«ТАЗА ҚАЛА»: ҚЫЗЫЛОРДА ӨҢІРЛЕР АРАСЫНДА ҮЗДІК АТАНДЫ

1 615

Фото: Облыс әкімдігіБүгінде Қызылорданы көркейту, көгалдандыру, таза ұстау мәселесіне ерекше ден қойылып, тиісті шаралар қолға алынған, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Қала іргесі кеңейіп, жаңа мөлтек аудандардың саны артуда. 2017 жылдан бері сол жағалау қарқынды құрылыс алаңына айналды. Қазірдің өзінде білім ордасы, Жастар орталығы, саябақтар мен үйлер тұрғындар игілігіне берілген.


Мемлекет басшысының тапсырмасымен бастау алған «Таза Қазақстан» акциясы шеңберінде апта сайын сенбіліктер ұйымдастырылуда. Өйткені, бұл жай ғана маусымдық акция емес, халықтың экологиялық мәдениетін, тазалыққа, ең бастысы, тәртіпке деген жауапкершілігін арттыруды көздейді. Мемлекет басшысы: «Қазақстанымыз таза болуы қажет. Бұл жұмыстар елорда және ірі қалаларда ғана емес, аудандар мен ауылдарда да ұдайы ұйымдастырылуы тиіс», – деп атап өтті. Осыған орай, акцияны жалғастырудың облыстық іс-шаралар жоспары бекітіліп, жұмыс жыл соңына дейін үздіксіз жүргізілмек.


Қазір Қызылорда қаласы аумағындағы санитарлық тазалық жұмыстарының бөлінісі жасалды. Ол бойынша әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандардың қасбетін қалыпқа келтіру, көше, жол бойы тазалығын қамтамасыз ету, жол белгілерін түзету ұйымдастырылмақ. Облыстық басқарма басшылары өздеріне қарасты мекемелердің тазалығын, абаттандырылуын, қасбеттерінің талапқа сай болуын тұрақты бақылауда.


Облыс орталығы тазарып, көркейгенін, бұл бастамаға көңіл толатынын тұрғындар да, қала қонақтары айтады. Мұның барлығы – кейінгі жылдары қолға алынған жұмыстардың нәтижесі.


САРАПШЫЛАР БАҒАСЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» бастамасы аясында Президент Телерадиокешені «Таза қала» атты ауқымды тележобаны қолға алды. Алғашқы түсірілім Тараз, Шымкент, Түркістан, Қызылорда қалаларында басталды.

«Таза қала» тележобасы аясында еліміздің барлық өңірлердегі тазалық жұмыстары бағалануда. Бағдарламадағы деректер эколог, урбанистерге, арнайы сарапшыларға тапсырылады. Мамандар көшедегі тазалық пен тәртіп, коммуналдық қызметтің жұмыс жүйесі, абаттандыру, халық мәдениеті, қала эстетикасы секілді бес критерий бойынша бағалайды. Бұл шығарылымды да Парламент Мәжілісінің депутаты Ерболат Сатыбалдин, «Жасыл даму» АҚ қалдықтарды басқару департаментінің директоры Сәбит Қашқынбаев, урбанист Тұрсын Жиенбаева арнайы көрді және қаланың хал-ахуалына өз бағаларын берді.

«Қаланың келбеті өте жақсы, эстетикалық жағынан да талғаммен өсіп келеді. Бірақ ескі қаланың да проблемаларын ұмытпау керек, әсіресе кәріз жүйелері, қатты қалдықтарды жинау мен шығаруда мәселе бар. Қызылорда ауа райының қолайсыздығына, топырақ құнарының төмендігіне қарамастан, қыруар қаражат бөліп, көгалдандыруға, абаттандыруға ұмтылып жатыр. Бағалауда осы ұмтылыстарын ескердім және Қызылорда қаласы кейін көк желекке оранған қала боларына сенемін», – дейді Ерболат Сатыбалдин.


Сарапшылар қатты қалдықтарды өңдеу мен сұрыптау мәселесі басқа қалалармен ұқсас екенін, қоқыс жәшіктері мен инфрақұрылым жетіспейтінін айтты.

«Сонымен бірге, қала халқының еңбекқорлығын байқадым. Төмен баға қаланың эстетикасына, соның ішінде ғимараттардың келбеті мен жағдайына қойылады», – деді урбанист Т. Жиенбаева.


Жалпы есепте Қызылорда қаласы 20 ұпаймен көш басына орнықты.


2 МИЛЛИОН АҒАШ ЕККЕН БЕКТАЙ АТА

Қызылордада кейінгі жылдары бой көтерген тұрғын үй кешендерінің саны артты. «Арай», «Астана», «Бәйтерек» сынды жаңа мөлтек аудандардағы аулаларды абаттандыруды жұртшылық өз қолына алған. Мысалы, Бердіқожа Кенжебаев өзі тұрған үйдің ауласын жайқалтып қойған. Сегіз жыл бұрын көшіп келген қала тұрғыны ағаш егу, абаттандыру жұмыстарын сол кезде-ақ бастап кетіпті.

«Қызылордада ағаш өсіру қиын. Өзім де талай көшет ектім, шықпады. Ерінбей қайта-қайта талпынып, нәтижеге жеттім. Қазір ауламыз жасыл желекке малынып тұр», – дейді қала тұрғыны.


85 жастағы Бектай Сүлейменов те қаланы абаттандыру, көркейту жұмыстарына өз бастамашылдығымен атсалысады. Бұрынғы агроном бүгінге дейін 2 миллион ағаш өсіріпті. Біразының көшеті елді мекендер көшелерінде жайқалып тұр.

«Күн сайын 8 гектар жерді айналып, ағаштардың күтімін жасаймын. Шыбық егемін, суарамын, шөбін отаймын. Әуежайға бара жатқан жолдағы ағаштардың бәрі – менің көшеттерім», – дейді Б.Сүлейменов.


Қалада бірнеше шақырымдық орталық көшелер бар. Абай даңғылы шаһардың бір басынан екінші басына созылып, басқа да көшелермен жалғасады. Ойын-сауық орталығы да, саябақ та, жағажай да, аквапарктер де осы көшенің бойында. Халық кешқұрым оның бойымен серуендегенмен, мұнда бірде-бір қоқыс кезікпейді. Бұл – қызылордалықтардың тазалық мәдениетінің көрсеткіші.