Аймақта 30 835 жас кәсіпкер бар

4

Аймақта 30 835 жас кәсіпкер бар,-  деп хабарлайды  "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


 Жас келсе іске. Жастар – қоғам өзгерістеріне тез әрекет етуге қабілетті халықтың ең икемді мобильді тобы. Бүгінде жастар санатындағы азаматтар еліміздің 60 пайызын құрайды. 35 жасқа дейінгі азаматтар, жас отбасылар, жас кәсіпкерлер мемлекеттік тапсырмаларды жүзеге асыруда маңызды ресурс.

Қазіргі таңда республика бойынша экономикалық белсенді халық 9 миллионға жетіп отыр. Оның 6,8 миллионы жалдамалы қызметкерлер болса, 2,1 миллионы өзін-өзі жұмыспен қамтушылар. Яғни жеке кәсіпкер, құрылтайшы, АҚ қатысушылары, түрлі жеке серіктестік, тәуелсіз жұмысшылар, өндірістік кооператив мүшелері дәл осы екінші категорияға жатады.

Елімізде шағын және орта бизнестің дамуы, әсіресе, жастар кәсіпкерлігіне қолдау көрсету жылдан жылға қарқын алып келеді. Статистикаға сүйенсек, жас кәсіпкерлердің басым көпшілігі орналасқан аймақтар: Алматыда 16,7% құраса, Астанада 11,4% тұрады. 30 жасқа дейінгі кәсіп иелерінің 10%-дан астамы Түркістан облысына тиесілі.

Аталмыш бағыт аймағымызда да назардан тыс қалып жатқан жоқ. Мәселен, облысымызда 2023 жылы шағын және орта кәсіпкерлік бойынша 71 147 субъекті тіркелген болса, оның 43,3 пайызын жас кәсіпкерлер құраған. Яғни, аймақта кәсіптің көзін тауып, тіршілігін табысты дөңгелетіп отырған 30 835 жас бар.

Облыстық кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, 2023 жылы аймақта шағын және орта кәсіпкерліктің 4716 жобасына 68 млрд теңге сомасында қаржылай қолдау көрсетілген. Атап айтар болсақ, «Кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы» аясында жалпы несие портфелі 31 млрд теңгені құрайтын 837 жоба субсидияланған. Оның ішінде, жалпы несие портфелі 6,1 млрд теңгені құрайтын 235 жоба жас кәсіпкерлердің үлесінде. «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы микроқаржы ұйымы арқылы 372 жоба 3 млрд теңгеге қаржыландырылса, оның 12,7 пайызын жас кәсіпкерлер құрайды. Яғни, жас кәсіпкерлердің 52 жобасына 382,4 млн теңге көлемінде қаражат бөлінген. Ал аграрлық несие корпорациясы арқылы жастардың 492 жобасы 2,3 млрд теңгеге қаржыландырылған.

Шағын және орта бизнес кез келген мемлекеттің экономикасында маңызды рөл атқарады. Өз кәсібін ашу дағдылары мен мүмкіндіктерін меңгере отырып, жастар ең алдымен өзін жұмыспен қамтамасыз етеді. Бұл еңбек нарығының басқа қатысушылары үшін де жұмыс орындарын құруға тікелей әсер етеді.

Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға 2023 жылы аймағымызда 400 АЕК, яғни 5 млн теңгені құрайтын мемлекеттік гранттар 1547 жобаға 2,2 млрд теңге сомасында табысталып, оның ішінде жас кәсіпкерлердің үлесі 38,6 % яғни 857,6 млн теңгеге 597 жобаны құраған.

Шағын және орта бизнесті қолдау және дамыту бағытындағы шаралар биыл да іске асырылуда. Қазірдің өзінде кәсіпкерлікті қаржылай қолдауға бюджеттен 19 млрд теңге қаржы бөлініп отыр. Оның ішінде банк несиелерінің пайыздық мөлшерлемелерін субсидиялауға және ішінара кепілдік беруге 2 млрд теңге, жастардың кәсіпкерлік бастамасына 2,5 пайызбен несие беруге 2 млрд теңге, «Ауыл аманаты» аясында 5,7 млрд теңге, жұмыссыз азаматтардың кәсіпкерлік бастамасына қайтарымсыз гранттар беруге 2,3 млрд теңге қарастырылған.

Бұл мемлекеттік қолдау шараларын алуға аймақ кәсіпкерлерінің, оның ішінде жастардың мүмкіндіктері бар.

Жастар кәсіпкерлігін қолдау – тың идеялардың, инновациялардың, жұмыс орындарын құрудың және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартудың қозғаушы күші. Мұндай шаралар жастар арасында кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға септігін тигізіп, елдің экономикалық өсуі мен өркендеуіне ықпал етеді.

Жас кәсіпкер нені білуі тиіс?

Шағын және орта бизнестің, әсіресе жастар кәсіпкерлігінің дамуына кедергі келтіретін бірнеше мәселе бар. Банктер мен инвесторлар көбінесе жас кәсіпкерлерді тәуекелі жоғары қарыз алушы ретінде қарастырады, бұл несие мен инвестиция алуды қиындатады. Дегенмен қазіргі таңда кәсіп ашуды көздегендер мемлекет тарапынан өз деңгейінде қолдау тауып отыр деуге толық дәлеліміз бар. Қажетті қаражатқа қол жеткізу жыл санап жеңілдеп келе жатқаны көңіл қуантарлық жайт.

Екіншіден, күрделі бюрократиялық процедура мен жоғары әкімшілік жүктеме жас кәсіпкерлерге әжептеуір қиындық туғызады. Бизнесті бастау және жүргізу уақыт пен ресурсты, сондай-ақ жиі тексерулер мен көптеген ережелерді талап етеді.

Үшіншіден, кәсіби білім мен дағдының жоқтығы тағы бір мәселе. Жас кәсіпкерлерде көбінесе бизнесті жүргізу, маркетинг, қаржы немесе заң аспектілері туралы жеткілікті білім жоқтың қасы. Осының салдарынан кәсібін жаңадан бастаған жас кәсіпкер өз саласындағы сарапшылармен бәсеке кезінде үлкен кедергілерге ұшырайды.

Сондықтан жас кәсіпкерлерге бизнесті жүргізудің түрлі аспектілері бойынша кеңес беретін мамандандырылған бизнес-инкубаторлар мен стартап орталықтарына жүгінген абзалырақ. Бизнесті жүргізу, нарықты зерделеу және бизнес жоспарын әзірлеу бойынша білімін мейлінше толықтыру қажет. Бұл кез келген жас кәсіпкердің кәсіби деңгейі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.

 

Фото: topsov.com