Байқоңыр айлағы жаңалықтың жаршысы болды
Көптеген елде 12 сәуір ғарышкерлер күні ретінде атап өтіледі. Бұл датаның ерекшеленуіне Байқоңыр ғарыш айлағының тікелей ықпалы бар, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Себебі осыдан 63 жыл бұрын, 12 сәуірде дәл осы айлақтан Юрий Гагарин «Восток-1» ғарыш кемесімен жер орбитасын айналып шыққан еді. Кеңістіктегі бұл шолу әлі күнге дейін адамзаттың ғарышты ашудағы ірі жетістіктерінің бірі ретінде саналады. Бұдан кейін де Байқоңыр айлағы көп жаңалықтың жаршысы болды. Еліміз түркітілдес мемлекеттер арасынан алғаш болып азаматын осы жерден ғарышқа ұшырды. Айтулы күннің қарсаңында Байқоңыр ғарыш айлағының тарихтағы орны мен саланың дамуына қосқан үлесін бір шолып өтуді жөн санадық.
Ел атын әйгілеген айлақ
Қазақстан тәуелсіздік алған 30 жылдан астам уақытта ғарышқа азаматтарды ұшырған алғашқы 40, жасанды жер серігін шығарған 70 мемлекеттің қатарына қосылып үлгерді. Әдетте ғарышты игеруге қатысып жатқан мемлекеттерді көбіне бейресми түрде ғарышқа ұшқан ғарышкерлерінің және жер серіктерінің санымен бағалайды. Ал еліміз тәуелсіздік алған кезде жер серігі де, ғарышкері де жоқ мемлекет болатын. Алайда әлемдегі тұңғыш ғарыш айлағы – Байқоңыр біздің елде. 1961 жылдан бері ғарышқа адам ұшырып келе жатқан айлақтан қазақ түгілі түбі түркінің бірде-бір перзенті ғарышқа ұшпады. Алпауыттар қатарына қосылған Түркияның өзі алғашқы ғарышкерін осы жылдың басында ғана ұшырғанын ескеріңіз. Кеңес одағы ыдырайтын кезде осынау олқылықтың орнын толтыруға еліміз мықтап кірісті. Сөйтіп 1991 жылы қазанда Тоқтар Әубәкіров ғарышқа ұшқан еді. Көп ұзамай 1994 жылы Талғат Мұсабаев зеңгір көкке самғаса, беріректе, 2015 жылы Айдын Айымбетов жер төңірегінде ұшып жүрген халықаралық ғарыш стансасына барып қайтты. Бұл тұста Талғат Мұсабаевтың ғарышқа бір емес, үш рет ұшқанын атап өткен жөн.
Еліміз 90-жылдардағы әлеуметтік-экономикалық қиын кездерге қарамастан, ғарыш саласын назардан тыс қалдырмады. Байқоңыр ғарыш айлағын 1994 жылы Ресейге алдымен 50 жылға, кейін 2050 жылға дейін жалға бере отырып, қалай болғанда да бірегей кешенді ғылыми негізде сақтап қалуға ұмтылды. Себебі адамзаттың ғарышты ашуға деген ұмтылысында айлақ үздік саналады. Біріншіден, экватор бойынша барлығы тең есептелген. Осы жерден ең ауыр жүктер ғарышқа ұшырылады. Адамның ғарышқа ең жылдам жетуі де осы жерден оңай. Сондықтан ел билігі Байқоңырдың маңызы мен оны сақтап қалудың өзектілігін жақсы түсінді. Байқоңыр – әлем үшін ғылыми-техникалық прогреске, ал адамзат үшін ғарышқа жол ашқан айлақ. Дәл осы ғарыш алаңынан ғарыш дәуірінің басталуын жариялаған алғашқы спутник ұшырылды.
