Биыл абаттандырылған жаңа орталық алаң ел игілігіне беріледі
Әлеуметтік-экономикалық ахуалы артқан шаһарды көркейту-көгалдандыру жұмыстары да белсенді жүргізіліп келеді, - деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.
Елде таза қала атанған облыс орталығын абаттандыру күн тәртібінен түспейтін мәселе. Бұл бағытта атқарылып жатқан нәтижелі жұмыстар да жетерлік.Қалада атқарылған жұмыстар туралы қоғамдық кеңес алдында есеп берген қала әкімі Серік Қожаниязов абаттандыру ісіндегі ауқымды жұмыстарды айтып өтті.
Өткен жылы қаланың орталық алаңы қайта жаңғырту, абаттандыру жұмыстарының жүргізілуіне байланысты жабылған болатын. Бұл жұмыстар меценат Асқар Әубәкіровтың демеушілігімен және облыс әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылуда. Абаттандыру жұмысына кәсіпкер 1 миллиард теңге қаржы бөлген. Сондай-ақ, облыстық бюджет есебінен 329 миллион 200 мың теңге қаржы бөлінген. Құрылыс жұмыстары биыл мамыр айында бітуі тиіс орталық алаң заманауи дизайнда жаңғырып, қала тұрғындары мен қонақтарының бос уақытта серуендеуі үшін де қолайлы аумақ болмақ.
Шаһарды абаттандыруда көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары да ескерілген. Ол үшін былтыр облыстық бюджеттен бөлінген 800 миллион теңгеге қала аумағындағы көпқабатты 17 тұрғын үйдің ауласына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар, облыстық бюджеттен қосымша 403,5 миллион теңге қаралып, 19 үйдің ауласын абаттандыру ісі жалғасты. Бұл шара өз кезегінде халықтың ризашылығын алды. Мұндай абаттандыру жұмыстары биыл аяқталады.
Қаланы абаттандыруда былтыр қолға алынған жаңа жобалардың бірі – көпқабатты тұрғын үйлердің қасбетін панельдермен қаптау болатын. Оған облыстық бюджеттен бөлінген 693,6 миллион теңгеге көпқабатты 16 тұрғын үйдің қасбеті жаңалануда. Ал, өткен жылы демеушілер есебінен 1,1 миллиард теңгеге 26 көпқабатты тұрғын үй мен 3 әлеуметтік нысанның сыртқы қасбеттері қапталған болатын.
Былтыр атқарылған абаттандыру жұмысының ауқымдысы Сұлтан Бейбарыс көшесінде жүргізілді. Оған 1,6 миллиард теңге қаражат бөлініп, абаттандыру жұмыстары толығымен аяқталды.
Қазіргі таңда Сол жағалаудағы Абылай хан даңғылы да абаттандырылу үстінде. Оған бюджеттен 564,8 миллион теңге қаралған. Сонымен қатар, демеушілік тарапынан Абай даңғылындағы №47 «А, Б, В, Г» көпқабатты тұрғын үйдің аулалары толықтай абаттандырылды. Жобаға 200,0 миллион теңге жұмсалды.
Өткен жыл қала тұрғындары үшін игілікті жыл болғаны жасырын емес. Қызылордалықтар үшін ауыз су және кәріз су, газ, жылу желілері жүргізілді. Мәселен, тозығы жеткен ауыз су және кәріз су желілерін қайта жаңғыртуға республикалық және облыстық бюджеттерден барлығы 3,8 миллиард теңге қаралып, қала аумағындағы коммуналдық желілер жаңаланды. Тұрғындардың 100 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылды.
Бұдан бөлек Қосшыңырау ауылдық округінің Абай, Досан елді мекендеріне газ құбырын жүргізу үшін республикалық және облыстық бюджеттен 629,2 миллион теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілді. Бүгінде ауыл тұрғындары көгілдір отынмен қамтамасыз етілді. Бүгінде қала бойынша газбен қамту көрсеткіші 93 пайызды құрайды.
Сондай-ақ, жылу желілерін қайта жаңғыртуға 8 жоба әзірленіп, оған республикалық бюджеттен 8,2 миллиард теңге бөлінді. Оның ішінде, ең өзектісі Бейбарыс сұлтан көшесінің бойындағы жылу құбырлары жер астымен жүргізілді. Жобаға 5,2 миллиард теңге қаражат жұмсалды.
Ал тұрғын үйлерді қайта жаңғырту бойынша республикалық бюджеттен бөлінген 773,8 миллион теңге қаражатқа көппәтерлі 12 тұрғын үй қайта жаңғыртудан өткізілді.
Қалада оң шешімін тауып келе жатқан тағы бір жағдай – қоғамдық көлік мәселесі. 2022 жылы лизингке 150 дана автобус сатып алуға облыстық бюджеттен 1,4 миллиард теңге бөлінсе, 2023 жылы облыстық бюджеттен тағы 150 дана автобус сатып алуға
1,6 миллиард теңге қаралды. Бүгінгі күні қалаға барлық автобустар жеткізіліп, тиісті бағыттарға қосылып, жолаушыларға толыққанды қызмет көрсетуде.
Жалпы облыс орталығының әлеуметтік ахуалы жақсарып келед. Мәселен, жыл басынан бері экономиканың барлық саласында 15 мың 022 адам жұмыспен қамтылған. Ел Президентінің 10 мың адамға 100 жаңа жұмыс орнын құру тапсырмасы қала бойынша артығымен орындалған. Белгіленген жоспар бойынша – 5278 жұмыс орны құрылу қажет болса, бұл көрсеткіш қалада 5396 нысанға жеткен.
Сондай-ақ, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,7 процентті, жалпы жұмыссыздық 4,7 процентті құрап отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда жұмыссыздық көрсеткіші едәуір төмендегенін көрсетеді.
Қызылорда қаласында биыл абаттандыру және көркейту шараларына ерекше маңыз беріліп отыр. Соның бір айғағы, бүгінде облыс орталығында демалыс орындары көбеюде. Бұл бағыттағы жұмыстар қала тұрғындарына қолайлы жағдай жасау мақсатында жүзеге асырылуда.
Сондай игілікті істердің бірі – орталық алаңда бастау алды. Яғни, «Қызылорда қаласындағы Әйтеке би көшесін Желтоқсан көшесінен Ахмет Байтұрсынов көшесіне дейін, Ыбырай Жахаев көшесін Әйтеке би көшесінен Қорқыт ата көшесіне дейін абаттандыру» жобасына орай жұмыстарына кірісіп те кетті. Құрылыс жұмыстарын мердігер мекеме «Техоснастка-ремсервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестік жүргізбек.
Жоба бойынша субұрқақтары аумағына брусчаткалар, жолжиек тастар орнатылады. Жарық диодты шамдар қойылып, газондар, көпжылдық жасыл көшеттер отырғызылатын болады. Сонымен қатар, шағын архитектуралық пішімдемелер орналастырылады. Мұнда жаяу жүргінші жолы, жаңа үлгідегі орындықтар, жарық бағаналары және балалар ойын алаңы да қойылады деп жоспарланып отыр. Ыбырай Жахаев көшесінің Қорқыт ата көшесінен орталық алаңға дейінгі аралығы да толықтай абаттандырылады. Осылайша шаһар келбеті көріктене бермек.