Мелекеттен 1,4 миллион қайтарымсыз грант беріледі

1 654

Фото: Yevgeniy Sambulov20 мамырдан бастап 1-лек бойынша жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін Business.enbek.kz порталында гранттар алуға өтінімдер қабылдау басталады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Республика бойынша бірінші лекте 4500 адамға грант беру жоспарлануда. Гранттар қайтарымсыз негізде беріледі, нысаналы мақсаты жаңа бизнесті бастау және дамыту болып табылады.


Грант көлемі 400 АЕК-ті, яғни, 1 476 800 теңгені құрайды. Әр қатысушы оны тек бір рет ала алады.


Грант қаражаты ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге өздерінің бизнес-әлеуетін ашуға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.


Өтінім беру үшін қажет:

  • Порталда тіркелу;
  • Грант алу шарттарына сәйкестігіне тексеруден өту;
  • Бизнес-жоспар үлгісін жүктеп алып, оны толтыру және порталға енгізу;
  • Өтініш нысанын толтыру және ЭЦҚ кілтімен қол қою.

Интернетке немесе компьютерге қолжетімділік болмаған жағдайда, мансап орталықтарының өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында, халыққа қызмет көрсету орталықтарында өтінім беруге болады.


Грант алу үшін бірқатар шарттарды сақтау қажет.


Бұл ретте үміткер төмендегі әлеуметтік санаттардың бірінен болу керек:

  • мүгедектігі бар адамдар;
  • қолданыстағы "кандас" мәртебесі бар адамдар;
  • өңіраралық қоныс аударушылар
  • аз қамтылған отбасы мүшелері;
  • көпбалалы отбасы мүшесі (жұбайы / зайыбы);
  • мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адам (жұбайы / зайыбы);
  • асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар.


Үміткердің "Бастау Бизнес" жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту туралы 3 жылдан аспайтын мерзімге сертификаты болуы тиіс. Рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз ету, адами факторды азайту, өтініш берушілерге ыңғайлы болу үшін гранттар берудің бүкіл процесі электрондық форматқа ауыстырылды. Грант алуға өтінімдерді қабылдау бірыңғай терезе – "Business.enbek.kz" порталы арқылы жүзеге асырылады.


Грантты қажетті құрал-саймандарды, еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтарды, малдарды, жануарларды, құстарды, көшеттерді, бұталарды, тұқымдарды сатып алуға, орын-жайларды жалға алу ақысын төлеуге алуға болады. Гранттар тұтынушылық мақсаттарға, кредиттік қарыздарды өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға, акцизделетін өнімдер өндіруге берілмейді.


Үміткерлер өз бизнес-жобасын комиссия отырыстарында таныстырады. Бұл ретте комиссияның әрбір мүшесі бизнес-жоспарды бағалайды және бағалау парағын мынадай өлшемшарттар бойынша толтырады: бизнес-идеяның бәсекеге қабілеттілігі, өткізу нарықтарының пысықталуы, бизнес-жобаның қаржылық өміршеңдігі, кәсіпкерлік дағдылардың деңгейі, жаңа жұмыс орындарын құру.


Комиссия шешімі үміткердің порталдағы жеке кабинетіне жіберіледі. Комиссияның оң шешімі болған жағдайда үміткер банк деректемелерін ұсынады, шартқа қол қояды және одан әрі тоқсан сайын қаражаттың пайдаланылуы туралы есеп береді. Мұның бәрі Еңбек мобильділігі орталықтары мен оның филиалдарына (мансап орталықтарына) бармай-ақ, электрондық форматта жасалады.