Газ өндіретін ауданның тұрғындары көгілдір отынға жарымай отыр

628

Жамбыл облысының "Амангелді газ-кенін" өндіретін өндіріс ошағы бар Мойынқұм ауданында табиғи газ жоқ, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Аудан тұрғындарының айтатынындайы бар, 1975 жылы ашылған кен орны Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында, Тараз қаласынан 170 шақырым қашықтықта орналасқан. Кен орнын 2003 жылдың 23 қазанынан бастап пайдаланыла бастаған.


Мойынқұм аудандық мәслихатының депутаты Қанат Көшербаевтың айтуынша, жергілікті билік 2018 жылдан бері аудандағы газ мәселесін шешіп беруді уәде еткен екен. Былтыр да бұл түйткіл шешімін таппай қалған. Газ құбырларын тарту жұмыстары биыл да кешуілдей ме деген күмән да жоқ емес.


"Біз Мойынқұм ауданының мәслихатының депутаты Бекболат Өткелбаев екеуіміз депутаттар атынан Парламент Мәжілісіне "Ауыл" Халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан сайланған Ерболат Саурықов және  "Ақ жол" Қазақстан демократиялық партиясынан сайланған депутат Азат Перуашовпен, сондай-ақ  Энергетика вице-министірі Асхат Хасеновпен кездесіп, Мойынқұм ауданын газдандыру жұмыстары басталса деген халықтың тілегін жеткіздік", - дейді Қанат Көшербаев.


Дерекке сүйенсек, Шу ауданы Қонаев ауылының газ құбырына қосылу нүктесінен Мойынқұм ауданы Қылышбай ауылына дейінгі құбырларын тарту жобасы 3 кезеңге бөлінген.


67,5 шақырым болатын (Айдарлы, Бірлік, Биназар) бірінші кезеңнің жобалық құны 18,500 миллион теңгені, 44 шақырымдық (Назарбеков, Көкжелек, Күшаман) екінші кезеңнің жобалық құны 4 миллиард теңге, 35,5 шақырымға жететін (Жамбыл, Мойынқұм, Қылышбай) 3 кезеңнің жобалық құны 4 миллиард теңгені құрайды екен. Жалпы газ құбыры жобасына 26,5 миллиард теңге қаражат қажет.


Мойынқұм ауданы әкімдігіне хабарласып, ауданға газ желісін тарту жұмыстары қашан басталатынын сұрадық.


"Бірінші кезеңінің жобасы мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы №19-0148/22 02.05.2023 жылы алынды. Жобалық сметалық құны 18 500,0 миллион теңге болды. Аталған жобаны қаржыландыру бойынша өтінім беріліп, "Инвестициялық ұсыныс бойынша экономикалық қорытынды" алынды. 2 кезең жобаcы маусым айында 3 кезең шілде айында мемлекеттік сараптамаға ұсынылады. Яғни 2 кезең 30 шілде айында және 3 кезеңнің газ құбыры жобасына болжам бойынша мемлекеттік сараптама қорытындысы 30 тамызда шығады деп күтілуде", - дейді жергілікті әкімдік мамандары.


Ал ауылдар ішіндегі газбен жабдықтау жүйелерін жүргізу бойынша 4 кезеңге бөлініп жобалар әзірленген. Алғашқысында – Айдарлы, Бірлік және Биназар ауылдарына  жалпы құны 1 977,0 миллион теңгені құрайтын жобаға бүгінгі таңда "Сәулет бюро" мекемесінен келісім алынып, ведомствалық сараптамаға енгізіліп, оң қорытындысы алынған. Жобаны қаржыландыру бойынша бюджеттік өтінім ұсынылды.


Екінші жобаға А.Назарбек, Көкжелек және Күшаман ауылдары енгізілген, үшінші жоба – Жамбыл және Қылышбай ауылдары, төртіншісінде Мойынқұм ауылы бар. Әр қайсысының жалпы кұны 1 миллиард теңгені құрайды. Қазір жобалардың құжаттарын жинақтау, яғни тиісті мекемелерден келісім алу жұмыстары жүргізілуде. Аталған жобалар кезең-кезеңімен ведомствалық сараптамаға ұсынылады.


Жалпы Мойынқұм ауданы қарасты 9 елді мекенді газдандыру бойынша 7 жоба әзірленген. Жоба құны 31,477 миллион теңгені құрайды.


Мойынқұм ауданындағы 4 елді мекенді газбен жабдықтау құбырлары мен газ тарату желілерінің  құрылысы жобасының топографиялық, геологиялық түсірілімдері аяқталып, схема  жұмыстары жүргізілуде. Жеткізуші газ құбырларының болжамды ұзындығы – 103,6 шақырым.


Қосылу нүктесі – Қылышбай  және Биназар ауылдарында орналасқан шкафтық газ реттеу станциясы. Ауылы ішіндегі газ тарқату желілері бойынша әр ауылға бөлек жоба әзірленген. Жалпы жоба осы жылдың 3 тоқсанында аяқталады деп жоспарланыпты.