Қызылордада оңалту орталығындағы науқастар соққыға жығылған

3 766
Қызылордадағы оңалту орталығының қызметкерлері психикалық дертке шалдыққан науқастарды соққыға жыққан, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.



Жүйке жүйесі ауруына шалдыққан жандарды оңалтуға арналған орталық Талсуат елді-мекенінде орналасқан. Мекеме Қызылорда облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының теңгерімінде. Әдетте мұнда ем ұзақ уақытқа созылады. Науқастар арнайы жолдама арқылы жатқызылып, мамандардың бақылауымен кешенді ем қабылдайды. Туыстарының айтуынша, орталыққа жатқаннан науқастардың жағдайы жақсара қоймайды екен. 

Менің інім он жылдан бері психикалық дерті бойынша есепке алынған. Ұдайы дәрі қабылдап жүреді. Жыл сайын Талсуаттағы оңалту орталығына жатады. Бірақ артынан барған кезде үйге қайтқысы келетінін айтып, қызметкерлерге шағымданады. Өткен жылдары денесінің көгерген тұстары болды. Қызметкерлерінен сұрасақ, өзі құлап қалғанын айтады. Беріп отырған тағамдары да құнарсыз. Бұл жағдай қашанға дейін жалғасатыны белгісіз, - дейді Қызылорда қаласының Майра есімді тұрғыны. 


Расымен, оңалту орталығына қатысты шағым әлеуметтік желілерде де көбейген. 12 желтоқсан күні мекемеден психикалық дертке шалдыққан науқас қашып кеткен болатын. Азаматтың мәйіті теміржол бойынан табылған еді. Төтенше жағдайдан кейін орталықтың директоры мен бірқатар мамандары қызметінен босатылды. Бүгінгі күні қылмыстық іс тергеліп жатыр. Оқыс жағдай мамандардың Жаңа жылдық сыйақыдан қағылуына да әсер етті. Ал жоғарыда көрсетілген фотоларға қатысты тиісті мекеме жауап берді. Жауапты басқарма науқастар дене жарақаттарын өз-өздері салатынын алға тартты.

Орталықтың жұмысына бақылау үнемі жүргізіліп отырады. Қызмет алушылардың психикалық мінез-құлығының жиі өзгеруі өздеріне немесе айналасындағыларға қол жұмсауына әкеледі. Қызметкерлерге әл бермей кететін жағдайлар да орын алады. Тиісінше дер кезінде журналға тіркеліп, мамандармен дәрігерлік және психологиялық көмек көрсету жұмыстар жүргізіледі.

Әлеуметтік желідегі ақпараттағы сурет қызмет алушының психикалық мінез-құлқы өзгеруіне байланысты алған жарақаттардың ескі суреті. Мониторинг жүргізу кезінде бұндай жағдай орын алмаған. Орталықта  12 желтоқсанында орын алған оқиғаға байланысты орталық директоры және 5 жауапты қызметкерлер жұмыстан босатылды, - деп мәлімдеді Қызылорда облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының өкілді. 



Сондай-ақ, жыл соңында үнемделген 35 млн теңгедей қаражат жұмысшыларға он екі айдың қорытындысымен сыйақы ретінде берілуі керек болған. Алайда жауапты басқарманың басшылары қомақты соманы облыстық бюджетке қайтарып беріпті. Шенділердің бұл шешімі қызметкерлердің ашу-ызасын тудырды.

Бүгін тиісті сыйақымызды берсін деп талап қойған қызметкерлер орталықта жиналды. Айтуларынша олар соңғы 5 жылдан бері бірде-бір рет сыйақы алмапты. Биыл мекеменің бюджетіндегі 35 млн теңге барлық қызметкерге сыйақы ретінде тағайындалу керек болған көрінеді. Жаңа жыл алдында мекеме қызметкерлерін қуантудың орнына басшылық басқа шешім шығарған.



Қызметкерлердің сөзіне сүйенсек, 
12-желтоқсан күні осы орталықтан қызмет алатын науқас түн ортасында шығып кетіп, мәйіті темір жолдың бойынан табылған. Жұмыс барысындағы салғырттығы үшін жауаптылардың барлығы да жұмыстарынан босатылған. Тіпті қылмыстық іс те қозғалған. Сол оқиғаны желеу еткен басқарма басшысы Ғабит Жаңабаев қызметкерлердің ешқайсысына сыйақы берілмейтінін айтқан. 

Жауапты басқарманың басшысы барлығын сыйақыдан айырғанын да жасырмады.

Мен де қайтарғанды жөн көрдім. Өйткені жаңағыдай жағдай орын алып жатқанда сыйақы алып, мәз болатын көрсеткіші жоқ, – дейді Қызылорда облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғабит Жаңабаев.


Басшылықтың мұндай шешімімен орталықтың қызметкерлері толықтай келіспейді. Ақыл-есінде ауытқуы бар азаматтарға қызмет көрсетудің ауыртпашылығын сезініп жүрген мекеменің ұжымы  енді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевақа шағымданатындығын атап өтті.