Қызылордада өнеркәсіп өркендеп келеді

1 553

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда кәсіпкерлердің орны туралы «Экономикалық саясатымыздың мақсаты айқын, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Бұл – заман талабына сай әлеуметтік бағдары бар нарықтық экономика құру және дамыту. Бұл жүйенің өзегінде қоғам алдындағы жауапкершілігін сезіне білетін кәсіпкерлеріміздің ауқымды тобы тұратыны анық. Яғни бұл өзінің және балаларының тағдырын Қазақстанмен ғана байланыстыратын кәсіпкерлер. Дәл осындай кәсіпкерлер ел болашағы үшін өзіне жауапкершілік алуға дайын. Сол себепті кәсіпкерлікті дамыту үшін жүйелі жұмыс атқару өте маңызды» деген еді.

Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Бүгінде мемлекеттің қолдауының арқасында Қызылорда қаласында кәсіпкерлік саласы қарқынды дамып, көрсеткіштердің оң нәтижесі қалыптасқан. 

Шағын және орта кәсіпкерліктің даму динамикасын саралап көрсек, кәсіптің жылдан-жылға қарқын алып жатқанын байқаймыз. 

Айта кетейік, бүгінде жалпы қалада 32 064 кәсіпкерлік субъекті жұмыс жасауда. Ал облыс бойынша кәсіпкерлікке тіркелген нысандар санының 49,2% пайызы, яғни жартысына жуығы Қызылорда қаласының үлесінде. 

Өңірімізде мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы бойынша көрсеткішке көз жүгіртсек, мемлекет тарапынан былтыр жыл басынан бері қала бойынша 15,4 млрд теңгені құрайтын 853 жоба қаржылай қолдау алып, шамамен 1253 жұмыс орны ашылған. 

«Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» аясында субсидиялау бағыты бойынша құны 8,2 млрд теңгені құрайтын 275 жоба қаржыландырылған. 

Аталған жоба аясында грант беру бағыты бойынша құны 262,1 миллион теңгені құрайтын 190 жоба қаржыландырылса, «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы» микроқаржы ұйымы ЖШС арқылы өз қаражаты есебінен жалпы құны 621,5 миллион теңгені құрайтын 71 жобаға қаржы берілген. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы «Жастарға арналған несие» (2,5процент) бойынша жалпы құны 128,8 миллион теңгені құрайтын 29 жоба қолдау тауып, 45 жобаның құны 790,5 миллион теңгені құраған. Сонымен қатар «Шағын және орта бизнес кредиттері бойынша ішінара кепілдендіру» арқылы 243 жоба қолдау тапқан. Ал бөлшек сауда көлемі өткен жылдың салыстырмалы кезеңімен 100,3 процентке жеткен. Былтырғы көрсеткіш бойынша қалада шағын өнеркәсіп саласында 706 жаңа жұмыс орны ашылған. 

Мәселен, қалада кәсіптің көзін тауып, халық тұтынатын тауар дайындап жатқан қап зауыты бар. Кәсіп иесі Ербол Қожанбаев өз ісіне шынайы берілген азамат цехты кеңейту жұмысының қалай жүріп жатқандығын, шикізаттың қайдан алынып, өнімнің қайда сатылатындығынан хабардар етті. Қалдықсыз өнім өндіретін өндіріс ошағы айына 800 мың қап тоқиды. Мұнда 17 адам еңбек етеді. Барлығы да – жергілікті тұрғындар. Отандық өнімнің әлеуетін арттырғысы келетін кәсіп иелерінің басты мақсаты – сырттан келетін тауарды ығыстырып, өнімнің қолданыс аясын кеңейту. 

Шағын зауыттағы тіршілік қарбаласқа толы. Күріш қабы дайын болғанға дейін бірнеше сатыдан өтеді. Әуелі пропилен түйіршіктері арнайы қондырғыда ұсақталып, 250 градусқа дейін қыздырылады. Одан күнделікті тұрмыста қолданылып жүргендей кәдімгі пленка шығады. Жіңішке, тілініп, тоқуға икемделеді. Содан кейін ол пленка иіріліп, жіпке айналады. Жіпті станокқа қояды. Бірнеше жіп тоқылып, жиектеме тігіліп, қап болып шығады. 

Қызылордалық кәсіпкер Мақсат Таев жас кезінен ағаш ою, қазақтың ұлттық музыкалық аспабы – домбыра мен басқа да интерьер бұйымдарын жасауға құмар болыпты. Кейіннен ағаш кесуге арналған заманауи кәсіби жабдық сатып алып, осы бағытта өз бизнесін дамытпақ та болды. Алайда жинаған қаражатына досының ақылымен ағаш өңдеу жабдығын сатып алып, жиһаз өндірісін қолға алады. Беларусь, Италиядағы компанияларда жұмыс істеген, осы салада білімі мен тәжірибесі мол досы өз тәжірибесін бөлісіп, ағаштан түйін түюдің қырсырын үйретті. Осылайша, 2020 жылы кәсіпкер «Ади Мебель» деген атаумен жеке кәсіпкерлік нысанын тіркеді. 

Оның тұтынушылары күннен-күнге көбейіп, өніміне де сұраныс артты. Қазір компания тапсырыс бойынша кез келген күрделі жиһазды жасайды. Бағасы жиһаз түріне, дизайнына, дайындау күрделілігіне және мерзіміне байланысты. 

2022 жылы өз кәсібін кеңейтіп, тапсырысты арттыру мақсатында Мақсат Таев «Ұлттық жоба» бағдарламасы аясында ForteBankтен төмен пайызбен несие алып, қаражат жиһаз цехына арналған қойма және жиһаз жасау мерзімін қысқарту үшін арнайы жабдық сатып алды. Бұл тапсырысты тезірек орындауға мүмкіндік берді. 

"Қазір жиһаз индустриясы қарқынды дамып келеді. Сондықтан дизайнды үнемі соңғы үлгіде жаңартып, сапалы материалдар қолдануға тырысамыз. Яғни заман көшінен қалмай әрекет етудеміз", – дейді кәсіпкер. 


Қалалық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Арынның айтуынша, қала көлемінде тиісті мекемелермен бірлесіп кәсіпкерлік нысандарды аралап, санитарлық тазалықты сақтау, белгіленбеген орындарда сауда жасаудың алдын алу және тағы басқа да жұмыс бойынша түсіндірме жұмысын ұйымдастырып отырады. Қалада кәсіпкерлікті дамыту мақсатында тұрғындарға, оның ішінде жастарға мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар туралы түсіндірме жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. 

Соңғы жылдары қалада кәсіпкерлік саласы өркен жаюда. Кәсіптің дамуы әлеуметтің әлеуеті артып, жұмыссыздықтың азаюына мүмкіндік береді.