Балабақша тәрбиеленушілері 3 жасар қызды соққыға жықты
Ұлытау облысында мемлекеттік балабақшалардың бірінде бүлдіршінге жасалған буллингке қатысты шу шықты,-деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Әлеуметтік желіге тараған бейнежазбада балалардың бірі 3 жасар қызды еденге құлатып, кейін өзге тәрбиеленушілердің оны кезек-кезек ұрып, итергені анық көрінеді. Оқиға барысында тәрбиеші араша түсіп, қызды балалардан ажыратып алған.
Зардап шеккен қыздың ата-анасының айтуынша, мұндай қысым жеті ай бойы жалғасқан. Олар балабақша қызметкерлері жағдайдан хабардар бола тұра, тиісті шара қолданбады деп отыр. Ал тәрбиешілер болса, жанжалдың себебін қыздың сабақ үстінде басқаларға жиі кедергі келтіруімен байланыстырады.
Қазір оқиғаға қатысты білім басқармасы мен полиция тексеріс жүргізіп жатыр.
“Аталған факт Сәтпаев қаласының полиция бөліміне тіркелді. Оқиғаға қатысы бар тұлғалардан жауап алынып, балабақша қызметкерлерінен, ата-аналардан және куәлардан ақпарат жинау жүріп жатыр. Бала қауіпсіздігіне қатысты барлық жағдайлар мұқият тексерілуде”, – деді Ұлытау облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Аңсаған Тоқбергенов.







