Табысқа жетудің формуласы – еңбек пен білім

1 554

Қармақшы ауданында кәсіпкерлік саласы жылдан-жылға өркендеп, қанатын кеңге жаюда, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Бұл орайда саланың дамуына үлес қосып, елге адал қызмет етіп жүрген кәсіпкерлердің еңбегін айтпау кету мүмкін емес. Олардың қатарынан бірнеше кәсіпті қатар меңгеріп, сонау тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ тұтынушысының алғысына бөленген белгілі кәсіпкер, қайырымдылық іс-шараларының тұрақты қатысушысы, ауданның «Жылдың үздік кәсіпкері», «Жыл меценаты» аталымдарының иегері Рабиға Балғабаеваның есімін ерекше атаған болар едік. Жақында кәсіп иесімен сұхбаттасудың сәті түскен еді.  


- Рабиға Жайбергенқызы, сұхбат беруге келіскеніңізге рахмет айтамыз. Сауда саласына келмес бұрын мектепте сабақ беріп, тәжірибелі ұстаз болдыңыз. Педагогикада бастауыш және тарих пәні мұғалімі сынды екі бірдей дипломыңыз бола тұра, не себепті кәсіпке көңіліңіз ауды. Мұндай таңадау жасауыңыздың белгілі бір себебі болған шығар? 


– 1993 жылғы елдегі жағдайды өзіңіз жақсы білесіз ғой. Мектепте мұғалім болып жүрген кезім. Кенже балама аяғым ауыр болатын. Келесі жылы ұлымыз дүниеге келді. Ақша ауысып, мемлекетіміздің қайта құрылып жатқан кезі. Қайда бет бұрары белгісіз, қоғам алдында не тұрғанын білмей дағдарған тұс. Бұған дейінгі ақшамыз тиын болып қалды. Бала өмірге келген соң оның күтімімен демалысқа шықтым. Сол кездер отбасымыз үшін қиындау болды. Мәдениет үйінде қызмет ететін жолдасым жұмыстан қысқарып қалды. Балалар жас, тіпті де қиналдық. Онда басымыздағы қиындықты әке-шешеге айту деген жоқ. Ең бірінші саудамды айтсам, күлетін шығарсыз. Сонда да болса айтайын. Елдің бәрі теміржол вокзалының қасындағы базарды күнкөріс қамы етті. Үлкен жақсы біледі, оны сол уақытта «Шайтан базар» деп атаушы едік. Қой, бұл болмас, тіршілік істеуім керек деп, үйден сататын зат іздестірсем, қағазымен (этикеткасымен) тұрған көк жамылғы (одеяло) бар екен. Соны бүктеп алып, базар қайдасың деп тартып тұрдым. Сабақ бергенімде бір оқушымның ата-анасы бар еді. Сол кісіге барып, әлгі затымды сатып беруін өтіндім. Ол да қарсы болмай, алып қалды. Үш күн қатарынан барамын ғой базарға, затым өтті ме екен деп. Өтпеген, үйге қайтып келемін. Болмағасын алып кетейін, күнде-күнде келе бергеннен болмас әуре болып деген оймен тауарымды құшақтап, саябақтың ішінде келе жатқанмын. Далада кеш түсіп, алакөлеңкеленіп кеткен. «Жолы болар жігіттің, жеңгесі шығар алдынан» дегендей, қарсы алдымнан бір үлкен кісі шығып, «Балам, қолыңдағы одеялыңды сатасың ба?» деді. Өзім ыңғайсызданып қалдым, бірдеңе дейін десем базарда тұрғаным жоқ. Сасқалақтап, «иә, сатамын» дедім. Бір кезде бағасын сұрады. Ақшаның теңгеге ауысқанымен нарқын біле білмеймін. Өз басым әлі теңге ұстамағанмын. Не айтарымды білмей тұрғанда, апа 3 теңгеліктен жетеуін алақаныма салды да, «21 теңгеге бересің бе?» деп сұрады. Мен де келісе кеттім. Содан затымды сатып, мәз-мейрам қуанып үйге келдім. Үлкен баламыз Қуаныш қазақ-түрік лицейінде оқитын. Жаңылмасам, оқу орнының алғашқы ашылған кезі ғой деймін. Ауданнан барған 10 баладан біздің бала  ғана түсіпті. Сөйтіп, баламды алып, қалтама бағанағы одеялодан түскен 21 теңгені салып, Қызылордаға қарай жол жүріп кеттім. Пойызға 2 теңге төледік, 19 теңгемен универсам дүкеніне бардым. Кезек өте көп екен. Сонда да болса, кезекке тұра салдым. Ондағы ойым – әйтеуір ауылға бос қайтпай сататын зат алып кету. Кезегім жақындағанда қарасам, әдемі әмиян сатып жатыр екен. Тәуекел деп, одан 10 теңгеге 5 әмиян сатып алдым. Екінші кезекке де тұрып, одан 7 теңгеге француз опасын алдым. Опа пайдаланып көрмеген мен бұған да көзді жұмып жібердім. Кезегім келгесін алуға тура келді. Қалған теңгеме нан алып, жолпұл қылып кері қайттық. 


