Қызылордада ауыз су мәселесі ауыз толтырып айтар жағдайда емес

5 047

Қаламызда ауыз су мәселесі әлі күнге дейін шешімін тапқан емес, - деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.

 

Бүгінгі таңда таза ауыз су мә­селесі адамзат баласы үшін өзекті болып отыр. Ғылыми зерттеулерге сүйенсек, жер шарының 74 пайызын су алып жатыр. Соған қарамастан, бүкіл әлемде су тапшылығы бар. Соның ішінде, әсіресе таза ауыз су мәселесі өзекті. Су ішетін арығы жоқ елдің сүзіп алатын балығы жоқ – дейді халық даналығы. Қазақ жерінде қара судан таршылық көрген халықтың қарасы басым. Аяқ судың жыры бір бөлек әңгіме. Сырдың жағасында тұрып, табан суға жарымаған жергілікті халықтың жыры басқа. Табан судың таптырмайтыны белгілі. Десе де ауыз судың мәселесі де әлі күнге дейін шешілген емес. 


Арай мөлтек ауданында ауыз судың орнына түсі өзгерген сұйықтық ағуда. Тұрғынның айтуынша, бір емес бірнеше рет осындай жағдай» орын алған дейді. 


«Ауыз судың құбырынан қара нәрсе ағады. Бұл бірінші рет емес. Хабарлассақ айдап жатырмыз деп құтылады. Дүкендегі фильтрленген суды ішіп отырмыз. Күндегісін күнде сатып аламыз. Ал, кіріміз, жуынуымыз ол да бір үлкен мәселе.», -дейді Арай-2 мөлтек ауданының тұрғыны Мадина.


 


Көпқабатты тұрғын үйдің кранынан иісі бар лай аралас сары ауыз су аға бастаған.  


«Біздің Қызылордада әсіресе Арай мөлтек ауданында қараңыз, құбырдан   осындай су ағады. Краннан кола ағады.», -дейді видео авторы.



Ал, жергілікті билік тұрғындарға ерекше жазба қалдырған. 


«4 наурыздан бастап "Арай"  тұрғын аудандарындағы ауыз су  сапасын жақсарту мақсатында құбырларға толық тазалау жұмыстары жүргізілетін болады. Соған байланысты 28 ақпаннан бастап даярлау шаралары бастау алды. Уақытша ауыз су өшіріліп, қозғалтқыштарын ауыстыру жұмыстары жүргізілгендіктен ауыз су лайланған болатын. Мекеме мамандары хабардар, жуып-шаю бойынша жұмыстарды жүргізіп жатыр.» ,- делінген жазбада.


Демек, тұрғындар бір емес бірнеше күн дәл осы «коланы» тұтынуға мәжбүр болғаны ма?