"Ұстазымнан жәбір көрдім" деген студент өзге мұғалімдердің буллинг жасағанын айтты

1 736

Фото: Ашық дерек көзі"Ұстазым қол жүгіртті" деп мәлімдеме жасаған Астана медициналық университетінің студенті мұғалімдерден қысым көріп жүргенін айтты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап.


Елордадағы медицина университетінің 4-курс студенті 17 қарашада болған оқиғаны жиіркенішпен еске алады. Айтуынша, емтиханды қайта тапсыруға шақырған ұстазы сол күні ерекше ізетті, сыпайы болып көрінген. Дәрісханаға кірген бойы есікті құлыптап, терезелерді жапқан соң, профессор "теориядан практикаға" көшкісі келетінін айтқан.


“Маған "төс тартқышыңды көтер, мен жүрек қағысыңды тыңдауым керек" деді. Қорыққаным соншалық, есік-терезе жабық , ойлаңызшы, не істерімді білмей, айтқанын бұлжытпай орындадым. Сосын көкірегімді умаждап ұстай бастады. Бір орында қатып қалғанымды ғана білемін. Шамамен бір минуттан кейін есімді тез жиып алдым да, ағайға "мен қорқып тұрмын" деп айттым. Сонда оның маған айтқан бар жауабы: "Неге қорқасың? Мен бар болғаны денсаулығыңды тексеріп жатырмын", – дейді Аида Жампейісова.
Деканатқа көз жасын тыя алмай жеткен студенттің жанайқайына ешкім құлақ асқапаған. Қайта "түймедейді түйедей етесіңдер" деп, өзге мұғалімдер келеке қылды, дейді Аида Жампейісова. 
“Маған жыныстық азғындық жасаған мұғалімнің отбасы менің ата-анама тікелей қысым көрсетті. Инстаграмда әке-шешемнің аккаунттарын белгілеп, "қыздарыңның тірлігі оңып тұрған жоқ" деген пікірлер қалдырып, кінәні өзіме жаппақ болды. Одан кейін универститет мұғалімдерін де маған қарсы үгіттеді. Сабақта өзге мұғалімдер әріптесін қолдап, маған қысым көрсетті”, – дейді Аида Жампейісова.

Студенттің инстаграмдағы жазбасынан кейін профессордан жыныстық зәбір көрген әр жылдардағы тәлімгерлер өз естеліктерін жарыса жазуда. Аидадан бөлек тағы үш студент дәл осы мұғалімнен сексуалдық сипатта "жәбір көрдік" деп полицияға шағымданыпты.

“Қазір менің қорғауымдағы жәбірленушіден бөлек тағы үш азамат профессорға қатысты арыз жазды. Оның екеуі студент, ал біреуі оның пациенті екен. Яғни ол университет қабырғасынан тыс жерде ем-дом жасап, қол жүгірткен”, – дейді адвокат Саида Сүлейменова.

Жәбірленушілердің айтуынша, кей мұғалімдер медициналық тексеріс жасау кейпінде жас қыздардың әр жерінен бір ұстауды үйреншікті құбылысқа айналдырған. Жапа шеккендер мұндай мұғалімдердің атын атап, түсін түстегісі келмейді. Ал айтқандарының ізіне қазір өзге мұғалімдер түсіп, буллинг жасауда.

Қазір осы қыздардың арызы бойынша Сарыарқа ауданының полиция бөлімі істің мән-жайын анықтау үшін сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын бастап кеткен.

“Медициналық университет студентінің арызы бойынша Сарыарқа ауданының полиция бөлімі ҚР Қылмыстық кодексінің 121-бабы “Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері” бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады”, – дейді Астана қаласы Сарыарқа ауданы полиция басқармасы тергеу бөлімінің бастығы Нұрсұлтан Есіркепов.

Универститет әкімшілігі оқиға бір шешімін тапқанша қызды оқудан шеттетіпті. Студент полицияға арыз жазып адвокат жалдағаннан кейін ғана сең орнынан қозғалған. Сөйтіп профессор жұмыстан шығарылған. Бірақ өзі тағылған айыпқа қатысты жауап берген жоқ. Ал Аидамен қатар арыз түсірген студенттер де профессорға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын қалайды. Қысыр әңгімеден басын арашалап, материалдық өтемақы талап етеміз деп отыр.