Самса сататын дүңгіршектердің бірінде тышқан қаптап жүр
Семей қаласының тұрғыны әлеуметтік желіге базар маңындағы самса сататын дүңгіршектегі жантүршігерлік жағдайды жариялады, - деп хабарлады "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Massaget.kz сайтының дерегінше, қала тұрғыны «Жансая» базарының дәл алдында орналасқан самса сататын дүңгіршектегі жиіркенішті жағдайды телефонына түсірген. Онда самса арасында кеміргіштің емін-еркін тайраңдап жүргенін көруге болады. Видео әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Тұрғындардың сөзінше, ол жерді тексеріп, шара қолдануды сұраса, кейбіреуі тіптен даладан тамақтанудан бас тарту керек.
Massaget.kz тілшісі тобы барған уақытта дүңгіршек құлыптаулы, есігі тарс жабық. Иелері сыртына «жабық» деген жазуды да іліпті. Самса жеген тышқан видеосы санитарлық қызмет өкілдерінің де назарын аударған. Семей қалалық эпидемиологиялық бақылау басқармасы мамандары бұл тамақ сату орнының иелеріне әкімшілік хаттама толтырыпты.