Ер азаматқа ептілік тән

1 527

Фото: Жаңақорған тынысыҚазіргі қоғамда көп талқыға түспейтін, бірақ ел арасында етек алып бара жатқан көлеңкелі құбылыс – ер-азаматтардың еңсесі бүгіліп, ез мінезді болып бара жатқандығы. Тоқ етерін айтқанда, бір жыныстылыққа жүгінген жүгенсіздік қала тұрмақ ауылдарды жайлап барады. Бұл ауытқу синдромы немесе психологиялық дерт турасында кәсіби мамандардың пікірін біліп, дін өкілдерімен де ой бөлістік, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Kyzylorda-news.kz сайтына сілтеме жасап.


Ел болып, игi дәстүрiмiздi жаңғыртуға мүмкiндiк алып, көшімізді түзедік пе деген шақта Батыстың былыққан мәдениетiне «жерiк» болған жастар көбейгені жан ауыртады. Тiптi орта жастағы ақыл тоқтатқан азаматтардың кейбiрi айтуға ауыз бармайтын ұятсыз әрекеттердi шiмiрiкпестен жасайтынды шығарды. Бес күн жалғанды жанын қалағанын жасаумен өткізіп, білгенін істеуге бейiл батыстық өмiр салтына қызығушылар күннен-күнге небiр кәззап қылықтардың түр-түріне тереңдеп барады.


Әу бастан әдепсіздігімен, тағылығымен талайды жирендірген, менмен менталитетке қызығудың түбі мәдени жұтауға соқтырмақ. Батыстың бейәдеп еркіндігіне әуес еуроцентристік ниеттегі қоғам атаулы азғындық моральді ту етіп көтеруде. Бір жынысты махаббатты заңдастырып, неке қиюға рұқсат берген Ұлыбритания, Нидерланды секілді елдерден «тәрбие», «үлгі» алуға әуес қазақ елінде де сондай құбылыстар соңғы кездері көптеп көрініс бере бастады. Енді мамандардан кеңес алып көрейік, әуелі психологтармен кеңестік. Білікті мамандар аталмыш аурудың жастардың бойында кездесуі жүйкедегі ауытқушылықтан болуы мүмкін дейді. Ал екіншісінде туа бітті қалыптасқан, үшіншісінде, қоғам мен қоршаған ортаның ықпалынан деген тұжырым айтылуда.


"Бұл негізінен психологиялық ауытқу да болуы мүмкін. Өйткені, адам өмірден түңіліп немесе өмір ләззатын, жан тыныштығын іздегенде осындай әрекеттерге жиі барады. Ол бала бойында қанмен де, ер жете келе де байқалады. Шыны керек, ондай жігіттерді қоғам жөнге келтіре алады. Тентекті де түзеген қазақ қоғамы ондай жастарды да жай бастырып қоймайды. Тек заң әлсіз болып тұр", – дейді Бекболат психолог.


Дәрігерлер соңғы 2-3 жылда жынысын ауыстыруға қызығатындар көбейгенін мойындайды. Осы тұрғыда кеңес сұрап келетіндер көбейген. Маманның айтуынша, егер ер балада эстероген гармоны көбейсе, олар гендерлік өзгеріске ұшырайды. Ал, мұны дәрігер емдеуге болады дейді. Ол үшін жетіліп келе жатқан жеткіншектің қылығына атаана зер салып отыруға кеңес береді. Дәрігер-андролог Ернұр Исабекұлы:


Жынысын ауыстырғысы келетін жігіттер бет-жүзін көрсетпесе де ватсап арқылы байланысқа шығып жататынын жасырмаймын. Кім болсын, бойында қандай да бір өзгерістер болса, тезірек емделген дұрыс. Психологтардың пайымынша, ер азаматтардың бұл жолға түсуіне әйелдердің өзіне тым сенімділігі де себеп. Бұған сарапшылар да қосылады. Олардың саралауынша, отбасында анасы, баласының көзінше әкесін жоғары бағалап, құрмет көрсеткені абзал. Сонда ғана ер бала әкеге еліктейді. Оған қоса, әйелдердің үйдегі және тыстағы бар жауапкершілікті өзіне алуы да бала тәрбиесі үшін өте үлкен қателік дейді.


