"11 сағат жұмыс істейміз": гипермаркет қызметкерлері ереуілге шықты

1 502

Фото: видеодан скриншотҰлытау облысындағы дүкендер желісінің бірінде қызметкерлер еңбекақысы дұрыс төленбейтінін айтып, наразылық білдірді. Олар айлығы мен тиісті сыйақысы уақытылы берілмесе, жұмысқа шығудан бас тартатынын жеткізді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі. 

Осыдан 5 жыл бұрын Ұлытау облысы Кеңгір кентінде ірі гипермаркет өз жұмысын бастаған. Одан бөлек, Жезқазған мен Сәтбаев қалаларында сауда орнының бірнеше шағын дүкені бар. Бүгін осы ірі сауда желісінің қызметкерлері наразылық танытты. Еңбекақыларының тек 75 пайызы ғана беріліп, қосымша атқарған жұмыстарына ақы төленбеген. Жаппай қарсылық білдірген сатушылар бұл мәселеге қатысты басшылықтың жауап беруін талап етіп отыр. 

"Біз еден жуамыз, қар күрейміз, қапшық-қапшық ұн тасимыз. Клиент алып тұрған күріш пен қантты көтеріп береміз. Жүк таситын ешкім жоқ. Әр сатушыдан сөз естиміз. Осы айда 10 теңгеден жинап, айлық берді. 11 сағат бойы осында жұмыс істейміз. Толық айлықты, сыйақыны алмай бұл жерден кетпейміз", – деді сатушы Гаухар Бажкеева. 

Сауда орнының коммерциялық директоры кәсіпте қаржылық мәселе туындағанын айтып, соған сәйкес аудиторлық тексеру жүріп жатқанын алға тартты. Оның айтуынша, түйткілдің түйіні тексеру нәтижесінен кейін шешіледі. Бірақ қызметкерлер 100 пайыз жалақысын алады деп сөзін толықтырды. 

"Жұмыскерлерге 100 пайыз жалақы беріледі. Қазір тексеріс жүріп жатыр. Соның қорытындысын күтеміз. Қаржылық проблема бар", – деді дүкендер желісінің коммерциялық директоры Қайсар Төлен. 

Айта кетейік, сауда нүктелерінің шағын маркеттерінде 80 қызметкер, ал гипермаркеттің өзінде 200-ден астам адам жұмыс істейді.