін әкімдіктің мазасын алған емеспіз. Осымен үшінші апта болды әкімнің көмекшісіне хабарласып кіре алмай жүрмін. Қабылдауына да жазылып қойдым. Бірақ еш қабылдамады", - дейді Ақмарал Бұлақбаева.


Ақмаралдың айтуынша, Іле ауданы әкімі Қарасаевтың көмекшісі сан сылтаумен ата-аналардың өтінішін кейінге қалдырып келеді. Ал баланы қаққан жүргізушіні ата-аналар кешірген.


"Сотта жүргенде әділетсіздікті көзіміз көрді. "ҚазАвтожолмен" соттасыңыздар, бірақ шеше алмайсыздар деді. Дау қуып жүргіміз келмеді. Жол апатынан өлмей аман қалған баламыздың тілеуін тілейік дедім. Өйткені әділдік боларына сенбедік. Ал жүргізушіге кешірім бердік. Өйткені 70 жастағы анасы алдыма келіп еңіреп кешірім сұрады. Тағы бір ананы баласынан тірідей айырмайын дедім", - дейді Сарбиназ Ерназарова.


Қайғы жұтқан аналардың аудандық білім бөлімі мен "Қазавтожолға" өкпелі.


"Не білім бөлімі, не ҚазАвтожол мамандары келіп ең болмаса "иманды болсын" айтпады. Кешірім сұрап, ақша берсін деп отырғам жоқ. Бірақ бұл жол апаты екі мекеменің керісінен болды ғой. Қызым әлі күнге тұрмады орнынан. Модель болам деп армандаушы еді. Түнде "Мама, әділетті қорғайтын маманды кім деп айтады?" деп сұрады. Заңгер дедім. "Онда мен мықты заңгер боламын, сонда ешбір бала, ешбір мама жыламайды" дейді қызым", - деп Сарбиназ ана тарам-тарам көз жасын сүртті.


Арман ауылы Алматының іргесінде орналасқан. Дәл тұсынан ақылы үлкен республикалық жол түскен. Мұнда жаяу жүргіншіге арналған белгі жоқ. Армандықтар темір шарбақтан аттап өтіп, ағылған көлік арасынан жүгіре кетеді. Күнделікті осы, жұмысқа барып, үйге қайтқанда шүберекке жандарын түйіп өтеді.


Еске сала кетсек, былтыр Алматы облысындағы ақылы терминалда ірі жол апаты болды.