– Ауылға келген соң сол заттарыңызды сатуға шыққан шығарсыз? 


– Иә, ертесіне өзіміздің базарға барып, Күлай деген таныс әйел бар еді, соның қасына жайғасып, бұйымдарымды саудалап 2 есе бағасына саттым. Осылайша, сауданы бастап кеттім. Бала кішкентай, кейде саудаға шыға алмай қаламын. Дегенмен күнкөріс керек. Төретамға барып нан да саттым. Тоқаш, бәліш сатып жүрдім. Қаржыны үнемдейін деп, газға қуырмай ошаққа қуыратынмын. Жүгіріп барып 2 мезгіл базарға сатып келемін. Қамырымды қайта-қайта қайтарып иелеймін. Менің перашкиімді жұрттар күтіп отырады. 1999 жылға дейін осылай сауда істеп жүрдім. Болмаса біреулердің затын сатып беремін. Не керек, тыным таппадым. 1995 жылы баламыз лицейді бітірді. Соған оқуға түсуге керек болады деп азын-аулақ ақша жинап жүргенмін. Бір күні балам «Мама, мен оқуға түстім» деп айтып тұр. Содан ол Ақтөбедегі Қ.Жұбанов атындағы университеттің «Қаржы және несие» факультетіне грантпен оқуға түсті де, соған деп жинаған 150 мың теңге қолымда қалды. Вокзалда Бектібаев Жұмабек деген кісі дүкенін сатады екен дегенді естіп алдым. Көшеде онымен кездесіп қалғанымда түйіншекке оралған сол жинақ ақшамды қолына ұстатып жатсам, «ау, дүкенді алған соң есептесесің ғой» дегені бар маған. Мен болсам әлі алмаған дүкенімді «ақшаны жоғалтып алармын, ала беріңіз» деппін. Бастан ондай қызықты жағдайлар да өткен. Қазір күлкілі көрінгенімен, ол кезде басқаша еді-ау. Бір жағынан қуанышым  да болар. Жолбойындағы бірінші дүкенім – осы. Оны сатып алғасын  1999 жылы кәсіпкер болып заңды түрде тіркеліп, жұмыс бастадым. Десе де, мұғалімдікті де қимайтынмын. Ол да менің арманым іспетті жұмыс еді. Бір жағынан кәсіп те істегім келді. Қалай десем де, саудаға қызығушылығым күшті болды, оған қоса бейімім де бар. Сол сауданы дамытып әрі қарай кеттік қой.         


– Не нәрсе де бірден дөңгеленіп кетпейтіні түсінікті. Кәсіп бастаған жылдарыңызды еске алайықшы? Қандай оқиғалар орын алды?


