Құрылтайда жүктелген міндеттер Қызылордада қалай жүзеге асады?

1 585

Фото: quryltai.kzЕлімізде 15 наурыз күні Ұлттық құрылтай Атырау аймағында өткізілді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Үшінші рет ұйымдастырылған жиын бұған дейін Ұлытау, Түркістан облыстарында болды. Жалпы құрылтай сөзінің мағынасы ұйысу, ортақ іске жұмылу, бірігу, кеңесу  дегенге саяды. Қазақ құрылтайды елдің бүгіні мен ертеңі үшін кеңесетін алаң ретінде пайдаланған. Бұл жолы да солай болды. Атыраудағы құрылтайда да ел ертеңіне тірек боларлық бірқатар мәселе қозғалды. Құрылтайда жүктелген міндеттер Қызылордада қалай орындалуы мүмкін? Бүгін осы жайлы сөз қозғамақпыз. Ақпаратымыз шынайы шығуы үшін Премьер-министрдің төрағалығымен өткен кеңестегі және облыс әкімдігіндегі жиындарда айтылған деректерді пайдалануды жөн санадық.


Біз елтаңбаның жайы мен насыбайдың машақатын сөз етпей-ақ бірден тұрмыс сапасын жақсарту мәселесіне ден қойғанды абзал деп шештік. Өйткені дәл қазір халықтың тұрмыс сапасын жақсарту кезек күттірмейтін проблемаға айналды десек, мұнымызды ешкім қате дей қоймас. 


Сонымен 15 наурызда өткен «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізде тұрмыс сапасын жақсарту жөнінде бірқатар тапсырма берген болатын. Қазақстан Президентінің тапсырмаларын орындау үшін 18 наурыз күні Республика Премьер-министрі Олжас Бектенов арнайы кеңес өткізді.


Жалпы құрылтайда Президент тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы инфрақұрылымын жөндеу және жаңғырту мәселесі бойынша қолданыстағы 55 жылу көзін жөндеуді және кемінде 6,5 мың шақырым инженерлік желілерді жаңғыртуды тапсырды. 

Үкімет басшысының ресми сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, бұл мақсаттарға 650 млрд теңге инвестиция тартылатын болады. 


Жылу көзіне байланысты мәселені Қызылорда облысы қалай шешпек? Бұл жағына келгенде Сыр өңірінде анау айтқандай мәселе жоқ шығар, бірақ жылу орталығының ескі екені әмбеге аян. Жаңасын салмаса болмайды. Қолда бар деректерге сүйенсек, қазіргі жылу электр орталығы 1964 жылы салынған. Бірнеше рет күрделі жөндеу жүргізілгеніне қарамастан, стратегиялық нысанның негізгі және қосалқы қондырғыларының тозу деңгейі 90 пайызға жеткен. Сондай-ақ қызылорда қаласындағы ұзындығы 207,7 шақырым болатын жылу желісінің жартысына жуығы жаңартуды қажет етеді. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен арнайы мәжілісте осы мәселенің түйіні қалай тарқатылатыны айтылды.


"Күні кеше Үкімет басшысының төрағалығымен өткен жиында Мемлекет басшысының ауқымды инфрақұрылымдық бастамаларын мерзімінде іске асыру тапсырылды. Бірінші, қолданыстағы жылу көздерін жөндеу және инженерлік желілерді модернизациялау. Жылумен қамту – облыстағы күрделі мәселенің бірі. Қолданыстағы жылу орталығының тозығы жетуіне байланысты түрік инвесторларымен бірлесіп, құны 215 млрд теңге болатын жаңа жылу орталығының құрылысын бастадық. Нысан 2025 жылы іске қосылады. Ендігі кезекте тозығы жеткен жылу желілерін кезең-кезеңімен жаңғыртуымыз қажет", – облыс басшысы. 


