Оралдағы су тасқынының салдарынан 150 сотталған азамат Қызылордаға эвакуацияланды
Тасқын салдарынан №27 түрмедегі 150 сотталған азамат Қызылорда қаласының №60 түзеу мекемесіне эвакуацияланды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Алдабергенұлы Бозымбаевтың төрағалығымен өткен жедел штаб отырысында Батыс Қазақстан облысындағы су тасқынына қарсы іс-шаралар мәселелері қаралып, Қазгидромет пен Қазсушар мәліметтеріне сәйкес №27 мекеменің орналасқан жері ең қауіпті аймақ болып табылды. Осыған байланысты №27 мекемедегі 150 сотталған Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД №60 мекемесіне эвакуациялау жұмысы Ұлттық Ұланның арнайы вагонымен жүзеге асырылды.
Этаппен келген сотталған азаматтар мекемеге орналасып, оларға эвакуациялаудың уақытша екендігі және су тасқыны жағдайы тұрақты болғаннан кейін келген қаласына қайтарылатыны жөнінде түсіндірме жұмысы өткізілді.