Балықтан береке тапқан қазалылық кәсіпкер

39

Қазалылық кәсіпкер берекесін балықтан көріп отыр,-деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.

 «Игіліков Т» шаруа қожалығы – 2006 жылдан бастап балық шаруашылығын дамытуда сүбелі үлес қосып келе жатқан аудандағы іргелі кәсіпорын. Сол уақыттан бүгінге дейін су маржандарын мұздатқышта сақтап, жат елдермен тығыз қарым-қатынас орнатып, сауда жасап, кәсібін ширатып келе жатыр. Қазіргі таңда цех жұмысы алға жылжып, айтарлықтай жетістікке жеткен. Жуырда аталған кәсіпорындағы қызу жұмысты көзімізбен көріп, тыныс-тіршілігімен танысып қайттық.

Өндіріс орнына кіргеннен ондағы мол балықты көз шалды. Барлығы дерлік тісті. Иә, Арал-Қазалы жұртшылығы мұны «алтын балық» атап кеткен. Бағасы да қымбат. Ал мұның көптігі қазіргі сұранысқа сай болуында. Мұндағылардың қызу жұмысқа беріліп кеткені соншалық, айналасына қарауға мұршасы жоқ. Мақсат – уақытылы келіп тұрған балықты аршып, стандартқа сай етіп кесіп, тиісті орындарға тез арада жеткізуді тиянақты орындау.

Бүгінде білікті басшы Төребек Игіліков басшылық ететін бұл орын тәулігіне бір жарым тоннаға дейін балық өнімін шығарады. Мұнда 35-ке жуық адам нәпақасын тауып жүр. Оның 20-сы әйел болса, қалғаны ер азаматтар. Кәсіпорын заманауи құралдарға бай. Жұмысшы теңіз маржанын стандартқа сай кеседі демесеңіз, қалған шаруаны жаңа жабдықтар атқарады. Ал цехқа балық күнделікті келіп, діттеген орынға тұрақты түрде жетіп отырады.

Еврокодпен жұмыс жасайтын орыннан өндірілетін өнімді шетелдіктер тұтынып жүр. Атап айтсақ, Польша, Германия, Нидерланды және Латвия елдеріне ірі балық жеткізіледі. Көршілес ресейліктер кіші балықтарды көптеп сұрататын көрінеді. Жіберілетін балықтардың өзіндік формасы бар екенін айта кеткен жөн. Оны мұндағы жұмысшылар жақсы біледі. Негізгі қатты бақылауға алынатыны оның кесілуі. Өнім дайындалған бойда қорапшаларға салынып, мұздатқышта 10 процент көрсеткішке дейін мұздап тұруы қажет. Қазірде мұндағы балықтарға сұраныс төмендеп тұр. Оған қазіргі әлемдегі ахуал айтарлықтай кедергісін келтіруде. Соған қарамастан кәсіпорын жұмысы тоқтаған емес.

Қазір Төребек Жұмабекұлының балық өңдеу зауыты қажетті құрал-жабдықтармен толықтай қамтамасыз етілген. Тіпті арнайы зертханасы бар. Өндіріс кешеніне сүбе мен балық тұздау және балық қатыратын, сондай-ақ, сақтайтын цехтар кіреді. Сүбе цехы күніне 2 тонна, ал балық тұздау цехы 3 тонна балық өнімдерін өндіреді. Балық қатыратын және сақтайтын цех тәулігіне 20 тонна балық мұздата алады. 600 тонна көлемінде балықты сақтайтын камера жұмыс істейді. Осының бәрі істің көзін тапқан басшының жүйелі ¬жоспар құруының арқасы десек артық болмас.

Т.Игіліков өнімді көбейту үшін 2012 жылы Кіші Арал теңізінің №13 учаскесін иеленеді. Балқаш қаласынан 6 дана «СМБ-40» жылым қайығын және де 60 дана шағын кайық сатып алады. Осылайша, білікті басшы екі жыл ішінде Арал ауданы Ақеспе елді мекенінде тағы бір тоңазытқышты іске қосады. Осында тәулігіне 10 тонна балықты қабылдап, қатыру мүмкіндігі бар. Сондай-ақ 200 тоннаға жететін өнімді сақтай алады. Кіші Арал теңізінде 60-қа жуық балықшы еңбек етуде. Сонымен қатар аусым кезінде тағы 50-ге жуық азамат балық аулайды. Жиырма жылдан аса тәжірибесі бар кәсіпкер зауыттан шығарылған өнімге сұраныс жоғары екенін тілге тиек етті.

