Комиссия отырысында әкімдік қызметкері балабақша иесін ұрып жіберген
Түркістан облыстық білім басқармасында өткен комиссия отырысында әкімдік қызметкері балабақша иесіне күш қолданған. Бұл сәттің видеосы отырыстың түсірілімі кезінде түсіп қалған, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Otyrar.kz сайтының мәліметінше, видеоны Түркістан қалалық мәслихат депутаты Сәкен Хандиллаев өзінің Facebook парақшасында жариялаған.
Бұл жайт облыстық білім басқармасында өткен балабақшалар жөніндегі комиссия отырысы кезінде болған. Соққыға жығылдым деген әйел балабақша иесі екен. Отырыс кезінде екеуінің арасында жанжал туындаған. Видеодан әкімдік қызметкерінің балабақша иесіне ашуланып, кейін жұлқылап, қол көтергенін көруге болады.
Балабақша иесі әкімдік қызметкерінің үстіне арызданған. Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, арыз Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-2-бабы 1-тармағы («Ұрып-соғу») бойынша тіркеліп, іс материалдары сотқа жолданған.
Аталған іс Түркістан қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында қаралған. Сот қаулысымен әкімдік қызметкеріне 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды.
Түркістан облыстық әкімдік қызметкері балабақша иесіне күш қолданды деген әйел әкімдіктің ішкі аудит қызметінің бас инспекторы екенін айтты. Аталған оқиғадан кейін қызметкерден түсініктеме алынып, әдеп нормаларын сақтамағаны үшін оған қатаң сөгіс берілді.