Желіде алаяқтар тірі баланы өлді деп, жаназасына ақша жинаған
Ғаламторда кәмелетке толмаған балалардың суретін рұқсатсыз жариялап, көңіл айтқан алаяқтың жазбасы тарады. Күдікті желі арқылы жеткіншектерді көз жұмды деп жалған ақпарат таратып, жаназасына ақша жинаған, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Астана арнасына сілтеме жасап.
Баласының суретін желіде көрген ата-ана есеңгіреп отыр.
Парақшада алаяқтар бірнеше жеткіншектің суреті жарияланған. Тіпті, оны көргендер ақша салып та үлгерген. Қазалы хабар балалардың ата-анасына да жеткен. Алдымен таныстары 6-сынып оқушысының анасына хабарласып, көңіл айтыпты. Есеңгіреп қалған ана алғашында түсінбей, кейін ол алаяқтардың әрекеті екенін ұққан.
Желідегі бұл хабар біраз адамды дүрліктірді. Пікір екіге бөлінген. Бірі – алаяқты маньякқа теңесе, енді бірі бұл оқиғаға ата-ананың өзін кінәлайды.
Ата-ананың көбі балдырғанының фотосын өздері желіге жариялайды. Күдікті оны ашық дереккөзден алған. Белсенділер сақтықта қорлықтың жоқ екенін айтады. Отбасылық суреттерді барынша желіге жарияламауға кеңес береді.
Ата-аналар полицияға арыз жазған. Әзірге тек парақша иесінің суреттерді Семейден салып отырғаны анықталды. Ол табылған күннің өзінде, қандай да бір жауапкершілікке тартылуы екіталай.
Балалардың құқығы қорғалуы тиіс. Бұл туралы біраздан бері айтылып келеді. Жаңа заң да қабылданды. Бірақ алаяқтар айласын тияр емес. Ақша табудың тәсілі болса болды, қалғанына бас ауыртып жатпайды. Қазір желідегі белсенділер мәселені дереу қадағалауға алу керегін жазып жатыр.