– Әуеліде бастағанда өте қиын болды. Балам жас. Тынбау, демалмау керек. Әр минутың бағалы. Таңертең 7-де базарда тұратынмын. Демалмайтынмын. Түнімен үйдегілердің бар ас-суын дайындап кетемін. Баланың да қажеттіліктерін өз алдына дайындап, әкесіне тапсырамын. 30 жылдық кәсіптегі тәжірибемде түсінгенім – сауданы адал істеу керек. Өтірік өрге бастырмайды. Тазалық қана алып шығады. Сосын сатылатын заттың үстіне қымбат баға қоймауды қатты қадағаладым. Осы жылдарда шаршап, ауырып жүретін кездерім де болды. Бірақ жұмыстан қалмаймын. Таңертеңнен қара кешке дейін дамыл көрмедім. Пойызға тауар салынған 5-6 сөмкені жалғыз өзім тиеймін, оны елге келгесін түсіремін. Вагонның үшінші қабатына өзім шығаратынмын. Ол жылдары үкіметтен көмек те жоқ. Ал қазір жақсы көмектесіп жатыр. Шүкір емес пе?!


– Жыл санап кәсібіңіз кеңейіп келеді. Түрлі заманауи ғимараттар салудасыздар. Соның бірі – «Мағжан» кафесі көктемде іске қосылмақшы деген сүйінші хабар бар. Жетістікке жетуіңіздің сіз үшін басты формуласы қандай? 


– Кәсіпте жетістікке жетудің формуласы – білім мен еңбек. Кәсіп жасауға менің білімім жетті. Екі бірдей диплом алғанмын. Мәншүк Мәметова атындағы педогогикалық училищеден «Бастауыш сынып мұғалімі» және Қазақ мемлекеттік университетінің «Тарих» факультетін бітірген болатынмын. Содан да болар жүрегімнің бір түкпірінде білім саласына деген махаббатым әлі күнге тұрады. Балаларды жақсы көремін. Мұғалімдерді қоғамда бірінші адам деп айтып жүремін. Білім саласына міндетті түрде көмектескенді жаным қалап тұрады. 

Кәсіпті кеңейту – ол дамылсыз еңбек ету деген сөз. Көзін тауып істеу керек. Басында тамақ саттым. Халықтың сұранысымен киім-кешекті де қолға алдық. Сөйтіп кете берді. Осындай деңгейге көтеріліп жатқанымыз – алдымен Алланың, одан соң халықтың арқасы. Тұтынушымен тіл табыса, жұмысшылармен жылы қарым-қатынаста жұмыс істей білу керек. Біздің адамдарымыз менімен бірге алды 24 жылдан бері еңбек етіп келе жатыр. Оларды да жауапкершілігіңе аласың. Зейнет жасына келіп тұрғандары бар. Олардың өмірге деген қызығушылығы болуы керек. Сондай жақсы ортада жұмыс істеп жатқандарын біледі деп ойлаймын. Мысалы 8, 22-інші наурыз мерекелерінде бәріне қаржылай сертификат, сыйлықтар беремін. Алды 100 мың теңгеден  басталады. Олардың қуаныш сезімінде болғанын қалаймын. Жетістік формуласының тағы бірі көрінісі – кәсіпкердің қарамағыңдағы адамдармен жақсылығын бөлісе білуі. Жалғыз кәсіпкер не істей алады. Сол қызметкерлер жұмысты жүргізетін де, алға қарата жылжытатын да. Сен адал қарасаң, олар да адалдықпен қарайды. Өзіңнің ыстық ықыласыңды біліп тұрса, олар да сізге солай ықылас білдіреді. 


– Қазір кәсіпкерліктің заманы деп жатамыз. Өз-өзіңді жұмыспен қамтып қана қоймай, өзгеге де жұмыс көзін ашу керексің. Ұжымыңызда қанша адам жұмыс істейді? 


– Бүгінде ұжымда 50-ден аса адам жұмыс істеп жүр. Біз мектептердің де ыстық тамағын алғанбыз. Елді мекен, Жосалы кентінде бірнеше дүкен, кафеміз бар. Нан өнімін шығарамыз. «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасымен істеп жатқандары да бар. Оларды тұрақтандырып алып қалып жатырмыз. Құдай қаласа, «Мағжан» кафесін мамыр айының ортасында іске қосамыз ба деген жоспарда отырмыз. Онда тамақтың көптеген түрі дайындалады және оған керекті ет өнімдері өзімізден өндіріледі. 