– Біздегі өндіріс цехы, балық сақтайтын камера, тұрмыстық бөлмелер халықаралық стандарт пен ЕуроОдақ талаптарына сай салынған. Көксерке сүбесін өңдейтін зауыт 2017 жылы пайдалануға берілді. Оның құрылысы мен жабдықтар шығыны 100 миллион теңгені құрады. Зауыт аумағы қоршалған және арнайы күзетпен қорғалады. Бүгіндері көксерке сүбесі Нидерландияға жөнелтілсе, мұздатылған торта, табан, тісті балықтар Ресейге жіберіледі. Әлі де ойға алған жоспар көп. Оны жүзеге асыру жолы қарастырылуда, – дейді Т.Игіліков.

Кәсіптің көзін тапқан атпал азаматтың жылдар бойғы еңбегі елеусіз қалып жатқан жоқ. Облыс пен аудан әкімдері және Балық шаруашылығы комитетінің Алғыс хатымен марапатталған. Сондай-ақ Қызылорда облысы әкімінің «Үздік табиғат пайдаланушы» және «Үздік балық өңдеу кәсіпорны» бағамын иемденген. Оған Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Құрмет» грамотасы мен Қазалы ауданы әкімінің -дипломын қосыңыз.

Басшының айтуынша, жастардың бұл салаға келгісі жоқ. Орташа жалақы 70-80 мың болса да, бұдан қашқақтайды. Бір сөзінде жасөспірімдердің тек ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүргісі келетінін, бойларын еріншектік басқанын айтып бақты.
 Айта кетейік, қазір шаруа қожалығының басшысы аудандағы өндірістік аймақтан жер алып, жаңа цех ашуда. Онда балық сүйегінен жем шығару жұмысы жүреді. Бұрын балық Алматыға жіберілсе, ендігі жерде бұдан мал азығы әзірленеді. Яғни барлығын қалдықсыз ету көзделуде. Бұл келер жылы іске қосылатын көрінеді.

Денесін қабыршақ жапқан, бірақ қабыршақсыз немесе сүйекті қылтан жапқан түрлері де бар. Желбезекпен тыныс алады, ауамен тыныс алуға бейім органы бар балықтар да кездеседі. Балықтар жыныстық қабілеті жетілгенше тез өседі, олардың өсуі көбіне жыл маусымына, тіршілік жағдайына байланысты. 1 – 2 жыл (кейбір бұзаубас балықтар), тіпті 100 жылға дейін тіршілік ететін балықтар да бар. Жүрегі 2 камералы, қан айналу шеңбері – біреу. Миының құрылысы қарапайым. Көптеген балықтардың иіс сезу, сезім, есту, көру (өте терең және жер асты суларында тіршілік ететіндерінде болмайды) мүшелері жақсы жетілген. Олардың бүйір сызығы судың қозғалысын қабылдайды. Сүйекті балықтардың көпшілігінде денесінің тепе-теңдігін сақтау қызметін атқаратын торсылдағы болады. Ал кейбір балықтарда торсылдақ – тыныс алу органы. Балықтар торсылдақ арқылы өзі шығаратын дыбысты күшейтеді. Қорегінің түріне қарай балықтар: фитофаг, планктофаг, бентофаг, детритофаг, жыртқыштар болып бөлінеді. Балықтардың әдетте дара жынысты, қос жынысты түрлері де бар. Балықтардың көпшілігі сырттай ұрықтанып, уылдырық шашу арқылы көбейеді. Сондай-ақ іштей ұрықтанып, тірі шабақ немесе ұрықтанған уылдырық туатын түрлері де болады (мысалы, акулалар, гамбузия, т.б.). Тіршілігінде олар бірнеше рет уылдырық шашады, бір рет қана уылдырық шашатындары да бар (мысалы, қиыршығыс албырты, кета, т.б.). Уылдырығын судағы өсімдікке, тасқа жабыстырып қоятындары, көміп тастайтындары, тіпті моллюскілердің денесіне тығып сақтайтындары да кездеседі. Балықтар жыл маусымына сәйкес қорегін, қыстауын немесе уылдырық шашатын жерін іздеп, кейде мыңдаған километрге дейін өрістейді. Балықтар – адам үшін қажетті белокқа бай тағам көзі. Оның еті, уылдырығы, ал кейбір түрінің терісі де пайдаланылады, олардан балық майы алынады. Ішінде улы түрлері де кездеседі. Балық аулау шаруашылығы ертеден белгілі, дегенмен оның шарықтау биігі XX ғасырдың 70-жылдарына тура келеді. Осыған байланысты кейбір кәсіптік маңызы зор балықтардың санын азайтпау үшін, олардың табиғи көбеюіне қосымша әр түрлі қолдан өсіру әдістері көмегімен қамқорлық жасалады. Саны өте азайып кеткен, айрықша қорғауға алынған балықтардың түрлері мен түр тармақтары халықаралық және Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген (мысалы, ақ балық, Арал албырты, Арал бекіресі, Каспий албырты, көкбас, т.б.). Ғылыми мақсат үшін кейбір балықтарды лабораторияда өсіреді. Балықтарды аквариумда өсіру кең өріс алуда.