Жалпы Қызылордада жылу орталығын салу үшін алдымен Энергетика министрлігі түркиялық «Aksa Enerji Uretim AS» компаниясымен Қызылорда қаласында жаңа бу-газ қондырғысын орнату жөнінде келісімшартқа қол қойды. Шетелдік инвестиция есебінен салынып жатқан жаңа ЖЭО 240МВт электр қуатын және сағатына 277 жылу қуатын өндіре алады. Жобаның болжамды құны – 215 миллиард теңге. Тіпті аталған нысанның құрылысы басталғанын да көпшілік жақсы біледі. Өткен жылы Республика күні қарсаңында «Aksa Enerji Uretim AS» компаниясы 76 млрд теңгеден астам инвестиция салып, қазақстандық «ИНТЕРТАСКО» компаниясын бас мердігер ретінде таңдаған. Бас мердігер ретінде таңдалған компания бұған дейін Атырау облысында қуаты 310 МВт газ электр станциясының құрылысын жүргізген. Сонымен қатар «Тенгизшевройл», «Шеврон», «Норд Каспиан Оперейтинг» компанияларында жұмыс атқаруда. Тіпті түркиялық компания Америка мен Еуропаның General Electric, Siemens және басқа да ірі компанияларына соңғы үлгідегі заманауи қондырғыларды дайындауға алдын ала төлем жасаған деген де ақпарат бар. 


Азаматтардың баспаналы болуын қамтамасыз ету бойынша қойылған міндеттерді шешу үшін Үкімет кезекте тұрғандар, оның ішінде халықтың әлеуметтік осал санаттары үшін сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй көлемін 4 есе ұлғайтуды жоспарлап отыр. Ол үшін қосымша 272 млрд теңге бөлінеді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Отбасы банк 300 млрд теңге сомасына ипотекалық қарыздар беретін жаңа бағдарламаны іске қосады. Жаңа бағдарламаға жұмыс істейтін жастар, жас отбасылар, тұрғын үй төлемдерін алушылар, банк салымшылары, моноқалалардың, аудан орталықтары мен ауылдық елді мекендердің тұрғындары, оның ішінде ақша жинау бойынша міндеттемесі жоқ тұрғын үй кезегінде тұрғандар қатыса алады. Бірінші жылы жаңа бағдарлама есебінен қосымша 12 мың баспанаға мұқтаж отбасын үймен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Жалпы биыл рекордтық 18 млн шаршы метр тұрғын үй салынады, бұл бұрынғы жоспарланған жылдық көрсеткіштен 2,5 млн шаршы метрге артық.


Халықты тұрғын үймен қамтуға келгенде Сырдағы жұмысты өзгелерге үлгі етуге болады. Әрине, біз бұл сөзімізбен Қызылорда облысы баспана мәселесін түбегейлі шешті деуден аулақпыз. Әйтсе де атқарылған ауқымды жұмыс та жоқ емес. Он күнге созылған наурыз мерекесі қарсаңында Сыр бойында 200-ден астам отбасына пәтер берілді. Жаппасбай батыр көшесіндегі көпқабатты үйден 80 отбасыға пәтер кілтін табыс еткен ресімде облыс әкімі халықты тұрғын үймен қамту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға аз-кем толталған еді.


"Халықты баспанамен қамту еліміздегі негізгі басымдықтың бірі десек, өңірде бұл бағытта тындырымды тірлік атқарылуда. Өткен жылы 4108 пәтерлік 300 тұрғын үй салынды, 2400-ге жуық пәтер табысталып, 11 мыңнан астам тұрғынның баспана мәселесі шешімін тапты. Халықтың тұрмыс жағдайының жақсаруы, жайлы өмірінің кепілі болып саналатын баспанамен қамту жұмыстары биыл да қарқынды жүруде. Бюджет қаражаты есебінен 14,3 млрд теңгеге 1890 пәтерлік  70 тұрғын үй салынады. Оның 16-сы жеті қабатты  болады. Жыл басынан бері Тасбөгет кентінде 172 отбасы баспаналы болса, бүгін міне, өздеріңіздің қатысуларыңызбен 80 отбасы қоныс тойын тойлайды. Алдағы аптада «Сыр жастары» жеңілдетілген ипотекалық несие бағдарламасымен тағы да 60 отбасына үй кілті табысталады. Бұл – тұрғындар әл-ауқатын арттыру бағытындағы мемлекет қолдауының нақты көрінісі", – деді аймақ басшысы.


Облыс әкімі биыл бюджет қаражаты есебінен 14,3 млрд теңгеге 1890 пәтерлі 70 тұрғын үй салынады деп жоспарланып отырғанын мәлім етті. Енді оның қаншасы Қызылорда қаласы мен аудандардың еншісінде екенін жеткізейік. Тарқатып айтар болсақ, Қызылорда қаласында – 1544, аудандарда  – 346 пәтер, мамандар оның 16-сы жеті қабатты тұрғын үйлер болады дейді.


