Қызылордада көпқабатты үйден өрт шығып, екі адамды күйік шалды

1 604

Қызылордада жаңадан салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйден өрт  шығып, екі адамды күйік шалды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Бүгін 12 желтоқсанда сағат 11.00-де Желтоқсан көшесі бойында салынып жатқан көпқабатты «Мерей» тұрғын үй кешенінің екінші қабатында орын алған. Сыйымдылығы 50 литр газ баллоны жылытқышының газ-ауа қоспасының жылыстауы салдарынан пластикалық терезелер, 22 газ жылытқышы және электр сымы өртенген.


«Өрттің жалпы ауданы – 48 шаршы метр. Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары автосаты көмегімен 8 адам құтқарды. Өрт сағат 12.00-де оқшауланып, сағат 12.08-де толық сөндірілді. Оқиға орнында күйік шалған 1969 және 1970 жылғы жұмысшылар ауруханаға жатқызылды. Дәрігерлер 1970 жылы туған азаматты денсаулығының жақсаруына орай үйіне жіберді», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық Төтенше жағдайлар департаментінен.



Ведомство мәліметінше, Қызылорда облыстық Төтенше жағдайлар департаменті, Апаттар медицинасы орталығының филиалы, Полиция департаменті, жедел медициналық жәрдем бригадасы, Қызылорда электр торабын тарату мекемесінің мамандары жұмыс істеген.