Аралда жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында біршама жұмыстар атқарылды

25

Аралда жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында біршама жұмыстар атқарылды,- деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Соңғы жылдары өзектілігін жоғалтпаған жол-көлік оқиғасы мәселесіне Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше назар аударып, заң бұзушыларды қатаң жазалауды тапсырған болатын. Сонымен бірге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мас күйінде автокөлік жүргізгендерді қатаң жазалау керектігін де тапсырды. Қалаларды дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте Президент: «Елімізде жол-көлік оқиғаларының көп тіркелетіні алаңдатады. Адамдар қаза тауып, жарақаттанып жатыр. Жол апатынан зардап шеккендер саны басқа елдердегі қарулы қақтығыстардан қаза табатындардың санынан кем емес. Жол қозғалысы мәдениеті айтарлықтай төмендеп кетті», – деген болатын.


Иә, көлік құралына деген сұраныстың жоғарылығы апатты жағдайлардың артуына да әкеліп отыр. Тәртіп сақшыларының жол қауіпсіздігі жөнінде айтқандарына мән беріп жатқан жан жоқ секілді. Керісінше, жоғары жылдамдықпен жолдың қарсы жолағына шығып кетіп, кайғылы оқиғаға тап болып жатады. Осыдан келіп жолдың сапасыздығы мен қараусыз жүрген малды кінәлайтыны тағы бар.


Жалпы республика бойынша жыл басынан бері 4 993 жол-көлік оқиғасы орын алған. Жарақат алғандар саны 7 001 адам, оның ішінде 605 адам қаза тапқан. Сонымен қатар аудан тұрғындарына арнайы жол қауіпсіздігі жөнінде көптеген ескертпе жұмыстары жүргізіліп жүр. Таяуда «Жолда қабылдау» акциясы ұйымдастырылып, Арал ауданы тұрғындарына құқықтық кеңес берілген болатын. Көпшілік көкейінде жүрген сауалдарына құқықтық көмек берілді. Атаулы акцияның басты мақсаты –жолда жүру қауіпсіздігін қамтамасыз ету, Қазақстан Республикасы азаматтарының тіркелген жекелеген көлік құралдарын Қазақстан Республикасына әкелуі мен пайдалануының кейбір мәселесі туралы 2020 жылғы 20 мамырдағы Үкіметтің №306 қаулысына сәйкес ішкі істер органдары көрсетілген санаттағы автомобильдерді тіркеу бойынша халық арасында құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізу болып табылады.  Сондай-ақ жүргізушілердің шамадан тыс жұмыс істеуі немесе рульде ұйықтап кетуі себебінен орын алатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қауіпсіздігін арттыру мақсатында ағымдағы жылдың шілде айының 1-31 күндері аралығында Арал ауданы аумағында авариялық-қауіпті учаскелерінде «Рульде ұйықтау» республикалық акциясы өткізіліп келеді.


Тағы бір мәселе, кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдердің көлік жүргізуі болып отыр. Түнгі уақытта көлік тізгінін бермейтін жасөспірімдер арасындағы жол-көлік оқиғасының басты себебі – бір-бірімен жарыса айдау екені анық. Жол бермей «мен бірінші жүруім керек» немесе «менің жолыма түсіп, алдыма шығып кетті» деп ерегесіп жарысатын жасөспірімдер өз өмірлерін қиып келе жатқандығын сезбейді. Салдарынан қателік орын алып, жазықсыз бөтен көлікке соғылып жатады. Бұл мәселенің алдын алу алдымен ата-ананың қолында екендігі белгілі. Сол себепті кәмелет жасқа толмаған балаға көлік айдауға рұқсат бермей, баласының саулығын ойлағаны дұрыс.


Соңғы кездері жол-көлік оқиғасы орын алғандығы туралы жиі құлағымыз шалатын болды. Әрине, бұл дұрыс нәрсе емес. Жауапты мамандар да барынша ескерту жұмыстарын жүргізіп, қауіпсіздік шараларын ұйымдастырып келеді. Дегенмен мұны тыңдайтын құлақ болмағанның салдарынан қаншама адам өмірі қиылды десеңізші?! Жетер жерімізге асықпай-ақ жетуге болады. Осыны есте сақтап, көлік тізгінін ережеге бағына отырып айдағанымыз жөн.