Жаңақорғанда жасыл мектеп іске асты

1 554

Жаңақорған ауданында тұңғыш рет «Жас зерттеуші » жобасын бастаған Жайылма ауылындағы №195 мектеп гимназиясы ұжымы өскелең ұрпақтардың экомәдиниетін қалыптастырып, қоршаған ортаны аялау мақсатында «Жасыл мектеп» деңгейіне көтерілді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Жайылма ауылында қауын-қарбыз егетін 12 шаруақожалық иелері бар. Олардың көбі Өзбекстан елінен көшет-тұқымдарын алатын еді. Олардың бәрі өз ауылындағы мектеп-гимназиясының тәжірибе ретінде сыналып жатқан шағын жылыжайынан көп үмітті. Тұңғыш рет жүзеге асырылып жатқан жобаның тиімділігін сөз етсек, біріншіден шаруалар қолжетімді бағада көшет алады, екіншіден өскіндердің біздің аймаққа жерсінуі мәселе болмайды, үшіншіден жол шығыны болмайды. Міне, осындай артықшылыққа ие болған жобаны жергілікті халық та қуаттайды.


"Біз осы жобаны өткен жылдың күз айларында қабылдап, жылы-жай құрылысын бастадық. Ішкі жылулығы мен ылғалдылығын бақылайтын құрылғылар мен жылыту пештерін іске қостық. Наурыз айы басталған сәттен-ақ, қызанақ, бұрыш және қарбыз ұрықтарын егуді бастадық. Қазір мұнда ұрық себілген қатарды күленкімен қымтап жатырмыз. Тәжірибе ретінде атқарылып жатқан жұмыс оң нәтиже көрсетсе, болашақта осы жұмысты жетілдірмек ойдамыз. «Жас зерттеуші» жобамызды қолдап, өскелең ұрпақтың ғылымға бет түзеуіне қолдау берген аудандық білім бөлімі басшысы Бекжан Есенбаевқа ұжым атынан алғыс айтамын", – дейді жылы-жайды таныстырған №195 мектеп гимназиясының басшысы Гүлбазар Боранбаева.


Жылыжайдың негізгі мақсаты – оқушылардың ғылыми дағдысын қалыптастырып, зерттеу жұмысына баулу. Олар биология және химия сабағында осы жылы-жайда дән егіп, және олардың даму сатысын бақылауды назарда ұстайды екен. Әр оқушы өзі еккен өсімдікті баптап қана қоймай, күнделікті өсу-өну процесін арнайы дәптерге жазып, қадағалап отырады. Қазір 20 мыңнан астам қарбызы көшеті, азын-аулақ қызанақ-қияр көшеті көктеуге жақын. Мектептегі әрбір ұстаз бен қызметкерлер қолы бос уақытта көмек-жәрдемін беріп отырады екен. Қысқасы, ауылының атын нарықта мойындатқан диқандар бір шаңырақ астында береке тапқаны жүрекке шаттық сыйлады. 


Мектеп-гимназияда 51 мұғалім жұмыс істейді. Тарқата айтсақ, 49 жоғары білімді, 2 арнаулы орта, 8 педагог-зерттеуші, 16 педагог-сарапшы, 16педагог-модератор, 10 жас маман білім беруде. Ұжымды ауызбіршілік пен еңбекке ұйыстыра білген Гүлбазар Жарылқасынқызының негізгі мамандығы химия-биология пәнінің тәлімгері екенін білдік. Мамандығына деген махаббат оны ғылыми жұмыстарға жетелепті. Аядай ғана ауылдағы ағайынның ортақ арманына айналған жобаны жүзеге асырарда осы саланы ұзақ жылдар бойы зерттегенін ұқтық. Алдымен, гидропоника әдісімен таулы-тасты аймақта егін өндірудің қыр-сырын зерттеді. Осы жетістігін әр түрлі деңгейлі ғылыми байқауларда қорғап, ауылшаруашылығы саласындағы маңдайалды ғалымдарға дәлелдемек ойы да бар. Бұл мектеп осы бағытта Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетітің биология, география және химия кафедрасының прфессорларымен тығыз тәжірибе алмасып, ауылшаруашылығына қызыққан жастарға семинарлар ұйымдастырып келеді. Жаратылыстану ғылымдарының магистрі Нұрқасым Ерболатовпен бірге химия-биология пәнінің мұғалімдері зерттеу жұмысын жоспарға қойған.


