Қармақшыда егін егу науқанына дайындық жұмысы пысықталды
Көктем келді дегенше далада тынымсыз тіршіліктің қызатыны белгілі. Соның ішінде ауылдық жерлердегі шаруашылықтар жылдағы әдетімен көктемгі егін науқанына қамданып, дайындыққа кіріседі. Сондай-ақ берілетін су көлеміне сай егін егу жоспарын жүргізеді,- деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.
Осы орайда бүгін Қармақшы ауданы әкімі Жандос Еркінбекұлының төрағалығымен аудандағы бірқатар бөлім басшыларының қатысуымен мәжіліс отырысы өтті. Мәжілісте көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы қаралды.
Жиында аудан басшысы Қармақшы аудандық ауылшаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің басшысы Әсет Омаровқа көктемгі дала жұмыстарын қайта пысықтап, тұқым дайындау, минералды тыңайтқыштар мен жанар-жағармай қорын қалыптастыру, техникаларды әзірлеу сынды жұмыстарды қысқа мерзімде аяқтау керектігін тапсырды.
Соңғы жылдары Сырдария өзенінің арнасы күрт түсуінен, дария жағалауындағылардың алаңы басым. Аймақтың экономикасы мен экологиясының өзегіне айналған өзеннің қазіргі ахуалы кім-кімге де оңай тиіп жатқан жоқ. Осы орайда сала басшыларына су беру жоспарын нақтылап, шаруашылықтармен тығыз жұмыс жасап, су лимитін бөлу мәселесін қолға алуды тапсырды.
Аудан әкімі Жандос Еркінбек мәжілістің күн тәртібінде көтерілген мәселелер бойынша сала басшыларына тиісті тапсырмалар жүктеп, жиынды қорытындылады.
Ауыл шаруашылығы – мемлекет үшін маңызды сала. Аудан еңбеккерлері бұл саланың көкжиегін кеңейтуде кенде қалмақ емес. Осыбір мезгілде диқаншылар жер жыртып, егін салуға асығады. Бүгінде олар алғашқы дәнін жерге тастап та үлгерді.
Қармақшы аудан былтыр жалпы көлемі 26288 гектар жерге егін егіп, оның ішінде күріш көлемі 13770 гектар, майлы дақылдар (мақсары) 1028 гектар, жаздық бидай 1050 гектар, арпа 150 гектар, сүрлем жүгері 39 гектар, күнбағыс 3 гектар, құмай 50 гектар, мал азықтық дақылдар 8728 гектар, картоп, көкөніс, бақша дақылдары 1470 гектарға орналастырылды.
Көктемгі дала жұмыстарының барысымен 13 770 гектар күріш орналастырылып күтімге алынды. Қазіргі таңда арамшөптерге қарсы 9,0 мың га алқап химиялық өңделіп және 11,0 мың га алқап үстеп қоректендірілді. Күтімге алынған ақ егістің 1050 гектарынан жаздық бидай, 1050 гектарынан мақсары, 4140 гектарынан жаңа жоңышқа, 150 гектарынан арпа, 3 гектарынан күнбағыс, 50 гектарынан құмай дақылдарын жинау жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, 1050 гектар жаздық бидай мен 150 гектар арпа дақылдары толықтай жиналып, 374,5 тонна бидай, 75 тонна арпа қамбаға құйылды. Ал, мал азығын дайындау бойынша 5193 гектар ескі жоңышқа 2 рет орылып, 25,5 мың тонна өнім жиналды, орта өнім 49,1 ц/га айналды.
– Жанар-жағар май отынымен қамтамасыз ету бойынша көктемгі дала жұмыстарына ауыл шаруашылығы құрылымдары 1900 тонна арзандатылған дизель отынын алуға (230 тг/л) өтінім беріп, 1503 тонна жанар-жағар май отыны жеткізілді. Ал, күзгі егін жинау жұмыстарына 1830 тонна арзандатылған дизель отынына (245 тг/л) өтінім беріліп, жеткізуші оператор («Жібек жолы ЛТД» ЖШС және «РК Мұнай» ЖШС) белгіленді, науқан барысында 1483 тонна дизель отыны жеткізілді. Өткен жылдың қазан айында күзгі егін жинау жұмыстары қорытындыланып, 13770 гектар күріш орылып, 13770 гектар күріш бастырылды. Орта өнім 60 ц/га айналды, – дейді Қармақшы аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастар бөлімінің басшысы Әсет Омаров.
