Қазақстандықтар етке қанша ақша жұмсайды?
Ел азаматтарының азық-түлікке жұмсайтын барлық шығынының үштен бірі ет және ет өнімдеріне кетеді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі finprom.kz порталына сілтеме жасап.
Осы жылдың үшінші тоқсанында қазақстандықтардың азық-түлік пен алкогольсіз сусындарға жұмсаған шығыстары жан басына шаққанда орта есеппен 135,2 мың теңге болды. Бұл былтырғыға қарағанда 6,7%-ға артық (126,6 мың теңге).
Алматы тұрғындары азық-түлікке ең көп шығындалған: жан басына шаққанда 186,7 мың теңге. Одан кейінгі орындарда Астана (160,4 мың теңге) және Шығыс Қазақстан облысы (150,6 мың теңге) орналасқан.
Ең аз шығыстар Қызылорда облысында тіркелді: 104,6 мың теңге. Үштікте Түркістан облысы мен Шымкент қаласы да бар.
Қазақстандықтардың азық-түлікке кететін барлық шығынының үштен бірі (32,9%) ет және ет өнімдеріне жұмсалды. Атап айтқанда, бір адамға әр тоқсанда шамамен 44,4 мың теңге.
Танымал өнімдердің қатарында нан мен жарма, сүт өнімдер, жеміс-жидек, қант пен тәттілер бар.
Ел азаматтары көкөністерге орта есеппен жан басына шаққанда 9,5 мың теңге, майға – 7 мың теңге, балық пен теңіз өнімдеріне – 5,7 мың теңге, жұмыртқаға 2,9 мың теңге жұмсаған.