– Өзге әріптестермен байланыстарыңыз қалай?


– Байланысымыз жаман емес. Басымыз қосылып тұрады. Ортамыз бар. Пікірлесіп, тәжірибе алмасамыз. 


– Отбасыңыз жайлы айтып өтсеңіз. Кәсібіңізді жалғастырып отырған балаларыңыз бар ма?  


– 1980 жылы кент тұрғыны Бауыржан Медекешұлы есімді азаматқа тұрмысқа шықтым. Отбасымызда 3 баламыз, немерелеріміз бар. Тұңғышымыз – Қуаныш отбасылы, 3 баласы бар. Астанада тұрады. Қызымыз – Банумаржан да тұрмыс құрған. Ол да 3 бөпелі. Қызылордада тұрады. Кенжеміз Мағжан менің көмекшім және жүргізіп отырған оның да өз кәсібі бар. Жалпы балаларымыз жолымызды жалғап отыр деп айта аламыз. Қызымыз да кәсіппен шұғылданады. 

Кәсіпте бір жағынан көмек болған – балаларым. Мәселен, «Мама, мәдениетті сауда істесеңізші» деп, тендерге қалай түсуге болатынына икемдеп, кеңес берген Қуаныш балам болса, Мағжан да еңбекқор. Таңертеңнен түннің бір уақытына дейін жұмыста жүреді. Жастарға қазір мүмкіндік өте көп. Мемлекет тарапынан түрлі төмен пайызбен  несиелер берілуде. Түсінген адамға мұның өзі көп көмек. Әттең деймін осындайда. Сәл жастау болғанымда, талай дүниені жасауға болар еді. Өндіріс орындарын ашар едім. Тігінмен айналысу да – пайда әкелер  еді. Халық сырттан тасымалданған киім кимей, өзіміздің өнімдерді тұтынар еді. Талпынып жатқан жастар да бар, әрине. Алайда әлі де жастардың белсенділігі жетпей жатқандай сезіледі маған кейде.     


– Сіздің ойыңызша, кәсіпте жоғары нәтижеге қол жеткіземін деген жанға қандай қасиет керек? Кәсіп бастаушыларға қандай ақыл-кеңес берер едіңіз? 


– Жастар еңбекқор әрі тапқан табысына масайрап кетпеуі керек. Кейбір жастар ақша тапса, жұмсап жіберуге бейім тұрады. Олай болмау керек. Алдында мақсаты тұрсын. Соған жетуге тырысса, ғанибет. Жұмыс беріп отырған ұжымын жақсы көріп, сыйлауы керек. Сонда ғана оң нәтижеге жетуге болады. Менің ең бірінші арманым – қарамағымда жұмыс істейтін қызметкерлерге айлық тауып беру. Кешіктірмей бере алсам. Ол сенің үйіңнің адам сияқты. Өзіңе, балаларыңа не тілесең, оған да соны тілейсің. Мен қазір бақыттымын. Сол бақытты сезіндіретін – ұжымым. Солар жақсы болса, мен жақсымын. Тілеуін тілейсің. Жаман аты шықпаса, жағдайы жақсарса екен дейсің.  


– Алдағы жоспарыңызбен бөлісе отырсаңыз?


– Бұрынғыдай жас емеспіз. Кәсіп аша бергім келмейді. Мағжан кафе ашып отыр. Соны тиянақты етіп істесе деймін. Кеңейте бергім келмейді. Балама келешекте өндіріс орнын ашуға кеңес беріп жүрмін. Әлбетте ол уақыттың еншісіндегі дүние. Менің жұмысымды дамытып әкетсе, халықтың алдында абыройлы болса, анасы ретінде де, кәсіп иесі ретінде де – тілегіміз осы. Демеп, қолдасам деймін. 


– Әңгімеңізге көп рахмет! Кәсібіңізге береке тілейміз.