Тарихты парақтайтын болсақ, қызтекелер мен еркекшора әйелдер бұрыннан-ақ бар болған деседі. Алайда ХХ ғасырға дейін діни заңдар мен өкілдер оларды шеттетіп, іс-әрекеттерін хайуандыққа теңеп, асып өлтіруге дейін барған. Жиырмасыншы ғасырдан кейін олардың генетикасымен ғалымдар айналыса бастайды. Ең алғаш оларды жақтап, олардың теңдігі үшін күрес Карл Генрих Улриктің кітаптарында кездеседі. Замандастары бұл жайлы сөз қозғап және кітап шығарған Карлды басында психологиялық ауытқуы бар деп ойлаған. Бірақ 1973 жылы американдық психиатрлар кеңесі мұндай адамдарды дені сау деген шешім қабылдайды. Ал физиолог ғалымдардың айтуынша, бұл – адам бойындағы физиологиялық ауытқу. Ол ананың құрсағында жатқанда гормондардың ауытқуынан пайда болуы мүмкін деседі.


Рухани дағдарысқа ұшырап, бабалар аманатын сақтай алмай, ұлт құндылығынан ажырамауымыздың себебі неде? Отыз жыл бойы жемқорлық, жағымпаздық жайлаған, ұлттық рухтан жұрдай болған қоғамның жарасын қазір жасыру мүмкін болмай тұр. Телеарналар талай жыл жастардың санасын ұятсыз токшоулармен улап, сайқымазақ шоумендерді, фонограмма жұлдыздарын дәріптеп, тәрбиелік мәні жоқ, бағдарламаларымен рейтинг, жұлдыз қуып кетсе, бұл кесел асқынбай қайтсін?!


Енді асыл дінімізде не дейді? Осыны зерделеп көрейік. Ержан Сейітжаппаров ұстазбен байланысып көрдік.


"Кейбір тойларда қызық болсын деп еркекке қыздың киімін кигізіп билетеді. Ойын үшін, әзіл үшін болса да ер адам зәруліксіз әйелдің киімін кимеу керек. Пайғамбарымыз еркекше киініп, беліне қылыш таққан әйелді көргенде «Өзін еркектерге ұқсатқан әйелдерге және әйелдерге ұқсатқан еркектерге Аллаһ лағнет етсін!» деген. (Табарани) Расулуллаһ аләйһиссаләм аяқ-қолдарына қына жағып әйелдерге ұқсауға тырысқан біреуді сүргінге жіберген. Хадис шәриф келсек: «Ата-анасына қарсы болған, еркектерге ұқсауға тырысқан әйел және бұған рұқсат берген күйеуі жәннатқа кірмейді.» (Нәсаи)


Еркектің әйелдер сияқты шашты ұзын қылып өсіріп, айылбас, алқа, білезік және сырға тағуы, бұлардың барлығы әйелдерге ұқсау болып табылады, "Әйелдің және еркектің шаш үлгісінде, киінуде қарсы жынысқа ұқсауға тырысуы харам болып табылады." (С.Әбәдийа), – деген ол сөзін былай жалғады:


Әрине, ақырет үшін ауыр күнәлардың төрінде тұратын арам істер аз емес. Дегенмен дінтанушылар қай істе де кешірім бар, тек Жаратқаннан шын жалбарынып, істеген күнәсі үшін кешірім сұраса, барлығы Алла тағаланың қолында дейді.


Сүйікті пайғамбарымыз былай деген: «Еркекке ұқсауға тырысқан әйел, әйелге ұқсауға тырысқан еркек бізден емес.» (И.Ахмед) Әйелдерге ұқсау ниеті болмаса да, еркектің мойнына алқа, қолына білезік және құлағына сырға тағуы әйелдерге ұқсау болып табылады. Осы жерде Құран Кәрімде лағынеті Ібілістің Аллаға берген антын оқып көрейік: «Ант етемін! Оларды тура жолдан тайдырамын, және оларды қол жетпес нәрсеге ұмтылдырып, жеткізбейтін желік үмітпен алдаймын. Сондай-ақ, олар менің бұйыруыммен малдардың құлағына кесіп ен салатын әрі Алланың жаратқанын өзгертетін болады». Мінекей, қарап отырсақ, адамдардың өздерін өзгертуі лағынеті Шайтанның соңынан еруі болып табылады екен. Алла сақтасын біз дүниеде кімге ерсек, ақыретте сонымен бірге болмаймыз ба? Әлгі аяттың соңында Алла Тағала былай деп айтады екен: «Ендеше, кімде-кім Алланың орнына шайтанды дос тұтса, анық зиянға ұшырағаны».


