Мемлекеттен грант алған кәсіпкер «Құлыншақ» атауымен балалар киімін шығаруда

1 504

Бүгінде балалар киімі өте көп. Десе де оның ішінде сапалысын таңдап алуда ата-аналар қиналып жатады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Қала тұрғыны Перизат Ашықбаеваның төрт баласының да аллергиясы бар. Балаларына денеге ыңғайлы үй киімдерін бұрын сырттан тапсырыспен алдыратын. Енді көпбалалы ана мұндай киімдерді өз тігіп сатуға қол жеткізді. Ол жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыруға арналған мемлекеттік грант иеленіп, «Құлыншақ» атауымен балалар киімін шығаруда.


Үйде бала күтімімен отырған жас ана осы уақытқа дейін де тігіншілікпен айналысқан. Бірақ арнайы тігін машиналары мен құрал-жабдықтары, сапалы мата мен жіп болмаған соң тапсырыс алмайтын. Қайтарымсыз грант арқылы өзінің идеясын іске асырғанына қуанышты.


"Қазір байқасаңыздар, балаларға арналған сапалы киімдердің көбі Түркия елінен келеді. Оның бағасы да қымбат. Көп ата-ананың қалтасы көтере бермейді. Бір жағы балаларымның киімге аллергиясы бар-тұғын. Мен секілді аналардың мәселесін шешу үшін осы идеяны жүзеге асырып, үй және спорттық киімдерді шығаруды қолға алдық. Матасы мен жібінің өзін Түркияның ең мықты деген зауыттарына тапсырыс беріп, алдырып жатырмыз. Бояуы шықпайтын сапалы матадан тігілгендіктен, денеге де ыңғайлы. Жатарда киетін киімдер 4-6 мың теңге аралығында болса, спорттық киімдер 6-8 мың теңгеден. Бұл киімдерге «Құлыншақ» деген атау бердік. Оның заттаңбасын алматылық дизайнерлер жасады", – дейді Перизат.


Тігіншінің айтуынша, балаларға арналған киімді таңдағанда, матаның сапасына және оның құрамына назар аудару керек. Мақта, зығыр, жүн және жібек денсаулыққа ең қауіпсіз болып саналады. Табиғи материалдардан жасалған киімдер терлетпейді. Денеге ыңғайлы, жұмсақ.

Әзірге ол өзімен бірге тағы бір адамды жұмыспен қамтып отыр.


Қазақ халқы ертеден-ақ, «балалы үй – базар» деп ұрпағын ерекше қадірлеген. Жас нәресте дүниеге келісімен, оның киім-кешегіне ерекше көңіл бөлген. 


Қазіргі уақытта әдемі, сәнді киінуді жұрттың бәрі қалайды. Оның ішінде балалар да бар. Сәбилер мен жасөспірімдерге арнап киім тіккен кезде, оның үлгісін, пішімі мен стилін ғана емес, жас ерекшелігін, ыңғайлы болуын, матасының сапасын, тағы басқа нәрселерді ескеру қажет.