"Өткен жылдары өңірімізде құрғақшылық белең алып, мал азығы тапшы болды. Бұл әдіс жыл он екі ай жасыл желек өндіруге қолайлы. Әрі топырақсыз, су ертіндісіне арнайы минералдарды қосып, өсімдіктің жылдам өнуіне ықпал ете аламыз. Өзіңіз көріп тұрған отыз ыдыста алты түрлі өсімдікті бесеу-бесеуден ектік. Бидай бір күнде бүрін жарып, бір аптада 25 сантиметр өсуде. Салат жапырағы да үш күнде өнім беруде. Ал, қара жерде қырық күннен соң құлақтанатын болгар бұрышы бір жетіден соң оң нәтиже беруде. Осыдан-ақ, гидропониканың ауылшаруашылығына әкелер пайдасы мол екені даусыз", – деді химия-биология пәнінің мұғалімі Гүлзира Жұмабекова. 


Бүгінде осы технологияға арналған арнайы кабинетте ауыл балалары ауылшаруашылығында ғылым мен білімнің қажеттілігіне көз жеткізуде. Солардың қатарында химия-биология пәні олимпиадасына қатысып, жүлделі орын алып жүрген 9 сынып оқушысы Айдана Өтеген жылыжай жобасын жетілдіріп, көпшілікке таныстырмақ ниетте. Ал, 8 сынып Гүлнәз Әбдімәлік гидропоника әдісімен көптің назарын аударғысы келеді.


"Біздің мектептегі оқушылардың көбі диқаншылар отбасынан шыққандықтан осы салаға қызығушылық басым. Осыны байқаған ұстаздар ауылшаруашылығына қажетті ғылыми жобаларға бағыт-бағдар беруде. Өзім аймақтық көрмелерде гидропоника әдісімен таныстырғанымда көпшілік қызығушылық білдіріп, осы туралы көп сұрайтынын аңғардым. Осы жобаны алдағы уақытта жетілдіріп, ауылдағы егінші мен шопандарға өз көмегімді бергім келеді", – деді жас ғылам Гүлнәз Әбдімәлік.


«Жасыл» экономиканың басты қағидаттарының бірі – табиғи ресурстарды барынша құнттап, үнемді пайдалану. Бұл ретте атаулы мектепті көп үлгі бола алады. Мектеп электр энергиясын үнемдейтін жарықдиодты шамдарды тұтынады. Соның арқасында, жылына 1121 киловатт энергия үнемделеді екен. 

Қалай десек те, «жасыл» экономиканың адамзат дамуына жаңаша серпін беріп отырғаны анық. Өткен ғасырдың соңында түсірілген фантастикалық фильмдерді қараңызшы. Қайсысын алсаңыз да, Жер-Анамыздың болашақтағы мүшкіл халі суреттелетін. Экологиялық апатқа ұшыраған ғаламшарды көруші едік. Түптің түбінде дəл осы халге жететінімізге сенетінбіз. Ал қазіргі адамдардың санасы өзгерген тəрізді. Осыдан екі жыл бұрын ағылшын экологтары жасөспірімдер арасында Жердің болашағына қатысты сауалнама жүргізген болатын. Сонда балалардың 80 пайызы болашаққа үмітпен қарайтындарын айтыпты. Адамзат Жер-Ананы апаттан құтқарудың əдісін табатынын «жасыл» технологияларды мысалға келтіре отырып, барынша дəлелдеп беріпті. ХХІ ғасырдың жастары жарқын болашаққа сенеді. Бұл – жақсылықтың нышаны.


Білім саласын ауылшаруашылық саласымен ұштастырып отырған мектепте жас биологтар тәрбиеленіп жатқанына көңіліміз толды. Интернеті дамыған қоғамда баланы еңбекке қызықтыра білудің жолын тапқан ұжымның еңбегін қалай дәріптесек те жарасады.