Облыс әкімінің "көмекшілері" кәсіпкерлерден ақша жинаған
Абай облысының әкімдігі өңірде алаяқтықтың жаңа түрі тіркелгенін хабарлап, дабыл қағуда, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Әкімдік өкілдері алаяқтар әлеуметтік желі арқылы әрекет ететінін атап өтті.
"Алаяқтар өзін шенеунік немесе облыс әкімінің көмекшісімін деп таныстырып, қаражат қайтарылатынын айтып, кәсіпкерлерден қаржылай көмек сұрайды", - деп мәлімдеді облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Әкімдік өкілдерінің айтуларынша, мұндай жағдайлар Шығыс Қазақстан облысында да тіркелген. Демек, енді елдің басқа өңірлерінде де болуы мүмкін. Осыған байланысты Абай облысының әкімдігі тұрғындарға ресми түрде ескерту жасады.
"Мемлекеттік органдар қызметкерлерінің мұндай хабарламаларға еш қатысы жоқ және облыс тұрғындарын алаяқтардың айла-амалына бой алдырмауға, қырағы болуға және барлық күдік тудырған жағдайларды дереу құзырлы органдарға хабарлауға шақырады", - делінген үндеуде.