Құрылыс жұмыстарына келгенде Сыр өңірінде толымды тірлікті айтпай кету мүмкін емес. Жақында ғана 1000 орындық «Өнер орталығы» ел игілігі үшін пайдалануға берілді. Өткен жылы «Отбасы орталығы» мен «Анаға тағзым» орталығы ашылған болатын.


Биылғы жылдың қаңтар айындағы мәліметке сенсек, 2023 жылы 177 жобаны жүзеге асыруға 87,1 млрд теңге қаржы бөлініп, 2022 жылмен салыстырғанда 3,5 есе артты. 2024 жылы 110 нысанды салуға 94,5 млрд теңге бөлінді. Мұндай дерек облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың құрылыс саласында жұмыс істейтін мекеме өкілдерімен кездесуінде айтылды.


Мұнан бөлек, Қызылорда қаласы мен елді мекендердің сәнін келтіретін әлеуметтік нысандар көптеп бой көтеруде. Бүгінде сол жағалаудан 300 орындық жатақханасы бар 400 орындық физика-математика мектеп-интернаты салынуда. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде биыл 10 мектеп іске қосылып, тағы 11-нің құрылысы басталады. Балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын шыңдау мақсатында облыс орталығынан «Шығармашылық академиясы» салынады деп жоспарлануда. Қызылорда қаласындағы «Қан орталығының» және перинаталдық орталықтың құрылысы қарқынды екенін де айта кеткен жөн. «Қорқыт ата» әуежайының жаңа терминалының құрылысы да алдағы уақытта пайдаланылуға беріледі деп жоспарлануда.


Еліміздің жол желісін дамыту бойынша Президент айтқан 12 мың шақырым автомобиль жолдарын реттеу үшін Үкімет ағымдағы жұмыстардан бөлек, қосымша 2,5 мың шақырым жолды жөндеу жұмыстарын жоспарлап отыр. Бұл мақсаттарды іске асыру үшін шамамен 1 трлн теңге инвестиция бағытталатын болады.

Бұл жай-күйі жақсы және қанағаттанарлық республикалық жолдардың үлесін 93%-ға дейін арттыруға, сондай-ақ қосымша 24 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. 


Бүгінде облыстың жергілікті маңызды автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайы 87,5 пайызға жетті. Биыл бұл көрсеткішті 90 пайыздан асыру міндеті қойылған. Біз өз кезегінде Қызылорда облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына хабарласқан едік.  


2024 жылы жол инфрақұрылымын дамытуға республикалық және облыстық бюджеттен барлығы 27 млрд теңге бөлініп, ұзындығы 247 шақырымды құрайтын автомобиль жолдары, көшелер және көпір өткелдерін жөндеуден өткізу жоспарланған. Тарқатып айтқанда, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында ұзындығы 33,5 шақырым болатын облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарына құрылыс және қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу жоспарланыпты. Ал  «Жалпы сипаттағы трансферттер» бағдарламасы аясында ұзындығы 57,9 шақырымды құрайтын облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарына күрделі және орташа жөндеуден өткізу жоспарға енген. Жол жағдайын жақсартуға қатысты бағдарламаның бірі «Өңірлерді дамыту» деп аталады. Бұл бағдарлама бойынша ұзындығы 22,2 шақырымдық Қызылорда қаласының көшесі мен  көпірді жөндеу де назарға іліккен. Бұдан бөлек «Кіші қалаларды дамыту» бағдарламасы аясында ұзындығы 2,4 шақрымды құрайтын көшені жөндеу де жоспарда тұр екен. Басқармадағылар бұл жұмыспен тоқмейілсімей облыстық бюджеттің қаржысына 54,4 шақырым болатын Қызылорда қаласы мен аудандарға қарасты елді мекендердің көшелерін жөндеуді де қаперге алған.  


"Осы ретте, мемлекеттік бағдарламалар аясында облыстағы жол саласын дамытуға республикалық бюджетке 55,6 млрд теңгені құрайтын 88 жоба ұсынылды. 2024 жылға нақтыланған 48 жобаның 17,1 млрд теңгесі қолдау тауып, облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық индикаторлық көрсеткішінің үлесі 92%-ға жеткізу межеленген", – деді Қызылорда облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Жәнібек Сыздықов.


