"Мал сатып алынбаған": мемлекеттен миллиондап несие алған экс-депутаттың басы дауға қалды

1 531

Фото: ашық дерек көзіАқтөбе қалалық сотында Қобда ауданы мәслихатының экс-депутатына қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр. Іс материалдары бойынша "Сыбаға" бағдарламасымен бөлінген ақшаға мал сатып алынбаған не кері қайтарылмаған. Бүгін сотта жәбірленуші тараптан жауап алынды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі. 

Аудандық мәслихаттың экс-депутаты Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағымен аса ірі көлемде алаяқтық жасады деген күдікке ілінді. Экс-депутат 457 млн теңгені заңсыз иеленді деген айыппен келіспейді. Бүгін сотта жәбірленуші ретінде танылған "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ өкілінен жауап алынды. 

"2021 жылы 11 қазанда "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ-ы мен "Қобда Агро" шаруа қожалығы арасында 780 млн теңгеге келісім жасалды. 1200 бас асыл тұқымды ірі қара алуға ақша қарастырылды. Аграрлық несие корпорациясының комиссиясы қаржы бөлуге келісті. Үстемақысы - 16 пайыз. Несие 10 жылға есептелді, яғни, 2031 жылға дейін. Шаруаға бірінші траншқа 390 млн теңге аударылды. Қарыз алушы "Герефорд Органик" ЖШҚ-нан ірі қара алуы керек еді. Бірақ қаржы ол компанияға аударылмады. Аграрлық несие корпорациясының тексерушілері мұны анықтап, ақшаның "Талан" шаруа қожалығына аударылған білді. Оның басшысы туысы болып шықты. Нәтижесінде ақша мақсатты жұмсалмаған. Мал сатып алынбаған, ақша қайтарылмады. Қызметтік тексеруден соң бәрі анықталып, іс қозғалып тұр. Қызметтік тексеру кезінде "Герефорд Органик" ЖШҚ-на хат жіберілді. Олар шаруаның мал сатып алмағанын айтты. Кейін шаруа басқа келісімге келгенін айтып, құжат көрсетті. Бірақ ол компаниядан сатып алуға Аграрлық несие корпорациясының келісімі жоқ", - деді сотта Аграрлық несие корпорациясының өкілі. 


Сот материалдарына сүйенсек, заң бұзушылықтар корпорациядағы мониторинг жұмыстары кезінде анықталған. Айыпталушы мүйізді ірі қара алу үшін "Сыбаға" бағдарламасы арқылы 2020 жылы өтініш жасаған. Сұраған қаржының жартысы, 390 млн теңге 2021 жылы шаруа қожалығының есепшотына түскен. Айыпталушының қорғаушылары несие құжаттарын рәсімдеген қызметкерлерді сотқа шақыруды сұрады.