Қызылордада қыз-келіншектерге арналған тегін курс басталды
6 мамырдан бастап қызылордалық қыз-келіншектер «She Commerce» бағдарламасы аясында тегін білім алуда. Бұл туралы Kyzylorda Hub бизнес-инкубаторы мәлімдеді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
«She Commerce» – Қазақстан аумағының барлық өңіріндегі нәзік жандарды ақпараттық технологиясы саласы бойынша оқыту, дағдыларын арттыру, кәсіпкерлікке баулу, түрлі қосымшалар мен маркетплейс әзірлеуге және цифрлық экономиканы үйретуге бағытталған бағдарлама. Тегін курс барысында 18 бен 30 жас аралығындағы жастар қамтылды. Бағдарламаға қатысушы қыздар «Google workplace» бағдарламасы, «Интернет саудадағы NoCode әзірлеу», «Графикалық дизайн» тақырыбында білім алуда.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «She Commerce» курсының нәтижесінде өңірдегі ІТ cекторда жас әрі білікті мамандардың саны артады.
Айта кетейік, кәсіпкерлік дағдыларды дамытуда және білікті мамандар даярлау мақсатында Қызылордада инкубациялық бағдарламалар жиі ұйымдастырылады. Өткен жылы орталықтың бастамасымен «Startup joly» инкубациялық кезеңі екі мәрте ұйымдастырылды. Бағдарламаға қатысқан 46 жобаның арасынан 13 жоба жұмыс істеп жатыр. Оның ішінде 4 жоба «QazInnovations» қаржыландыру бағдарламасына өтінім беруде. Ал жақында «Skills up», «Startup Academy» бағдарламасы өтті.
Жақында бейне ойындарын жасайтын лаборатория ашылады. Оған қосымша жасанды интеллект, бағдарламалау, инжиниринг лабораториялары да қосылады. Менің ойымша біздің ең басты жұмысымыз әрі міндетіміз – жастарды ояту, табысты болуға ынталандырып, Қызылорда аумағындағы мүмкіндіктерді көрсету. Білім көзін беріп, әрі қарай табысты маман, кәсіпкер болуға мүмкіндік жасау. Жастар арасында Қызылордадағы мүмкіндіктер мен перспективаларға сенім жоқ, біз сол сенімді оятуға жұмыс істейміз.
Сәтті стартаптар көбіне білімді жастармен бірге жасалады. Расымен де, стартапты бастау үшін мықты интеллект қажет. Сол себепті білім беру ұйымдарымен тығыз жұмыс істейміз. Стартаптар әлемінде аутсайдерлерге орын жоқ. Бұл нағыз бәсекелестіктің мекені, сол себепті барлық күшімізді бәсекелестікке менталды тұрғыда төзе алатын жастарды тартуға жұмсаймыз. Сыр елі мықты жастарға толы, тек олардың зейінін ашу керек. Алайда жастардың басым бөлігі арзан әрі тез дүниеге құмар, ойын күлкіге жақын болып барады. Ал стартап жасау – бірінші кезекте ауыр еңбек және тоқтаусыз білім алу", – деді Ж.Тубекбаев.
Мамандардың айтуынша, ақпараттық технологиялар саласында қыз-келіншектердің рөлі артуда. Халықаралық деңгейде ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы әйел кісілердің арнайы мерекесі бекітілген. Биыл мереке қарсаңында өңірде АКТ саласында қызмет атқаратын нәзік жандарға арнап салтанатты жиын ұйымдастырылды.
«Анаға тағзым» орталығының базасында аймақтың ақпарттық-коммуникациялық технологиялар саласында елеулі еңбек етіп жүрген қыз-келіншектерге құрмет көрсетілді. Мерекелік жиын облыс әкімі аппаратының цифрлық технологиялар бөлімінің басшысы Сәбит Ибадулланың құттықтауымен басталды. «Астана хаб» халықаралық технопаркінің өкілдері Zoom платформасы арқылы байланысқа шықты. IT саласындағы қызылордалық қыз-келіншектердің үлесі мен жетістіктеріне тоқталды. Сонымен қатар жобалар мен бағдарламалар туралы айтылды.