Егіске су жеткізу жұмыстары бойынша қазіргі таңда 520,0 млн м3 су алынды. Ал, су бөлу нүктесінен қашық орналасқан және биік танаптардағы егістіктерге су жеткізу үшін ауданға қарасты ауыл шаруашылығы құрылымдарымен 24 дана насос қондырғылары пайдаланылды. Жекелей тоқталар болсақ, «Тұрмағамбет» ЖШС – 4 дана, «Әділет Жер» ЖШС – 1 дана, «Ораз ахун ЛТД» ЖШС – 1 дана, «Шакизада» ШҚ – 1 дана, «Ақтөбе и К» ЖШС – 8 дана, «Достық Жер МК» ЖШС – 2 дана, «Жаңажол» ЖШС – 3 дана, «Әлиасқар Ата» ШҚ – 2 дана, «Дәуіт» ШҚ – 2 дана.
Облыс әкімі Н. Нәлібаевтың әлеуметтік маңызы бар бақша өнімдерімен жергілікті тұрғындарды қамтамасыз ету үшін қосымша бақшалық жерлер дайындау туралы тапсырмасына сәйкес, бақшалық жер дайындау жұмыстары (жер белгілеу, айдау, қарықтау, қоршау, су жүйелерін дайындау) сәуір айының екінші он күндігінен басталып, егіс орналастыру жұмыстары мамыр айының 1-онкүндігінде жаппай жүргізіліп, қазіргі таңда барлығы 392 гектар (100%), оның ішінде 104 гектар картоп, 60 гектар көкөніс, 228 гектар бақша дақылдары егілді. Қосымша дайындалған бақшалық жерлер 881 отбасына бөлініп берілді.
Иә, ауыл шаруашылығы – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігінің кепілі, ауыл тұрғындарын еңбекпен қамту саласы ғана емес, бұл – ұлттық дәстүрімізді, өмір сүру салтымыз бен мәдениетімізді сақтап қалудың бірден-бір көзі.
Жақында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен ауыл шаруашылығы құрылымдары өкілдерімен вегетация кезеңіндегі болжамды су көлеміне сәйкес егін егу мәселесі талқыланған еді. Жиынға Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов қатысты. Былтыр Сыр өңірі бойынша егіс көлемі 4800 гектарға ұлғайтылып, 193400 гектар жерге егін егілген. Оның 80 мың гектар күріш егістігінің әр гектарынан 56,5 центнерден өнім алынды. Саланы субсидиялауға 14 млрд теңге қаржы бөлініп, 224 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, 3,7 пайызға артқан. Ал биылғы жылғы егіс көлемінің жоспары нақты шешілген жоқ.
– Күріш – аймақтың табиғи ерекшелігіне, ауа райы мен топырақ құрамына бейімделген негізгі дақылымыз. Соңғы жылдары Сыр диқандары су тапшылығының кері әсерін сезініп келеді. Былтыр вегетация кезінде егісті сумен қамтамыз ету күрделі жағдайда өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы мен Үкіметтің қолдауының арқасында аймақта су тапшылығының алдын алу шаралары қабылданды. Биыл да Сырдария өзеніндегі судың жағдайына қарап, алдағы вегетация кезеңіндегі тапшылық болатыны болжануда, – деді облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы. Сондай-ақ аймаққа іссапармен келген ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов те саладағы негізгі мәселелерді атап өтіп, шешу жолдарын ұсынды.
– Былтыр Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған Су ресурстары және ирригация министрлігі 6 ай ішінде жаңа «Су кодексінің» жобасын жасап, Парламентке қарауға ұсынды. Бұл құжат үш мақсатты көздейді. Олар – су тапшылығына қарамастан, ел экономикасына пайда әкелу, тұрғындардың күнделікті жағдайын жасау және экологиялық мәселелерді шешу. Министрлік бірнеше бағыт бойынша жұмыс істеуде, ең маңыздысы – суды үнемдеу жолдарын қарастыру. Үкімет су үнемдеу технологияларын енгізетін шаруа қожалықтарын қолдауды ұсынуда. Атап айтқанда, тамшылатып және жаңбырлатып суаруды енгізсе, субсидия 50 пайызға дейін, ұңғыма қазса 80 пайызға дейін ұлғайтылды. Қазір су үнемдеу – аса маңызды мәселе, – деді ол.
Судың ысырабын азайтудың және өнім көлемін арттырудың бірден-бір жолы – тамшылатып суару әдісі. Бүгінде бұл әдістің тиімділігін түсінген шаруагерлер баршылық. Осыған сәйкес, осы жүйеге өтіп жатқандардың да саны көбейіп келеді. Мәселен, былтыр Дүр Оңғар ауылындағы «Жаңажол» шаруашылығы 5 гектар жерге алма көшетін отырғызып, оны суаруды тамшылату әдісі арқылы жүзеге асырған-ды.
