Жер сілкінісінен қорыққан әйел үшінші қабаттан секіріп кеткен
Алматыда жер сілкінісі кезінде үшінші қабаттан секірген тұрғын жансақтау бөлімінде жатыр,- деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Алматыда өткен түні болған жер сілкінісінен жалпы 67 адам зардап шекті. Жарақат алғандардың арасында 12 бала бар. Бес тұрғын әлі ауруханада жатыр.
Шырт ұйқыда жатқан тұрғындар жер сілкінісін сезген кезде жапа-тармағай сыртқа ұмтылған. Қысылысып-сығылысып үстіңгі қабаттан төмен қарай түсіп жатқан сәтте кейбірі құлап мертіккен. Зардап шеккендердің басым бөлігі ауруханаға бас жарақаты мен сіңірлерінің созылуымен түскен. Оның 55-і ересек адамдар болса, қалғаны балалар. Көбісі үйінен емделуге жіберілген. Ал жер сілкінісінен зәресі ұшып үшінші қабаттан секіріп кеткен 33 жастағы әйел қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Оған ота жасалды. Алған жарақаты ауыр дейді дәрігерлер.