Егер кене шақса, неше сағатта дәрігерге көріну қажет?

185
Кене шаққан соң 72 сағатқа дейін дәрігерге жедел қаралу керек, - деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.

Табиғатта, таза ауада тынығушыларға, саяжайда жұмыс жасаушыларға, малды күтіп - баптаушыларға, жеміс-жидек терушілерге кенелерден абай болуын ескертеміз. Зиянкесті өзімен бірге шыны ыдысқа алып келгені жөн. Себебі табиғаттағы кенелердің 1.5 - 2.0 пайызында ғана кене энцефалитінің қоздырғышы болады. 
Кенеден қауіп сәуір айынан қазан айына дейінгі аралыққа  созылады, бірақ ең қауіпті кезеңі - мамыр, маусым, шілде айлары, себебі кененің көбейетін кезі - осы уақыт.
Кене шаққан уақыттан бастап кешіктірмей жергілікті емдеу алдын алу мекемелеріне қаралып, медициналық көмекке жүгіну қажет.


Кененің сілекейімен бірге қанға түсетін вирустар аса қауіпті. Оның салдарынан адам кенелік энцефалит және Конго-Қырым геморрагиялық безгегін жұқтыруы мүмкін.
Жамбыл, Қызылорда, Алматы, Павлодар, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарында көктем - жаз айларында кенелер жиі кездеседі.
Кене шаққан кездегі басты белгілер: кене шаққан кезде адамның басы қатты ауырып, дене қызуы 37-39 градусқа дейін көтерілуі мүмкін. Тіпті, дене қалтырап, тері бөртіп қызаруы да мүмкін. Сондай-ақ бұлшықет ауырып, адамның тыныс алуы қиындайды. Адамның тамаққа деген тәбеті жоғалып, жиі шаршайды.


Кененің негізгі қорегі – қан. Сондықтан бұл жәндіктер адамдар мен жануарларды қан сору үшін шағады. Ол адамды шаққан кезде, сілекейімен бірге қанға жұқпалы вирустар енуі мүмкін. Бұл – адам өміріне өте қауіпті. Тіпті адам өліп кетуі мүмкін. Теріге енген кенені бірден алып тастау оңай емес. Сондықтан дәрігердің көмегі қажет.
Егер дәрігерге қаралуға мүмкіндік болмаса, теріге жабысқан қауіпті жәндікке вазелин жағып немесе өсімдік майын құю керек. 5 минуттан кейін пинцет немесе жіп ілгегінің көмегімен кенені тартып аласыз. Бірақ  өте сақ болуға кеңес береміз. Қан сорып жатқан кенені тұмсық астынан жіңішке жіппен байлап, асықпай, кене мұртшаларын толық шығарғанға дейін ақырын тарту қажет. Егер кененің басы толық шықпай теріде қара дақ түрінде қалып қойса, бірден дәрігерге бару керек. Қауіпті жәндікті теріден алған соң, оның орнын йодпен немесе спиртпен зарарсыздандырған жөн. Сондай-ақ қолды мұқият жуып, оны йод немесе спиртпен сүрту керек. Өйткені кене қан сорған кезде оның жұқпалы вирустары денеде қалып қою мүмкін.
Осыдан соң, адамның 3 апта бойы өз денсаулығына мұқият болғаны жөн. Аурудың белгілері анықталған жағдайда (дене қызуының көтерілуі, бас ауруы, әлсіздік) бірден дәрігерге тексерілуі қажет!