Қызылордалық жас Англияда еңбек етудің ерекшелігі туралы айтты

1 506

Бүгінде ешкімнің «алма піс, аузыма түс» деп қарап отырғысы жоқ. Бәрі қолдан келгенше тырмысып, тұрмыс-тіршілігін тұрлаулы етуде тынымсыз еңбек етуді құп көреді. Әсіресе, шетелге жұмыс істеуге баратындар қатары көбейді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Kyzylorda-news.kz сайтына сілтеме жасап


Көбі «қара жұмыс» десе құлықсыздық танытады. Бірақ мұның өзге елде құнды әрі сұранысқа ие екенін екшемейді. Қарапайым істің қаражатты қамдауға қаншалықты әсер ететіні сізге де қызықты болар?! Бұл туралы Англияда еңбек етіп жүрген жерлесіміз Думан Кеңшіліктен сұрап білдік.


– Тәуекелсіз істің өнбейтіні белгілі. Жалпы «Шетелде жұмыс істеймін» деген шешімге қалай келдіңіз?


– Жақсы өмір сүру үшін жалақы жоғары болуы тиіс. Тапқаның тамақтан артылмайтын болса, қалағаныңа қол жеткізу қиын. Сондықтан табысы басым бастамадан бас тартпай, іске икемделсең игілігін көретінін анық. «Бағындыруға тұрарлық кез келген мақсат тәуекелден тұрады» дейді. Шешім қабылдауда көп ойланбадым. Егер екі қолға бір күрек табылса, еңбегіңе татымды жалақы берілсе, мүмкіндікті неге пайдаланбасқа?! Негізі мұнда көбі қаржылық жағдайын жақсартуға келеді. Елде жүріп жетер-жетпес айлықпен жаңа қонысқа жайғасып, көлік міну үшін жылдап ақша жинау керек. Сол себепті жылдам қаражат жинап, жұмыс істеп, ел көргім келді. Қанша дегенмен өзге мемлекеттің тыныс-тіршілігімен таныс болу да қызық.


– Байқауымызша, шетелде қарапайым еңбек адамының табысы жоғары. Ал елімізде бұған көп көңіл бөліне бермейді. Осы жайында не дейсіз?


– Англияда еңбек бағаланады. Яғни, шетелде қара жұмыс – қаржы көзі. Мәселен, мұндағы жалақы ең төменгі күнкөріспен есептелгенде де біраз ақша. Содан болар көбі сыртта еңбек етуге әуес. Тіпті, дипломы бар мамандар да қара жұмыс істеуде құлықсыздық танытпайды. Тек қазақтар ғана емес, Өзбекістан, Қырғызстан, Тәжікстан, Румыния, Болгария және Польшаның азаматтары да маусымдық жұмысқа қызығып келеді. Адал еңбегіңді байқап, соған сай ақысын беретіні жақсы. Бұл тұрмысты түзетуге де едәуір ықпал етеді.


– Өзіңіз қандай жұмыспен айналысасыз? Құпия болмаса бір күндік табысыңызды айта кетсеңіз…


– Жұмыс істеймін деген адамға өзін сынап көруге болады. Түр-түрі бар, тиісінше айлығы да әрқилы. Тек жалқаулыққа жар бермей, ат терлетіп алыстан келген соң көздеген мақсатыңа жету керек. Елде жүріп төрт жылда табатын ақшаны, шетелде 4-5 ай көлемінде жинауға болады. Бірақ мұндағы шығынды азайтып, үнемдей білген жөн. Егер тапқан табысыңды шашып, жұмсай берсең, ақшаның басы құралмайды. Өзім жүк тасымалымен айналысамын. Бір күнде 10 сағат немесе кей күндері 12 сағат жұмыс істейміз. Табыс мөлшері сағатына шамамен 5000 теңгені құрайды.


– Шетелге баруға ниет білдіргендердің орта жолдан алданып, жұмысқа жегіліп, қайтуға амал таппағанын да біліп-естіп келеміз. Мұндай қауіп құрығына түспес үшін нені ескеру керек?


– Иә, бүгінде құжат дайындап, жұмыс ұсынатын мекеме көбейген. Бірақ оның бәріне бас шұлғып, келісе беруге болмайды. Жеткенше жүзіңе жылы қарап, кейін алдап кететін алаяқтар жоқ емес. Тіпті, барған соң аяғына тұсау салып, қайтармаудың қырық амалын қарастырады. Бұл бүгінгі жаңалықтардан таныс. Әлеуметтік желілерді зерттеу керек. Өйткені түрлі сайттар бар, соның ішінде санаулысы ғана сенімді. Ешкімге ақша беріп қажет емес. Әр адам өзі ізденіп, сауалнама толтырып жұмысқа баруына болады. Бірақ қазір ниет білдірушілер көп болғандықтан процес сәл қиындады. Айтарым, біреуге ақша беріп күтіп отыруға болмайды. Сондай-ақ өзіңе сенімді, іске мығым болу қажет.


– Англияда тұрақтап қаласыз ба әлде елге ораласыз ба? Алға қойған жоспарыңызбен бөліссеңіз…


– Англияда қалу мүмкін емес. Себебі 6 айлық жұмыс визасы «Тиер 5» болғандықтан әрі қарай қалу заңсыз. Келесі жылы елге қайтуым мүмкін. Ендігі жоспар, алдағы мақсатқа тоқталсақ, отбасын құрсам деген ниетім бар. Бәлкім Англияға келіншегіммен бірге келермін. Егер шетелде жұмыс істеу мүмкін болса, қорықпай шығу керек. Алғашында күдік пен үрей болатыны заңдылық. Бірақ қабілетті әрі өзіне сенімді адам бәріне тез бейімделеді.