Аймақта мемлекеттік тілді дәріптеу қолға алынады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен үшінші рет Атырау қаласында өткізілген Ұлттық құрылтай ұлттық сипатқа ие, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Kyzylorda-news.kz сайтына сілтеме жасап.
Осы ретте жастар арасында мемлекеттік тілді дәріптеу аясында ұйымдастырылатын тіл айлығы туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында брифинг өткен болатын. Жиын барысында облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Артур Қамбаров, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының төрағасы, тіл жанашыры Аңсат Сәдуақас, облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ директорының орынбасары Қорған Өтегенов қатысты.
Құрылтай отырысында Президент ана тілдің қолдану аясын кеңейте түсу мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қала беретінін, күнделікті өмірдегі қажеттілікті арттыру арқылы тілдің тұғырын нығайта беру керектігін мәлімдеді. «Бұл үрдісті одан әрі дамытудың ең тиімді әрі төте жолы – ағартушылық» – деп атап өткен болатын.
Мемлекеттік тіл – қазақ елінің басты ұлттық коды.
Қандай мемлекет болсын, ондағы мемлекеттік тілдің өмір сүріп, қызмет етуінің негізгі шарттарының бірі – тілді қолданушылар санының жеткілікті болуы. Бүгінде елдегі халықтың 70%- ын қазақ ұлты құрап отыр. Біздің өңірде 96,1%.
Мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болып отырған қазақ тілі – әлемдегі алты мыңға жуық тілдің ішіндегі қолдану өрісі жағынан жетпісінші, ал тіл байлығы мен көркемдігі, оралымдығы жағынан алғашқы ондық қатарында.
Ұлттың ұлт болып қалыптасуы ең алдымен ұлттық құндылықтарды дәріптеуден басталады.
Ұлттық құндылықтар – әрбір ұлттың болмысында ғасырлар бойы атадан балаға мирас болып келе жатқан адамгершілік қағидаттары.
Халықтың қазынасы – тілі, ділі, салт –дәстүрі, әдебиеті мен өнері ұлтымыздың рухани байлығы.
Осы орайда, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, салт-дәстүрлерімізді насихаттау мақсатында халқымыздың жыл басы және жаңару айы – наурыздан бастап Сыр өңірінде биылғы жыл – «Руханият жылы» деп жарияланды.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында: «Ана тілімізді, салт-дәстүрімізді, ұлттық сана-сезімді, қоғамдағы татулық пен келісімді, береке-бірлікті сақтай алмасақ, келер ұрпақ бізді кешірмейді. Әсіресе, мемлекеттік тілдің мәселесі өте маңызды. Тіл – ұлттың тұғыры, ұрпақтың ғұмыры. Қазақ тілі қазақты әлемге таныта алады. Қазақтың тілі – халықтың төлқұжаты. Мұны әрдайым есте ұстау керек. Біле білсек, ұлттық қауіпсіздік тілімізді қадірлеуден басталады» – деген болатын. Олай болса, тіліміздің тұғыры биіктей берсін!
Қазақстан – көп ұлтты бауырына басқан мемлекет. Елімізде шоғырланған өзге ұлт өкілдері құшағы кең қазақ елін тек қоныс көрмей, отанындай сыйлайды. Дәлел – мемлекеттік тілде еркін сөйлейтін әрі салт-дәстүрді жетік меңгергендер көбейген. Осы орайда қызылордалық Елена Пак және Дильфура Байрахтаровамен оқырманды таныстырғанды жөн көріп отырмыз.
Қазақ тілімен бірге тудым
Дильфура Байрахтарова Қармақшы ауданы «III Интернационал» ауылында дүниеге келген. 25 жылдық еңбек өтілі бар мұғалім №108 орта мектебінде тарих-география пәнінен дәріс береді.
– Қазақ тілін қалай үйрендіңіз?
