ОБЛЫСТА ӘЛЕУМЕТТІК МАҢЫЗЫ БАР АЗЫҚ-ТҮЛІК ТАУАРЛАРЫ ЖЕТКІЛІКТІ

391

Облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі. 

Облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Мәселен, азық-түлік өнімдерінің бағасын негізсіз өсіруге жол бермеу үшін тұрақтандыру қорынан «айналым схемасы» арқылы келісім жасалуда. Қазіргі таңда тұрақтандыру қорында 671 тонна өнім бар. Ал соңғы бір апта көлемінде әлеуметтік маңыздағы екі өнімнің бағасы төмендеген. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев хабарлады.
"Бүгінде әлеуметтік маңызы бар тауарлардың өсу индексі 100,2 пайызды құрап отыр. Соңғы бір аптада азық-түлік тауарларының ішінде  үш өнімнің бағасы өсті. Атап айтсақ, нан бағасы – 0,6 пайызға, пияз бағасы  -3,7 пайызға, қант бағасы  – 3,6 пайызға көтерілді. Осыған сәйкес, тұрақтандыру қорымен бірлесіп бірқатар шаралар қабылдануда. Мәселен, «айналым схемасы» негізінде 20 келісім шарт жасалып, кәсіпкерлерге заем берілді. Осы арқылы кәсіпкерлер  9585 тонна өнімді қамтамасыз ететін болады. Сонымен қатар нан бағасын арзандату мақсатында «Азық-түлік корпорациясы» арқылы 14 316,5 тонна астық бөлінді. Бұл 7 айға дейін жеткілікті болады деп жоспарлануда. Ал «Көксу қант зауыты» мен «Азық-түлік келісім шарт» корпорациясы арқылы  1360 тонна қант облысқа жеткізілді. Ал жыл соңына дейін 3 155 тонна қант әкелінеді деп күтілуде", - деді басқарма басшысы Талғат Дүйсебаев.
"Бүгінде тұрақтандыру қорында 627,8 тонна өнім қоры бар. Атап айтсақ, ұн – 57,5 тонна, қарақұмық жармасы – 104,5 тонна, күріш – 20,9 тонна, қант – 82,5 тонна, өсімдік майы – 362,2 тонна. Жалпы барлық әлеуметтік дүкендерде 19 түрлі азық-түлік тауарлары белгіленген бағада сатылуда. Күн сайын әлеуметтік дүкендер мен сауда үйлеріндегі өнімдердің бағасына бақылау жүргізілуде. Бұған қоса апта сайын жәрмеңке ұйымдастырылып, азық-түлік өнімдері тиімді бағада сатылуда", - деді «Байқоңыр» ӘКК» АҚ басқарма төрағасы Самат Ерниязов.
Жыл басынан бері бағаны негізсіз көтерген 32 сауда нысанына қатысты арыз-шағым түскен. Жүргізілген тексеріс нәтижесінде 13 сауда орталығында заң бұзушылық анықталып, әкімшілік шара  көрілді. Қазіргі таңда 14 сауда үйіне тексеріс жұмыстары аяқталды. 
"Азық-түлік тауарларының бағасын негізсіз өсіруге жол бермеу мақсатында жоспардан тыс тексеріс жұмыстары жүргізілуде. Егер аталған дерек анықталған жағдайда тиісті шара қолданылатын болады. Тұрғындар көп жағдайда үй жанындағы дүкендер мен шағын маркеттердің қызметіне жүгінетінін ескере отырып, бірінші кезекте осы нысандар қатаң бақылауда болатынын айтқым келеді. Жалпы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы басты назарымызда болады", - деді облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Фердоуси Қожабергенов.