Ғылым мен ғарыш – егіз ұғым
Қазір әлемнің дамыған елдерінің түгелі дерлік ғарыш саласына бас қойды. Берісі айға, әрісі Марс секілді планеталар мен жұлдыздар кеңістігіне дейін зерттеу жүргізілуде. Мемлекеттер, жекелеген компаниялар осы мүддеге жұмылды. Бұл тұрғыда Қазақстан да елеулі жұмыстар атқара алды. Мәселен, еліміздің ғарыштық байланыс жүйесін қамтитын KazSat-2 мен KazSat-3 бар. Олар Қазақстанның телехабар тарату мен байланыс саласындағы қажеттілігін толық қамтамасыз етеді. Олардың көмегімен еліміздің барлық аумағында орналасқан мемлекеттік мекемелерге байланыс, деректер беру қызметі мен интернет желісі ұсынылады. Сондай-ақ кейінгі жылдары байланыс спутниктері арқылы шалғай аудандардың тұрғындары үшін интернет тарату ісі жүзеге асырылуда.
2019 жылы елімізде ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешенінің құрылысы аяқталды. Ал 2020 жылы халықаралық стандарттарды және ғарыш аппараттарын құрастыру мен сынауға дайындығын растау үшін кешеннің операциялық біліктілігі тексерілді. Кешен жобалаудан бастап, спутниктерді құрастыруға және сынауға, сондай-ақ бөлшектерін дайындауға дейінгі жұмыстардың толық циклін жүргізуге мүмкіндік беріп отыр.
Әріге барар болсақ, 2005 жылы жарғылық капиталын 100 пайыз мемлекет өз мойнына алған «Қазкосмос» ұлттық компаниясы құрылған еді. Компания 2007 жылы «Қазақстан ғарыш сапары» ҰК» акционерлік қоғамы болып қайта жасақталды. Сол кезден бері бұл компания елге қызмет етіп келеді. Жерді қашықтан зондтау, ғарыш технологиясын дамыту, шетелдік компаниялармен бірлескен жобалар әзірлеу тәрізді қызметтерді осы компания атқарады. Қазір ғарыш саласындағы көптеген компаниялармен тізе қоса отырып жұмыс істеп жатқан жайы бар. Тіпті «Қазақстан ғарыш сапары» отандық ғарыш қызметін үйлестіруші деуге де болады. Өйткені компанияның бірнеше еншілес кәсіпорны бар. Жерді қашықтан зондтау, мониторинг, аэроғарыштық түсірілімдер қатарлы қызметтер осы компанияның еншісінде. Мәселен, 2021 жылдың басында компания Қазақстанда 1 млн гектардан астам егіс алқабының пайдаланылмай жатқанын ғарыш арқылы анықтаған. Жалпы, компания жер серіктерінің көмегімен ондаған миллион жерді цифрландырған. Сөйтіп, жер теліміне қатысты ақпаратты жүйелеп отыр. Демек, енді ол жерлерді заңсыз басып алу, игермей қою сияқты деректерді көзден таса қылмайды. Бұдан бөлек, отандық жер серігі 2019 жылы ел аумағынан заңсыз қоқыс төгілген 9628 орынды тапқан. Оның үстіне жыл сайын өрт шыққан жерлерді анықтап отырады. Қай маңда қандай нысан өртеніп жатқанын анық түсірілген суреттерімен қоса ұсына алады.
Сөз соңында, 2016 жылы елімізде алғаш рет «аэроғарыш өнеркәсібі» термині ресми мекеме атауларының қатарына енгенін айтсақ. Осы арқылы Қазақстан аэроғарыш саласы ел экономикасындағы маңызды бағыттардың қатарына қосылғанын паш етті. Ал жоғарыда тізбектеген қаншама жетістіктің бастауында Байқоңыр ғарыш айлағы тұрғанын ұмытпаған абзал. Қайткен күнде де айлақ келешекте ел үшін маңызды саналатын ауқымды жобаларды жүзеге асыруға себепші боларына сенім мол.