Қызылордада қарттар үйіндегі 12 тұрғын өз отбасына қосылған
Өткен жылы Қызылорда қаласындағы қарттар үйінің 12 қызмет алушысы өз отбасына қосылған. Бұл туралы «№1 Қызылорда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Раушан Жәдігерқызы айтты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
«№1 Қызылорда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі алғаш 1968 жылы «Мейірімділік үйі» болып ашылған. Кейін 1992 жылы ондағы қызмет алушылар үшін жаңа үлгідегі 5 қабатты ғимарат салынады. Ел ішінде қарттар үйі аталып кеткен орталық денсаулығының жай-күйі бойынша басқа адамның тұрақты күтіміне және медициналық көмекке мұқтаж зейнеткерлер мен I, II топ мүгедектігі бар адамдардың тұрақты тұруына арналған коммуналдық мемлекеттік мекеме болып табылады. Орталықта халықты әлеуметтік қорғау саласында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарттарын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 29 маусымдағы № 263 бұйрығына сәйкес 7 бағытта арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі.
"Орталықта 180 стационарлық, 100 жартылай стационарлық жағдайда қаралған орын бар. Өткен жылы 203 адам стационарлық жағдайда қызмет алды. Оның 160-сы ер адамдар болса, 43-і әйел кісілер. Оның ішінде 46 І-топ, 28 ІІ-топ мүгедегі және 129 зейнеткер бар. Ал жартылай стационарлық жағдайда 486 адамға қызмет көрсетілді. Оның 147-сі ер, 339-ы әйел кісі. Сондай-ақ 2 мүмкіндігі шектеулі, 484 зейнеткерге қызмет көрсетілді. №1 Қызылорда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында 4 отбасылық жүпғ, 6 тыл ардагері, 6 түрлі ұлт өкілі тұрады. Былтыр 12 қызмет алушымыз өз отбасына қосылды", – дейді орталық басшысы Раушан Ысқақова.
Орталық тұрғындарына 7 бағытта қызмет көрсетіледі. Мәселен, әлеуметтік-медициналық қызмет бойынша күнделікті емдік шаралар жүргізіледі. Стационар жағдайда парафин, массаж, физкабинет, тұзбен емдеу кабинеті, оңалту және емдік дене шынықтыру кабинеттерінде емдік шаралар жасалды. Орталық №3 қалалық ауруханасымен тығыз байланыста жұмыс жасап, жыл сайын ауқымды тексеріліуден (профосмотр) өткізіліп келеді.
Ал әлеуметтік-тұрмыстық қызмет бойынша стандартқа сәйкес қызмет алушыларға 5 шаршы метр орынжай беріліп, бөлмелері заманауи техникалық құрал-жабдықтармен жабдықталған. Күнделікті бөлмелеріне тазалық жұмыстары жүргізіліп, кір киімдері жуылып, қызмет алушыға қайтарылады. Аптасына 1 рет моншаға шомылып, шаштараз қызметі көрсетілуде. Күніне санитарлық-гигиеналық талаптарға сай ыстық тамақпен қамтамасыз етілген.
Үшінші әлеуметтік-психологиялық бағыт бойынша тұлғаның жеке және тұлғааралық өзара әрекет ерекшеліктерін зерттеу мақсатында психологиялық диагностикасы жүргізіледі. Қызмет алушыларға жан жалдың алдын алу және жою үшін тұлғааралық қарым-қатынастарды жақсартуға көмек беру мақсатында психологиялық кеңес беріліп, өзара қолдау топтарында сабақ және психологиялық тренинг өткізіледі. Жүргізілген психологиялық қызметтің нәтижесінде қызмет алушылардың дағдарыс жағдайынан шыға білуге, физикалық, рухани, тұлғалық туындаған проблемаларды өздігінен шешуге және қиындықтарды жеңе білуге, өзіне деген сенімін нығайту үшін қолдануға болатын құралдардың диапазонын кеңейтуге жәрдемдесу қамтамасыз етіледі.