Балалар лагерінде шизофрениямен ауыратын медбике жұмыс істеген
Текелі қаласындағы лагерьлердің бірінде "шизофрения" диагнозымен есепте тұрған медицина қызметкері жұмыс жасаған, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Жетісу облысының прокуратурасына сілтеме жасап.
Облыстық прокуратура 9 балалар лагерінің қызметіне тексеріс жүргізген, олардың жағдайы заң талаптарына сәйкес келмейді.
"Текелі қаласындағы лагерьлердің бірінде "Параноидты шизофрения" диагнозымен есепте тұрған медицина қызметкері анықталды", - делінген хабарламада.
Сондай-ақ Көксу ауданындағы "Қарлығаш" лагерінде санитарлық-эпидемиологиялық нормаларға қайшы, балаларға арналған азық-түлік ветеринариялық-санитарлық сараптама және қауіпсіздік сертификаттарынсыз сатып алынған. Балаларға арналған күнделікті тамақтану нормалары сақталмаған. Ас мәзірінде жаңа піскен көкөністен жасалған тағамдар қарастырылмаған.
Алакөл ауданындағы "Шағала" лагерінде ойын-сауықтыру кешендері мүлдем жоқ.
Бұған қоса тексеріс барысында лагерьлердің барлығында дерлік өрт қауіпсіздігі нормалары сақталмайтыны анықталды. Алғашқы өрт сөндіру құралдары – өрт сөндіргіштер мен өрт гидранттары жоқ, өрт кезінде эвакуациялық жолдардың кедергісіз шығуы қамтамасыз етілмеген.
Сонымен қатар кейбір лагерьлерде мерзімі өткен дәрі-дәрмек сақталған.
"Балалардың лагерьлерде тұруы мен бос уақытын өткізу жағдайы да техникалық нормалар мен қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейді. Негізгі (ғимараттар, үйлер) және қосалқы (ас үй, жуынатын бөлмелер) лагерь ғимараттары тозған, күрделі жөндеуді қажет етеді", - деп мәлімдеді прокуратурадағылар.
Тексеру іс-шаралары жалғасуда. Барлық анықталған заңбұзушылық бойынша прокурорлық қадағалау шаралары қабылданады, деп атап өтті облыстық прокуратура.