Биыл да осы әдіспен 10 гектар жерге бақша егуді қолға алуда. Сондай-ақ Тұрмағамбет ауылы да 25 гектарға жоңышқа сеуіп, оны жаңбырлатып суару арқылы өсіруді көздесе, 3 гектар жерге бақша өнімдерін егіп, тамшылату әдісімен суаруды мақсат етіп отыр. Төребай би ауылындағы «Шабан ата» шаруа қожалығы да осы су үнемдеу әдісі арқылы 20 гектар жерге жоңышқа өсіруді жоспарлап отыр.
– Биыл ауылшаруашылық саласындағы қуантарлық жаңалығымыз – суды үнемдеу технологиясын қолға алуымыз. Бұл аудан үшін үлкен серпіліс. Себебі су тапшылығы жылданжылға сезілген сайын шаруашылықтарымызға егін егу қиындап барады. Осыған орай суды аз қажет ететін дақылдардың көлемін көбейту жоспарымызда бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жалпы су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізуді тапсырып отыр. Осы әдіске шаруаларымыз ақырындап көшсе, еліміздің агросаласының жаңа белесіне шығарымыз сөзсіз, – дейді аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастар бөлімінің басшысы Әсет Омаров.
Қармақшы ауданы бойынша 2023 жылдың қаңтар-қараша айларында 31239 бас мүйізді ірі қара, 58456 бас қой мен ешкі, 15410 бас жылқы, 4298 бас түйе, 21160 бас құс тіркеліп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда мал басы бойынша айтарлықтай өсім байқалады. Өткен жылы аудан бойынша барлығы 3841,1 тонна ет (тірі салмақта), 6095,3 тонна сүт және 847,7 мың дана жұмыртқа өндірілген. Өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 22 752,7 млн. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 103,5%-ға орындалды.
Асыл тұқымды мүйізді ірі қара мал басын көбейту мақсатында «Рахман», «Әбілда Ата» және «Олжа» шаруа қожалықтары 8 бас «Ақбас» асыл тұқымды бұқа сатып алды.
«Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша былтыр 62 жас маманға тұрғын үй сатып алу үшін 320 850,0 мың теңге несие берілді. Сонымен қатар, 55 жас маманға 18 975,0 мың теңге көтерме жәрдемақы берілді.
Ауданда баға тұрақтылығы үнемі қадағалануда. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру бойынша аудан әкімдігі жанынан кұрылған 4 мобильді жұмысшы тобы аудан орталығында орналасқан шағын азық-түлік өнімдерін сататын дүкендердегі 19 түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында мониторинг жұмыстарын жүргізіп келеді. Аудан бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 4 өнімге баға жоғарылады. Атап айтыр болсақ, нан өнімдері –1,1 %, қырыққабат – 0,3%, пияз – 0,6%, тұз – 1,3%, 1 өнімге баға – жұмыртқа – 4,9 % төмендеді.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлікті сату баға тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына баға белгілеудің бүкіл тізбегі бойынша делдалдық схемаларды тексеру жөнінде комиссия отырысының тапсырмасына сәйкес құрылған жұмысшы топпен шағын маркеттер мен үй жанындағы дүкендерді аралап негізсіз баға көтермеу жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеді.
Қазақстан Республикасы заңдарына сәйкес, 9-баптың 2-тармағының бірінші бөлігіне сәйкес белгіленетін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына рұқсат етілген шекті бөлшек сауда бағаларының мөлшері асып кеткен кезде және «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 204-4 бабы ішкі сауда субъектісінің сауда қызметін реттеу туралы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгілінген Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктер сауда үстемесінің мөлшерінің асыруы – ескерту жасауға және бір жыл ішінде қайталанатындай жағдай болса – айыппұл салуға әкеп соғатындығы ескертілді.
Сонымен қатар, «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік коорпорациясы» АҚ-мен бірлесіп нан бағасын тұрақтандыру бойынша арзандатылған ұн тасымалдаумен оператор ретінде белгіленіп ЖК «Ж.Жаппасбаев» 90 тонна (қоймада 20 тонна ұн бар) бірінші сұрыпты бидай ұны бағасы 262 теңге/кг сатылды және ЖК «Өмірзақов Бауыржан» 166 тонна, бірінші сұрыпты «Нури-Нан» маркалы ұнын 7300 теңгеден наубайханаларға сатылуда.
Аудан бойынша бағаның өсуін тежеу, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларын қалыпты ұстап тұру мақсатында 10%-дан (жеткізушілерден алынған көтерме бағадан) аспайтын ең төменгі сауда үстемесі туралы екі жақты 10 кәсіпкерлік субьектімен 1 жылға меморандум жасалды.
Азық-түлік тауарлары бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу және олардың тиісті қорын жасақтау, сұранысқа сәйкес тауарлар бағасының қол жетімді болуына жағдай жасау шаралары, бағаның тұрақтылығы мен оны тежеу жұмыстары тұрақты бақылауда.