Қызылорда облысының тұрғыны егіз баласын сатқан
Қызылорда облысының тұрғыны егіз баласын сатқан, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Арал ауданының тұрғыны сотталушы бір азаматпен танысып, жақын қарым-қатынаста болып жүріп, салдарынан жүкті болып, егіз нәрестелі болатынын білген. Алайда, ол балаларын сату арқылы пайда табуды көздеген.
Сөйтіп, өзінің таныстары ерлі-зайыпты сотталушылармен кездесіп, босанғаннан кейін балаларын ерлі-зайыптыларға сату арқылы беру туралы өзара келісімге келген.
Келісім бойынша ерлі-зайыптылар сотталушыға «Kaspi bank» қосымшасы арқылы дәрі-дәрмек және азық-түлік алу үшін 2023 жылдың қаңтар-сәуір айларында әртүрлі соммада барлығы 60000 теңге аударған.
2023 жылғы 21 сәуірде сотталушы Қызылорда қаласындағы «Ана мен бала орталығында» егіз баланы дүниеге әкелген.
Ерлі-зайыптылар сотталушыны перзентханадан шығуына байланысты егіз балаларымен бірге күтіп алып, Арал қаласына тасымалдап алып барған.
Сотталушы өзінің жаңа туған балаларын ерлі-зайыптыларға табыстап, келісім бойынша 200000 теңгені қолма-қол алып, бас пайдасына жұмсаған.
Әрі қарай келісілген қаражатты бөліп төлеуге келісіп, ерлі-зайыптылар сотталушыға «Kaspi bank» арқылы 252 000 теңгені және 34000 теңгені бөлек-бөлек аударған. Осылайша, сотталушы ерлі-зайыптылардан егіз балалар үшін жалпы сомасы 546 000 теңге алған.
Сотталушы және ерлі-зайыптылар нотариусқа жүгініп, сотталушы егіз балаларды ерлі-зайыптылардың асырап алуына және алдағы уақытта қамқорлыққа алуына келісім берген.
Осылайша, сотталушылар алдын ала сөз байласу арқылы материалдық тәуелділікті пайдаланып, кәмелетке толмаған екі адамға қатысты сату әрекетін жасаған.
Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен өзінің балаларын сатқан сотталушы Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 135-бабы 2-бөлігі 1),5),10),12)-тармақтарымен кінәлі деп танылып, оған 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Ерлі-зайыпты сотталушылар мен Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 135-бабы 2-бөлігі 1),5),10),12)-тармақтарымен кінәлі деп танылып, Қылмыстық Кодекстің 55-бабы 4-бөлігі қолданып, 2 жыл мерзімге бас бостандығын айыру жазасы тағайындалды.