Толқын тербеткен тау тұлға
А.Тоқмағанбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде «Толқын тербеткен тау тұлға» атты дәстүрлі «Көктем нұры» республикалық оқушылар айтысы өтті. Қала әкімдігі қолдап, мәдениет және спорт бөлімі ұйытқы болған өнер сайысына Әбдіжәміл әлемі арқау болды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Kyzylorda-news.kz сайтына сілтеме жасап.
Республикалық оқушылар айтысына айтыскер ақындар, Мәдениет саласының үздігі Нұрмат Мансұров, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері Зухра Төлепова, «Құрмет» орденінің иегері Мамыр Байдәулетов төрелік етті.
Айтыс ұлттық өнердің нәрі мен сәнін бойына тоғыстырған жас таланттардың басын қосты. Жылы қабақ, тәтті тілек, жарасымды әзіл сөз додасының шырайын кіргізді.
Қалалық мәслихат төрағасы Ибадулла Құттықожаев ақындарға сәттілік тіледі.
"Қазақтың бітім-болмысын биіктеткен айтыс осындай өскелең ұрпақ арқылы мәңгі жасай бермек. «Өлеңге әркімнің де бар таласы» деп ұлы Абай айтқандай, жас дарындардың талабын қолдау қашанда маңызды. Әбдіжәміл Нұрпейісов әдебиеттің көркем келбетін қаламгерлік шеберлікпен өз биігіне жеткізген. Биыл Сыр өңірінде «Руханият жылы» болып жарияланды. Соның аясында «Өнер орталығы», «Жыраулар үйі» ашылып, пайдалануға берілді. Музыка колледжінің жаңа ғимараты бой көтеруде. Бұл – өнер өлкесіндегі айшықты жетістіктердің бір парасы ғана. Еліміздің жеті аймағынан келген жыр жүйріктерінің талабына нұр жаусын!" – деді И.Құттықожаев.
Алғашқы жұп болып алматылық Айбарыс Сауытқан мен сырбойылық Ұлықбек Бектай сөз қағыстырды.
Ел есінде қаларлық айтыс екінші жұптың еншісіне бұйырды. Ақмола облысы Ерейментау ауданының атынан сынға түскен Сәттібек Серікболатұлы мен Қызылорда қаласының намысын қорғаған Салтанат Жаппасбай жұрт күткен айтыстың үдесінен шықты.
Қыз бен жігіт жауаптасуын жасаған бұл жұпқа халық та риза болды, қазылар да қаталдық танытпады.
Одан әрі Батыс Қазақстаннан Бекзат Маратұлы, Шығыс Қазақстаннан Данияр Оралғазы орамды ой, сүбелі сөзімен көпшілік ықыласына бөленді.
Бекзат қарсыласына қарағанда басымдық танытты.
Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданының үкілі үміті Сұлтан Жарқынұлы, Жаңақорған ауданының жас жүйрігі Мұхаммедәлі Абдуллаев, астаналық Берік Әсет пен сырдариялық Нұрахмет Мансұровтың сөз қағысуы көрерменнің көзқуанышы болды.
Айтыс қорытындысы бойынша Бекзат Баян Серік Өтеуов атындағы, Данияр Оралғазы Серік Ыдырысов атындағы, Берік Әсет Махамбетқали Тұрсанов атындағы, Мұхаммедәлі Абдуллаев Бекұзақ Тәңірбергенов атындағы, Нұрахмет Мансұров Кенжебай Жүсіпов атындағы арнайы жүлдеге ие болды.
Жыр бәйгесінің жүлделі үшінші орыны Сұлтан Жарқынұлы мен Ұлықбек Бектайға берілді. Екінші орын алматылық Айбарыс Сауытқанға лайық деп танылды. Бірінші орынды Салтанат Жаппасбай жеңіп алса, бас бәйгемен Ақмола облысының ақыны Сәттібек Серікболатұлы марапатталды.