"Ту ұстап шыққан азаматты ұстап әкеткен": Қазақстан аймақтарында митингке байланысты жағдай қалай сипат алды

1 518

Күні кеше әлеуметтік желілерде елімізде 25 қазан Республика күнінде митинг болатыны туралы хабарламалар тараған еді. “Интернет өшеді, барлығы жабылады, үйден шықпай отыру қажет”, деген түрлі қауесеттер көпшілікті толғандырғаны сөзссіз,- деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі  Stan.kz порталына сілтеме жасап.

 

Осы тұста құқық қорғаушылар да қызметке дайындалып, жұртшылықты ешқандай шерудің болмайтынына сендірді. Міне, бүгін БАҚ өкілдері ел аймақтарында жағдайды бақылап көшелерді аралады. Сонымен, елді шулатқан Республика күніндегі митинг қалай өтті? 


Астанадағы жағдай:


Мұнда полиция қызметкерлері жай адамдарды Кенесары хан ескерткішіне қарай өткізгісі келмеді. Полиция көліктері мен интернетті өшіретін құрылғылары бар көліктер де байқалды. Дегенмен, митингке келдім деген тұрғындардың қарасы көрінбеді. 


Кейін "Власть" сайты Астанада полиция қызметкерлерінің екі адамды ұстағанын жеткізді. Ал Азаттық сайты алаңға екі әйелдің шығып, қысымға қарамастан бейбіт жиынның өтуін талап еткенін алға тартты. Алайда, басылымның мәліметінше, бұл әйелдерді полицейлер журналисттердің көзінше ұстауға батпапты. 


Алматыда 


Мұнда Орталық саябақта жүрген 3 адамды полиция ұстап әкеткен. Сондай-ақ тағы 2 адам ұсталды. Оқиға орнында жүрген тілшіміз автозаг (полиция көлігі) жақтан тағы бір адамның “Алға, Қазақстан” деп айқайлаған дауысы естілгенін жеткізген болатын. Түс кезінде ұсталғандар саны  6 адамға жетті. Жалпы ұсталғандардың кейбірінің айтуынша, олар жай саябақта серуендеп жүрген.


Алматыда да бақылау мен тексеріс күшейген. Орталық саябақ пен алаңдар жіті қадағалауға алынған. Мұнда күндіз 88 жастағы соғыс ардагері келіп, барлық мәселелерді бейбіт жолмен шешуді ұсынып, қақтығыстан аулақ болуға шақырды.


Қарағанды


Азаттық порталының мәліметінше, мұнда орталық саябақтың кіреберісіне үлкен техника қойлып, полицейлер күзеті қарқынды жұмыс істеген. Дегенмен, техника түстен кейін алынып тасталған.


Шымкент


Бұл қалада көшелер жабылмады. Дегенмен, құқық қорғаушылар мұқият жұмысқа кіріскен. Атап айтқанда, полиция Бейбітшілік көшесінің бойында орналасқан Арбатты және оған жақын орналасқан Республика көшесі мен Момышұлы көшесінің қиылысы маңайын бақылауда ұстады. Ал алаңға келген бір ғана Ермек Қуанышбай атты белсенді азаматты құқық қорғаушылар ұстамады. 



Оралда  – Мәншүк Мәметова алаңы аса назарға алынды. Мұнда митингке шыығушылар болмағанымен, Азаттық порталының мәліметінше, алаңға ту ұстап шығып тұрғындарды құттықтамақ болған азаматты полицейлер ұстап әкеткен. 


Атырауда – Махамбет-Исатай алаңы күзетілген. Бұл қалада да митингке шығамыз дегендердің қарасы көрінбеді. 


Міне, осымен бүгінгі мереке қарсаңында болады деген митинг осындай көрініс тапты. Құқық қорғаушылар алаңда бой көрсеткендерді ұстады. Дегенмен, олардың арасында митингке шығатын ниеті болмағандардың бары анық. Алайда тілшіміздің айтуынша, алаңда қарапайым халыққа қарағанда полиция қызметкерлері көп болған. Журналисттер де осы тұста “құдды полицейлер шеруінде” жүргендей болғандарын айтады. Қазір ел аймақтарында жағдай тұрақты.