Келіні енесінің атынан жасырын түрде несие алып отырған
Шығыс қазақстан облысында келіні енесінің атынан жасырын түрде заңсыз несие рәсімдеген, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Зайсан полиция бөліміне 67 жастағы әйел алаяқтық фактісі бойынша арызданған. Оның айтуынша, келіні жасырын түрде оның атынан 2,5 миллион теңгеден астам несие рәсімдеген.
Белгілі болғандай, өткен жылы оның келіні телефонына банктік қосымша орнатқан, сол қосымша арқылы енесінің шотына кіруге мүмкіндігі болған. Былтыр желтоқсан айынан осы жылдың қаңтар айына дейін жұмыссыз қалған келіні қосымшаның көмегімен енесінің атына үш несие рәсімдеп, ақшаны өз қажеттіліктеріне жұмсаған.
Жәбірленуші несие төленбегенін сәуір айында білген. Ол әдеттегіден әлдеқайда аз зейнетақы алған. Осылайша несие төлемдері зейнеткердің зейнетақысынан ұстап қалып отырған.
Алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктінің мүлкі тәркіленіп, төрт жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.