Қызылорда облысы бойынша облыстық, аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын күрделі және орташа жөндеуден өткізу үшін  8 жоба дайын көрінеді. Ұзындығы 116 шақырым екенін айта кетейік.  Сонымен бірге  2 көпірді күрделі жөндеу үшін жобасы дайын болса, 3 көпірдің күрделі жөндеу жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр екен.  


Жолдың жайын қаузаған соң Қызылордадан Ақтөбеге дейінгі автобанның мәселесін қоса кеткенді жөн санадық. Өйткені осы екі аралықтағы жол жайы талайды толғандырып жүр. Батыс Қытай-Батыс Еуропа автобанының осы бөлігі тар екенін, ерсілі-қарсылы жүйіткіген көліктердің сыймай, тіпті бір-біріне соқтығысып жатқанын журналистер де, әлеуметтік желі қолданушылары да жазып келеді. Бұл мәселемен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та жақсы таныс. Өткен жылы өңірімізге сапармен келгенде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа осы жолдың жай-күйін түгел мәлім еткен болатын. Мемлекет басшысы сол жерде бірден Үкімет басшысының орынбасарына мәселені мүмкіндігінше тез шешуді тапсырды. Жұрттың ендігі тілегі Президент пәрмені орындалып, халық үлкен жолдың игілігін ертерек көрсе екенке саяды.

Елді мекендерді газдандыру деңгейін арттыру мақсатында Мемлекет басшысы кемінде 1,7 мың шақырым желіні жаңғырту міндетін қойды. Бұл 300 мыңнан астам азаматқа көгілдір отынды қолжетімді етеді. Осыған байланысты Үкімет биыл жоспарланған 46 елді мекеннің орнына 87 елді мекенді газдандырмақ. Осылайша, 63 мыңнан астам адам жеделдетілген шаралармен газбен қамтамасыз етілетін болады, яғни қамту іс жүзінде 2 есеге ұлғайтылды. Бұл мақсаттарға 195 млрд теңге бөлінетін болады. 


Облыс әкімінің төрағалығымен өткен жиында газдандыру мәселесі де айтылды. 


"Республика бойынша  1796 шақырым газ құбырларын жаңғырту арқылы 300 мыңнан астам тұрғыны бар 87 елді мекен газдандырылмақ. Бұл бағытқа республикалық бюджеттен 195 млрд теңге қаралған. Облыстың  елді мекендерін газдандыру мәсеселесін де   шешуіміз қажет. Бірінші кезекте халық көп шоғырланған елді мекендерді газбен жабдықтауға басымдық  беру керек", – деді Нұрлыбек Машбекұлы.


Негізі облысты газдандыру жоспары кезең-кезеңімен орындалуда. Барлық аудан орталығы мен 4 қала, 27 елді мекен табиғи газдың игілігін пайдалануда. Биыл 4 млрд теңгеге 12 елді мекенді «көгілдір отынмен» қамтамасыз ету жоспарланған. Мамандар осылайша өңірімізде тұрғындарды газбен қамту көрсеткіші 78 пайызға жетеді деп отыр. 


Бүгінгі мақаламызда халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған жұмыстарға тоқталдық. Құрылтайда көтерілген мәселенің мұнымен бітпесі анық. Алдыңғы екі құрылтай нәтижесі бойынша нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрестің кешенді жоспары бекітілгенін айрықша атап өтуге болады. Бұдан бөлек оқушылар мен жастар арасындағы электронды темекі мен вейп қолданудың алдын алуға бағытталған жол картасы қабылданды. Қазақтың алтын тамыры, алтын діңгегі саналатын ауылды көтеру мақсатында «Ауыл – ел бесігі» жобасы қолға алынды. «Балалар кітапханасы» жобасы іске асып, тіл саясатын дамыту тұжырымдамасы бекітілді. 


Түптеп келгенде құрылтайда ұрпақ тәрбиесі де, ел келешегі де, ғылым мен білім жайы да қозғалып жүр. Ал, ондағы көтерілген мәселелерді, Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды орындауда Сыр өңірі қашанда алдыңғы лектен көрініп келеді.

 

                                                                                                                                                                     

                                                                                                                          Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