Қазақстанда 1,5 млн адам несиесін уақытынан кешіктіріп төлеп жүр,- деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
«Бүгінде біз микроқаржылық ұйымдар, банктер және коллекторлардың балансында берешегін 90 күннен кешіктіріп төлеген қанша қарыз алушы барын анықтау үшін талдау жүргіздік. Нәтижесінде 1,5 млн адам несиесін уақытында төлей алмай жүргенін анықтадық. Олардың микроқаржылық ұйымдар мен банктерде несиесі бар. Төленбеген несиенің бір бөлігі коллекторларға берілген», - деді Олжас Қизатов.
Агенттік төрағасының орынбасары проблемалық қарызы бар тұрғындардың тізімі жасалғанын айтты.
Біз әрбір банк, микроқаржылық ұйым және коллекторлық агенттікпен жеке жоспар құрдық. Осылайша, нақты қарыз алушылардың тізімін жасадық. Әрбір банк және микроқаржылық ұйыммен борыштың жүктемесін қалай төмендетуге болатынын анықтадық, - деді ол.
Агенттік өкілінің пікірінше, бұл мәселені шешудің бірнеше жолы бар. Егер борышкердің несиені төлеуге мүмкіндігі болмаса, біз банк және микроқаржылық ұйыммен ақылдасып, несиені кешіру жағын қарастырамыз. Сондай-ақ қарыз алушының қаржылық мүмкіндігі болса, алайда оның қаржылық жағдайы нашарлап кетпес үшін біз банктермен бірлесіп, несиені қайта құрылымдау жағын пысықтаймыз.
2024 жылдың соңына дейін барлық 1,5 млн адаммен (банктер мен микроқаржылық ұйымдар – авт.) несие жүктемесін азайту үшін жұмыс жүргізуі керек, - деді Олжас Қизатов.
Сонымен қатар ол проблемалық қарызы бар қазақстандықтарға жаңа кредит алуға тыйым салынуы мүмкін екенін атап өтті.
«Болашақта кредит төлеуден қиналатын жаңа қарыз алушылар болмас үшін, біз проблемалық несиесін толық жаппағандарға жаңа кредит алуға заңмен тыйым салуды ұсынамыз. Мысалы, қарыз алушының басқа банкте немесе микроқаржылық ұйымда мерзімі өтіп кеткен несиесі болса, онда ол проблемалық несиесі жабылғанға дейін жаңа кредит алуына заңмен тыйым салынады. Сондай-ақ біз тұтынушылық несиенің максималды мөлшерін шектегіміз келеді. Бұл қарыз 100 млн теңгеден асатын сомаға жиі берілетінін көріп отырмыз. Кейде қарыз 1 млрд теңгеге дейін жетеді. Бұл кәсіпкерлік мақсатта алынған қарыз болуы мүмкін. Біз халықтың берешегін көбейтпес үшін тұтынушылық қарыздың жоғарғы деңгейін шектегіміз келеді», - деді агенттік төрағасының орынбасары.