Оқушыны құтқармақ болған директорды ит қапты
Қосшыда көше кезген бұралқы иттің бірі мектеп оқушысы мен оған көмектесу үшін жүгіріп шыққан мектеп директорын да қауып алды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Суыт оқиға кеше кешкісін ымырт қараңғысына таяу болған. Қазір Қосшы қаласының әлеуметтік желілерінде халық шулап жатыр. Тұрғындар ащы жанайқайы мен әкімдікке наразылықтарын білдіріп жатыр. Олардың айтуынша көше бойында ондаған қаңғыбас иттер өріп жүргенімен иттер мүлде ауланбаған. Ақыры арты осындай оқыс жағдайға душар еткен.
Кешкісін 19.00 шамасында ІТ мектебінен оқушылар мен ересектер мектептен шыққанда қатты қорыққан бір бала мектеп ғимаратына қайтып оралған. Ол мектептің жанында оны тұра қуған бұралқы иттен қашып үлгерген. Алайда, ит баланың сөмкесін дар айырып үлгеріпті.
Оқиға куәгерлерінің айтуынша бала бір минуттай үнсіз тұрып қалып, не болғанын түсінгеннен кейін бақырып жылай бастаған. Балалардың мұғалімі бұл кезде оқушыларды жинап алып, баланың ата-анасына хабар береді. Осы кезде көшеге жүгіріп шыққан мектеп директоры аз уақыттан соң бір қолын жаралап қайтады. Мектеп директоры күрекпен итті жасқамақ болғанда ит оның қолынан қауып алған.
Айта кетсек, тұрғындардың айтуынша мектептің жанындағы Абылай хан көшесінде екі айдан бері көше жарығы мүлде жанбай қалған. Бұралқы иттер мектептер ғана емес балабақшалар және басқа да мекемелердің қасында топталып жүріп балалар мен жүргінші адамдардың талай мәрте үрейлерін алған. Әлеуметтік желілерде иттерді аулауды талап еткен жазбалардан көз сүрінеді. Бірақ жергілікті атқарушы билік тарапынан еш әрекет болмаған.
Ақмола облысы қоғамдық кеңесінің мүшесі әрі мәслихат депутаты Ирина Осипованың айтуынша бұралқы иттер мәселесі бойынша былтыр күзде жазған жазған депутаттық сауалдардың өзінен де еш нәтиже болмаған.
Қосшы қаласында қаңғыбас иттің адамдарға шапқаны жайлы полициядан да жауап келді.
Қазіргі уақытта әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 407 бабы бойынша жауапкершілікке тарту үшін ит пен оның иесінің қайда екенін анықтау шаралары жүріп жатыр.