Шиеліліктер «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына қолдау білдірді

1 517

Мемлекет басшысының аумақтарды абаттандыру және көгалдандыру тапсырмасына сәйкес елімізде бастау алған «Таза Қазақстан» акциясына Қызылорда облысының Шиелі ауданы тұрғындары ерекше қолдау білдіруде, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Бүгін шиеліліктер аталған акцияны қолдауға шақырған облыс әкімінің үндеуі аясында экологиялық акция ұйымдастырды. Бұл туралы Өңірлік коммуникацилар қызметі хабарлады. 


Аудан халқы даңғайыр дихан Ыбырай Жақаев атындағы саябақта тазалық жұмыстарын жүргізіп, ағаш көшеттерін отырғызды.


Экологиялық акцияға аудан әкімдігінің, шаруашылық құрылымдарының қызметкерлері, белсенді тұрғындар мен жастардан 300-ге жуық тұрғын қатысты.


«Сыр бойының Швейцариясына» теңелген Шиелі ауданында өткен жылы 36 мың түп ағаш отырғызылса, биыл 31 мыңнан астам ағаш көшеттері егілді, арнайы қоқыс полигондарына 1 680 текше метр қоқыс шығарылды.


Өткен жылы облыс әкімінің қолдауымен алғаш рет өткізілген «Үлгілі елді мекен» конкурсының «Үлгілі аудан орталығы» номинациясының жеңімпазы атанған Шиелі ауданының тұрғындары экологиылық акцияға белсенді атсалысып, туған жерді түлетуге өз үлестерін алдағы уақытта да қоса бермек.

Елімізде «Таза Қазақстан» республикалық акциясы басталды. Экологиялық шара әр апта сайын белгілі бір тақырып аясында өтеді. Мәселен, бірінші апта «Таза өлке» деп аталады. Тұрғындар, қоғам белсенділері, ұйымдар мен кәсіпорындар үйлері мен ғимарат аумақтарында тазалық жүргізеді. «Киелі мекен» деп аталатын екінші апта тарихи-мәдени ескерткіштер аумағын абаттандыруға арналады. Ал үшінші аптада көшеттер отырғызылып, ағаштардың түбі әктеледі. «Өнегелі ұрпақ» дейтін төртінші аптада ардагерлер сарайы мен қарттар үйлерінің аумақтарын тазарту көзделген. Соңғы бесінші аптада өзен-бұлақтардың арнасы қоқыстан тазартылады.

Сәуірдің 13-іне дейін өтетін алғашқы апталықтың атауы - «Таза өлке».

Апталық барысында елді мекендердің тұрғындары, қоғам белсенділері, мекеме, кәсіпорын қызметкерлері іргелес аумақтар мен аулаларды тазартады.

20 сәуірге дейінгі апталық «Киелі мекен» деп аталады. Бұл апта тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағын абаттандыру жұмыстарына арналады.

Сәуір айының 27-сіне дейін «Жасыл аймақ» тақырыбымен өтетін апталық ағаш көшеттерін отырғызу, көшеттерді әктеумен ерекшеленеді.

4 мамырға дейінгі кезең «Өнегелі ұрпақ» деп аталып, ардагерлердің аулалары мен қарттар үйінің аумақтарын тазалауға және абаттандыруға арналады.

«Мөлдір бұлақ» деп аталатын соңғы, бесінші аптада су қоймаларының айналасы, өзен-көлдер қоқыстан тазартылады.

Акцияға еліміздің барлық өңірлері қатысып, Қазақстанның түкпір-түкпірінде қайырымдылық және мәдени іс-шаралар өтеді.