– Бұл қасиет қазақтың қанында сіңіп бара жатқан жоқ па?
– Соңғы жылдары осы мәселе әлеуметтік желіде желдей есіп жүр. Қаракөз қыздардың ерге ұқсағысы келетіні, жігіттердің ару болғысы келетіні көбейді. Оны жасыру мүмкін емес, дегенмен, дерттің алдын алу аса маңызды. Қазақтың қанындағы қадыр-қасиетті, ұлттық болмыс-бітімді бұзып бара жатқан батыстың әдепсіз мәдениеті. Тарихтың беттерінде мұндай сорақылық болмаған. Қоғам болып жұмылып, бұл індеттен алыстауға болады. Біз арақ, темекі және өзге де күнәлармен алысып келеміз. Олар туралы айтып, жастардың имандылыққа бет бұруына насихат жасап жүрміз. Енді осы бір бәлекеттен бойды аулақ ұстауға күш, ілім-білімді жұмылдыруға тиіспіз.


Елдің абыройын асқақтатып жүрген азаматтар аз емес. Алайда қазақтың жігіттеріне байланысты жағымсыз әңгімелер көбейіп кетті. Бірі «Ерлер ұсақталып барады» дегенді құптаса, тағы бірі «ер» дегеніміз кім? – деген сауалды алға тартады.

Қазақта «Жігіттің сұңқары», «Жігіттің сұлтаны», «Жігіттің қыраны», деп мақтап қолпаштайтын. Бұл – бұрын әрине. Ал, бүгінде «Ер» дегеніміз кім? Оның болмыс-бітімі қандай? Міне, осыған аз-кем тоқталсақ.


Жастардың отан алдындағы борышын өтеуге селқос қарайты­нын сөз етсек. Жасыратыны жоқ, бүгінгінің кейбір жігіттері әскерге бару­ға ниет таныта бермейді. Тек әкімшілік өкілі үйі­не бірнеше рет ескерту қағазын алып барғаннан кейін әскери комиссариатқа барады. Түр­лі сылтаулар іздеп, әскерден жал­тарғысы келеді.

Мұндай жағдайды жақында екі жігіттің арасындағы әңгімеден естідім.


– Сен күзгі шақырту алдың ба?

– Иә.

– Не болды?

– Оқушы кезімде аттан құлап аяғымды сындырып алған бола­тынмын. Соны алға тартып, көктемгі шақырылымға қалдым.

– А-а. Дұрыс екен.

Міне, елін қорғауға жарайтын екі апталдай азаматтың екеуара әңгімесі. Мұны бір деңіз...


Екіншіден, туған баласынан бас тартып жатқандар қаншама. Біле білсе, қазақ жетімін жылатпаған ел-тұғын. Қазір әкесі бар «тірі жетімдер» көбейді. Тіптен, кіндігінен шыққан ұрпағына «алимент» төлемей­тіндер тым көп.


Үшіншіден, жалқау жігіттер аз емес. «Екі қолға бір күрек табылса» іс қылайын деудің орнына аспаннан ақша келетіндей ай қарап отыратын аяқ-қолы балғадай, тепсе темір үзетін жігіттерді көз көріп жүр. Бұл жайлы қоғамда түрлі пікір бар. Бірі жастарды кінәласа, бірі бар жауапкершілікті атқарушы билікке ысыра салады. Дегенмен ондай жастар нарыққа бейімделіп, жұмыс істеп жатқандардан үлгі алғысы келмейді.


Мұны қойшы, қазір қойды соя алмайтын жігіттер де жоқ емес. Ен­ді ондай «батырларға» не айтуға болады? Ал қыздармен қосылып өсек соғатын ерлер жайлы үндемей-ақ қояйық. Біздің мақсат жігіттерді кемсініп, олардың намысына тию емес. Олардың әрбірі «Қазақ жігіті» деген атқа сөзі де, ісі де лайық болса деген ниет қана...


