Алмаға сұраныс жоғары
Жалағаш ауданына қарасты Т.Жүргенов атындағы ауылда көп жылдан бері еңбек етіп келе жатқан «Ер-Әлі» және «Құрманбай ата» шаруашылық ұжымдары бар, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Заман талабына сай кәсіпке бейімделген ауыл азаматтары елге болсын деп егін егіп, бақ өсіріп, туған жерінің көркейіп- көгалдануына да барынша үлес қосып келеді.
Сыр өңірінің табиғатына төзімді, жергілікті тұрғындар көп тұтынатын күріш дақылы әлемдік сауда алаңында да сұранысқа ие. Сондай-ақ жаңа технологияны пайдаланудың нәтижесінде кейінгі жылдары күріштің сапасы да, өнімділігі де арта түскен. Дегенмен жылдан-жылға егінге су тапшылығы туындап отырғаны белгілі. Осыған орай шаруашылық суды аз пайдаланатын өнім түрлерін егуді қолға алды. Айталық, кейінгі жылдары бақша егіп, ауыл, аудан тұрғындарын картоп, сәбіз, қызылша секілді күнделікті тұтынатын көкөністермен қамтамасыз етіп келеді.
Ал 2018 жылы көршілес оңтүстік өңірден бірнеше сортты алма ағаштарын әкеліп, алғашқы көшеттерін отырғызды. Рас, бастапқыда «қалай болар екен» деген уайым басымдау болды. Өйткені Шымкент өңірінің шұрайлы жерінде өскен жеміс ағаштары Сырдың тұзды топырағына бейімделуі оңай емес еді. Бірақ ерекше күтімнің арқасында жас көшеттер жайқалып шықты. Алма ағашының алғашқы өнімінен дәм татқан ауылдастары бағбанға алғысын жаудырып жатты.
Иә, айта кеткеніміз артық болмас, біздің бала күнімізде осы ауылдың тұрғыны Әшен қарттың алма бағы туралы әңгіме ел аузында жүретін. Әшен бағының алмасы ала жаздай ауыл, аудан тұрғындарының сұранысын өтейтін. Ал бүгінде егін егіп, бақ өсіріп, еліне адал қызмет етіп жүрген Бекжановтар аудан, облыс аумағынан бөлек, еліміздің бірнеше өңірлерінен тапсырыс алып, табиғи өнімін ұсынып отыр.
Алма бағының көлемі 6 гектар, 12600 түп ағаш. Соған сәйкес бақтың күтіміне қарайтын тұрақты жұмысшылар бар. Айталық, бүгінде «Гала М-9», «Голден М-9», «Гранни смидт М-9», «Фуджи М-9», «Конфетка ММ-106» деп аталатын бес түрлі алма сорты сатылымда. Тұрғындар сұранысы да жоғары. Өйткені күздік алма сорты сақтауға да қолайлы. Мысалы, дәл осы кезде жұрт жәшіктеп сатып алып, Жаңа жылға дейін сақтауға қам жасап жатыр. Алыстағы ағайынға сәлемдеме ретінде жіберсеңіз де, қуанып қалары сөзсіз!
«Ер-Әлі» шаруашылығының төрағасы Әліби Бекжановты әңгімеге тартып едік.
Ә.Бекжанов тәжірибелі кәсіпкер ретінде ауыл шаруашылығы саласындағы күрделі мәселелерді көтеріп, кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды тиімді іске асыруға байланысты ұсыныстарын ортаға салып, қоғам алдындағы жауапкершілігін де белсенді атқарып келеді.