– Қазақ тілін үйрену үшін арнайы сабақ өттім деп айта алмаймын. Себебі қазақ тілімен бірге тудым. Кішкентайымнан ана тілімдей болып кетті. Мектеп пен жоғары білім ордасында да орысша білім алдым. Дегенмен ортам, айналам қазақы болды. Сол себептен бе, осы тілді еркін игердім. Мемлекеттік тілде сүйсіне кітап, журнал мен газет оқимын. Ауылда 14 түрлі өзге ұлт өкілі тұрды. Мен орыс, түрік, қазақ тілінде еркін ойымды жеткізе аламын. Бұдан бөлек өзбек, кәріс ағайындарын түсінемін. Кәріс тілі жабық тіл, сондықтан үйрену оңай емес. Бірақ сөздерін түсінемін.
– Қазақ тілінде сөйлейтін өзге ұлт өкілін көргенде таңырқайтындар көп пе?
– Менің ойымша бұл таңғалатын жағдай емес. Қазақстанда өсіп-өнген соң ол – парыз.
– Қазақ тілін білетіндігіңіз сізге қаншалықты көмектесті?
– Жоғарыда айтқанымдай, мемлекеттік тіл білу – азаматтық борыш. Қазақ тілінде еркін сөйлеуімнің көмегі тиген сәттер көп. Студенттік шақта ұстаздарым риза болатын. Кейіннен қоғам белсендісі атандым. Жиын, кездесу мен мінберлерде сөз сөйледім. Мемлекеттік тілді меңгеру арқылы 2021 жылы облыстық мәслихатдепутаты, 2023 жылдан бастап Қармақшы аудандық мәслихатының VIII шақырылым депутаты атандым. Жетістіктерімнің барлығы ана тіліме айналған қазақ тілінің арқасы деп ойлаймын.
Хакім Абайдың 120 өлеңін жатқа білетін кәріс қызы
Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Ақмая ауылында дүниеге келген Елена Пак №49 орта мектепті үздік аяқтаған соң, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде филология мамандығын тәмамдаған. Бүгінде «Қоғамдық даму басқармасына қарасты «Қоғамдық келісім» КММ-де жұмыс істейді.
– Қазақ тілін меңгеруде қиындық болмады. Еркін сөйлеуіме ауылдағы қазақ балалары мен мұғалімдердің қосқан үлесі зор. Ата-анам кәріс ұлтының өкілдері. Ол кісілер қазақ тілін жақсы түсінеді, алайда таза қазақша сөйлей алмайды. Әрине, қай қоғамда өмір сүрсек те адамзаттың басты қатынас құралы саналатын тілдің маңызға ие екені белгілі. Бірнеше тілді еркін меңгерген адамның білімі мен дүниетанымы да кеңейе түсетіні рас. Тіл білгендіктен кез келген ортада емін-еркін сөйлеп, ойымды жеткізе аламын, – дейді кейіпкер.
Еленаның айтуынша, мектеп қабырғасында дәстүрлі түрде өтетін ақындар оқуларына жиі қатысқан. Поэзияға жақын болған соң қазақ тілінде өлең жаттау жеңіл және өлеңдер есінде мықтап сақталған.
– Ұстазым Бибігүл Сұлтанованың арқасында республикалық деңгейге дейін жетіп, жұлдызым жанған сәттер болды. Хакім Абайдың 120 өлеңін жаттағанмын. Сол кездегі басты мақсатым жаттаған өлеңдердің максималды санына жету болды. Есейе келе туындының мағынасына мән беріп оқитын болдым. М.Мақатаев, Ф.Оңғарсынова, Қ.Сарин, А.Елгезек ағаларымыздың да шығармашылығын жақсы көремін.
Қазір қазақ тілінде сөйлейтін өзге ұлт өкілдеріне таңғалатын адам жоқ секілді. Себебі мемлекеттік тілді трендке айналдырып жүрген өзге ұлт өкілдері, блогерлер мен тіл жанашырлары көп, – деді Е. Владимировна.