ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ БАЗАРЛАРДЫ НЕГЕ РЕТТЕЙ АЛМАЙ КЕЛЕДІ?
Қызылорда қаласының әкімі Серік Қожаниязов базарлар мен сауда орындарын талапқа сай реттей алмай келеді, - деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.
Осыдан бірнеше ай бұрын қала әкімі Серік Салауатұлы арнайы жиын жасап қала базарларының мәселесін май шаммен қараған болатын. Тіпті тиісті сала жауаптыларына арнайы тапсырма да берілген.
Алайда айтылған әкімнің сөзі мен тапсырмасы сол мәжіліс залынан әрі аспаған секілді. Себебі бүгінде қала тұрғындары базар маңындағы тәртіпсіздік пен санитарлық тазалыққа көңіл толмаушылықтарын жиі жарыса жазуда. Бірақ оны елеп-ескеріп жатқан қала әкімдігі жоқ.
Төтенше жағдай мен полиция, санитариялық-эпидемиологиялық басқармаларының басшылары сауда нысандарындағы ахуал бойынша нақты деректер келтірді. Мысалыға, базар айналасындағы тротуарларда бей-берекет сауда жүргізіп отырған сатушылар көп. Олар келушілердің жүруіне бөгет жасайды. Базардың ішіне кірер жолдағы қар немесе балшық мүлде тазаланбайды. Санитарлық нормалар сақталмайды. Сауда қатарларында қарапайым қағидаттар қарастырылмайды. Бұған дейін аталған жағдайларға байланысты әкімдік тарапынан сауда орындарының иелеріне бірнеше рет ескертпе жасалғанымен, еш нәтиже жоқ екендігіне ерекше назар бөлген болатын.
Өз кезегінде шаһар басшысы ертеңнен бастап арнайы құрылған жұмысшы топқа сауда базарларын аралап, белгіленбеген орындарда сауда жасағандарға түсіндірме жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Енді апта көлеміндегі түсіндірме-ескертпелерді ескермеген, талаптарды орындамаған сауда иелеріне әкімшілік шара көріліп, айыппұлдар салынатындығы аталып өтті.
Алайда айтылған сөз де, көтерілген мәселе де өз дәрежесінде шешімін тапса қанекей?! Баяғы жартас сол жартас күйінде қалғаны қынжылтады. Қала әкімінің тапсырмасын «тыңғылықты» орындайтын шабарман да, оны тыңдап отырған кәсіпкер де байқалмайды...
Қаптаған көлік, кәсіп иелерінің арнайы жерге және де жаяу жүргінші жолының бойына тізбектеле жайылған заттардан аяқ алып жүру мүмкін емес. Ал, оны қадағалап отырған құзырлы орган да, жергілікті биліктің де қарасы көрінбейді.
Ол аздық еткендей «Жаңа базар» маңындағы жолдардың жағдайы көңіл қуантарлықтай емес. Кептелістен көз алмай бір-біріне қатарласқан көліктен бөлек, ойдым-ойдым болған жолдардың жыры бір басқа.
Қала әкімінің әкімдік ғимаратынан шығып, халық көп шоғырланатын жерлермен жүрмегені ме? Әлде бармақ басты көз қыстының кейпін киген қызметкерлер осыншама жауапсыздық танытқаны ма? Базар басындағы бассыздыққа кім жауап береді? Кәсіп иелері жаймаларын жайып, жүргінші жолын жабу әдетін қашан арылады екен?
Сөз соңында Серік Салауатұлының назарына «халық сын айтады, сын айтса да шын айтатынын» есіне салғымыз келеді...