Осы ретте айта кетейін, өткен жазда ағамның үйіне жол түсті. Нағыз құрылыстың қайнаған уақыты. Үй ауласына кірсем ағам тірліктің бел ортасында жүр екен. Қасында жоғары сыныпта оқитын ұлы және жанында бірнеше жас жігіт бар. Оларды тани алмадым. Біреуінің қолында шеге, екіншісінде балға, енді біреуі арамен ағаш кесіп жатыр. Қырықтың қырқасына шыққан ағамыз:


– Дұрыс қақ, бір шеге қаға алмайсың ба, сендерді де азамат, дейді-ау, – деді.

Ағамның жанына жақындап:

– Тыныштық па, қатқыл даусыңыз алыстан естіліп жатыр, – дедім.

– Біз осындай кезімізде шеге емес, жерге қазық қағып, бір үйдің іргесін қалайтынбыз. Қазір заман өзгерді ме, адам өзгерді ме, әлжуаз жігіттер көбейіп бара жатыр, – деді ашына. Шынында, ол кісінің айтқаны өте дұрыс. Мен де осыдан бірнеше жыл бұрын, тіпті қазірде егде тартқан аға буыннан, «біз сендердей кезімізде не істемедік» деген сөзді жиі естимін. Иә, ол кісілер заманында нардай күшімен нағыз қара жұмыстың шаңын қаққаны рас. Бұл істің кейінгі ұрпаққа үлгі екенін білеміз. Ағамның әлгі сөзінен кейін жетпістің жотасына шыққан атамның мына әңгімесі ойға келді.

«Осыдан қырық жылдан астам уақыт бұрын қарашаңырақты жал­ғыз өзім тұрғыздым. Әрине, оңай болмады. Қаратаудың етегіне барып «Зил» жүк көлігімен таудың тасын бұзып, демалыс күнде­рі таситынмын. Ал жұмыс күндері таңалакеуімнен тұрып, жұмыс уақытына дейін кесек құятын едім. Осылай бір жылда үйдің қабырғасын көтеріп қойсам, келер жылы сол үйде қоныс тойын тойладық. Мұның бәрі бейнеттің арқасы». Қарап отырсаң мұның бәрі қисапсыз маңдай тердің, қайрат-күштің жемісі ғой.


Ал бүгінгінің жастары қандай? Әлеуметтік желіге телмірген бала­лардан болашақта не күтеміз? Қазір олардың көбі аурушаң, әлсіз әрі жұмысқа епсіз болып келеді. Бұл – ойландырар мәселе.


Көк сандықтың арғы жағындағы «бала баға алады, балға ұстай алмайды» деген сөздің түпкі төркінін жиі аңғарып жүрміз. Бір шеге қа­ға алмайтындар, үйдегі құрылғысы бұзылса сантехник шақыртатын, не даланың, не қаланың шаруасына қыры жоқ ақсаусақ жігіттер көбейгені елді алаңдатады. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Бірақ айтпасқа тағы болмайды. Бұл – қоғамдағы өткір мәселе. Келешекте мал сою, бас-сирақ үйіту, ет бұзу ақысы қымбат жеке кәсіпке айналатын түрі бар. Бұрын екінің бірі білетін осы іске қазір көбіне тек орта жастағы кісілер жауапты болып қалған секілді. Бұл жігіттер бойынан күш-қуат кетті дегенді білдірмейді. Ептілік пен ниет жоқ деген сөз. Тәуелсіз елдің дамуына сүбелі үлес қосып, жарқын бола­шаққа бастар дара жолды салу үшін балажан ата-ана баласын қара жұмыспен шыңдап, еңбекке баулыса игі.


Иә, дін өкілінің сөзінің жаны бар. Барлығы кеш болмай тұрғанда осы бір мінезден аулақ болуымыз керек. Жай қарап отырсақ ұрпақ тәрбиесі қолдан шығып барады. Өйткені, қазір әлеуметтік желіде арнайы сайттар толып жүр. Қалғанына ауыз бармайды, біз айтқанмен қоғам түзеліп кетпес, дегенмен, жастарға ой салсақ игі...




Мақпал Пәтенова